BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Қаллеки» театры ХХVI жаңа маусымын «Абай» трагедиясымен ашады

Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театры 5 қазан күні ХХVI жаңа маусымның шымылдығын М.Әуезовтің «Абай» трагедиясымен ашады, деп хабарлайды Baq.kz.

Туындының қоюшы режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Әлімбек Оразбеков. Қалибек Қуанышбаев шығармашылығындағы шоқтығы биік рөл дәл осы Абай рөлі екені даусыз. Сондықтан болар, қойылымды сахналау аталған өнер ұжымына үлкен жауапкершілік жүктейді. Спектакльде қос Абайдың бейнесін көре аласыздар. Аға Абай бейнесін – ҚР Халық әртісі Тілектес Мейрамов сомдаса, жас Абайды – ҚР еңбек сіңірген қайраткері Нүркен Өтеуілов ойнайды.

Театр ұжымы 25 мауысым күні Мәскеуде өткен XIII Халықаралық «Золотой Витязь» театр форумына «Тыраулап ұшқан тырналар» лирикалық драмасымен қатысып, Гран-при иегері атанды. Сондай-ақ, қойылым барысында өз өнерлерін ортаға салған Қазақстанның Халық әртісі Тілектес Мейрамов – полковник Лукьянов, актер Әбілмансұр Серіков – Пернебек Боранбаев, актриса Ақмарал Танабаева – Инга рөлдері үшін «Золотой Витязьдің» алтын дипломанттары атанған еді.

Сол сияқты Ақтөбе қаласында өткен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырған ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан драма театрларының XXIV республикалық фестивалінен Қаллеки театрының «ШИЕ» комедиясы «Үздік спектакль» номинация иегері атанды.

Қараша айында театр ұжымы Тәуелсіздіктің 25 жылдығына және Қаллеки театрының 25 жылдығына арналған Республикалық театрлар фестивалін өткізуді жоспарлап отыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
24 Қазан 2018, 09:37
Жаңа күнім - жаңа бағым
Пікірлер