BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қаллеки театры Шекспирдің «Отеллосын» сахналайды

Бүгін Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры «Отелло» трагедиясының жабық көрсетілімін қойды. Қойылым премьерасы 11 сәуріде «Бейбітшілік және келісім сарайында» өтеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Ағылшын ақыны, драматург Уильям Шекспирдің «Отелло» трагедиясы Қаллеки театрында сахналанды. Қойылымның режиссері – Қазақстанның халық артисі, профессор Талғат Теменов, басты рөлдерде Отелло – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қуандық Қыстықбаев, Дездемона – Ақмарал Танабаева, Яго – Нүркен Өтеуілов сомдады.

Театр директоры Айболат Сексенбаевтың сөзінше «Отелло» шығармасы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойына әдейі арнап қойылған.

«Шекспирдің «Отелло» трагедиясы оның шоқтығы биік шығармалардың бірі. Сондықтан да театр репертуарында болуы керек қойылымның бірі деп ойлаймыз. Себебі қазіргі заманмен де үндесіп жатқаны біздің ұжымды толқытты. Спектакльдегі негізгі ой адамның ішінде жатқан қызғаныш сезімдерінің басымдық алуына байланысты қазіргі заманда ажырасатын жас отбасылардың көптігін көрсетеді», - деді ол.

Айболат Сексенбаев бұл қойылымды дайындауға 4 айға жуық уақыт кеткенін айта кетті.

«Қомақты дүниені сахнаға шығару үшін де үлкен еңбек керек. Актерлердің, режиссердің ізденісіне, суретшісі Қанат Мақсұтовтың ішкі ойларының тууы, киім суретшісі Шынар Елембаеваның еңбегі зор. Жақсы бір дүниенің шығуы уақытпен өлшенбейтінін айтып жатырмыз ғой. Сондықтан да сапалы дүниені көрерменге ұсыну басты мақсатымыз болды. Сол деңгейімізге жеттік деп ойлаймыз», - деді театр директоры.

Оның айтуынша, «Отелло» шығармасын алғаш болып қазақ театры сахнасында Шәкен Аймановтар ойнаған. Ол шығарманы қазақ даласына, қазақ театры өнерімен бірге келген шығарма деп есептейді. Одан кейін Мұхтар Әуезов театрында осыдан 4-5 жыл бұрын сахналанып, репертуардан шығып қалған.

«Премьерада бірінші құрам ойнайды. Одан кейін екінші құрамның ойынын көрсеңіздер болады. Екі құрамды да мықты актерлеріміз сомдап жатыр. Жалпы қазақ театры өнеріне Шекспирдің қажеттілігі қазір де бар, болашақта да бола беретіні анық. Өзіміз бүркеніп, өз қазанымызда қайнауға ешқандай да құқығымыз жоқ. Себебі мұндай классикалық шығармалар ол актрелердің өсуіне, ашылуына үлкен мүмкіндік береді», - деді ол.

Айта кетсек, 11 сәуір күні «Бейбітшілік және келісім сарайында» Шекспирдің «Отелло» трагедиясының премьерасы өтеді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер