BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Қабдоловтың қағидасы

Астана. 8 желтоқсан. BAQ.kz Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті жазушы, ғибратты ғалым, ұлағатты ұстаз - Ұлттық Ғылым академиясының академигі, Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Зейнолла Қабдоловтың туғанына 85 жыл толуына орайластырылған «V Қабдолов оқулары» атты халықаралық ғылыми теориялық конференция өтті. 

Келелі басқосуды университет рек­торы Ғалымқайыр Мұтанов сөз сөйлеп ашқан соң, З.Қабдоловтың өмірі мен шы­ғар­машылығына арналған деректі фильм көрсетілді.
Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұловтың құттықтауын М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институ­тының директоры, филология ғылым­дарының докторы Уәлихан Қалижан жет­кізіп, академик Қабдоловтың артында қал­ған асыл жары, педагог Сәуле Қаб­долова апайдың иығына қазақы салтпен камзол жапты. «Бес жыл Сәуле апайдан дәріс алсам, бес жыл профессор, академик Зейнолла Қабдоловтан білім алдым. Қал­ған өмірімде де осы бір шаңы­рағы ұйыған, қос аққудай жарасқан па­расатты жан­дар­дың мейірім шуағына бөлендім» деген Уә­лихан Қалижан «Менің Қабдоловым» атты келелі баяндама жасады.
Қазақстанның Халық жазушысы Әбді­жамил Нұрпейісов:
- Зейнолла менен үш жастай кіші бол­са да, мен оған еркелейтінмін. Үйіне бар­сам, бала сияқты болып кететінмін. Есіктері ашық тұрады, ар жақтан күбір­лескен дауыстары естіледі, мен білдірмей кіріп, алдымен бүйірдегі асханасына соғып, сүт болса, қаймағын сыпырып жеп, содан кейін түк болмағандай барып амандасатынмын. Қазір менің қатарым­нан ешкім қалмады. Қартайған адамға жалғыздық қиын екен. Егер Зейнолла тірі болса, мен дәл бұлайша жалғызсырамас едім, - деп Зейнолладай аяулы досы жө­нінде тебірене сыр шертті:
Ұлттық ғылым академиясының ака­демигі Серік Қирабаев:
- Зейнолла біздің ұрпақтың есімі елі­не кең тараған, ең қадір тұтар өкілі болды. Оны біз де білетінбіз, сыйлайтынбыз. Өзі­міз жиналып қалғанда, төр ұсынар қа­сиеттіміз де, дуалы ауыз шешеніміз де сол болатын. Мүсілім Базарбаев, Зәки Ахме­тов, Рахманқұл Бердібаев, Нығмет Ғаб­дул­лин, Мұқаш Сәрсекеев, Тұрсынбек Кә­кішев, Аманжол Шәмкенов - бәріміз бір жылдың төлі едік. Жылдың басына та­ман туғандықтан бәрі мені «төлбасы», «Се­ріаға» атандырды. Соны алдымен айт­қан Зейнолла еді. Ол осыны айтып, төрге сүйрегенде, «Зеке, әр нәрсенің жарасым­ды­лығы болады. Сен төрді толтырып оты­расың. Сенің кісілік келбетің, пара­сатың басқаға ұқсамайды. Бәріміз сені қор­шай отырайық. Сен төрге отыр», - дей­тінмін. Ол көнетін. Сол төрімізді толтырып отырған асылымыз мезгілсіз ауыр науқасқа ұшырап, ұзақ жатып қай­тыс болғанда, ортамыз опырайып қалғаны есімізде. Оны ел болып жоқтады. Елбасы көңіл айтты. Ол кісі Зейнолланы ерекше сый­лайтын еді. Оның дарындылығын, айт­қыштығын бағалады. Астана Ақмолаға көшкенде бүкіл аға ұрпақтың атынан Президент көшіне батасын беріп, ағалық тілеу тілеген Зекең болғаны - бәрімізге мақ­таныш. Айтқаны келіп, тілегі қабыл бо­лып, Ақмола салтанатты Астанаға ай­налды, - деп Қабдоловтай құрдасын қи­май еске алды.
Ұлағатты ұстаз жайында жақында жарық көрген «Бүтін бітім» атты кітапты құрастырушылардың атынан филология ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атын­дағы Еуразия Ұлттық университетінің доценті Мұратбек Тоқтағазин ұлағатты ұстазы жөнінде тұщымды естелік айтты. Сәу­ле Қабдолова апай өмірлік серігі бол­ған талғампаз таланттың асыл қасиеттерін еске алды.
«V Қабдолов оқулары» «З.Қабдолов жә­не қазақ әдебиетінің тарихын зерт­теу­дің өзекті мәселелері» және «З.Қабдолов және әдеби-эстетикалық кеңістік» атты сек­цияларда жалғасын тапты.

Төреғали ТӘШЕНОВ  


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
12 Желтоқсан 2017, 15:42
Миллионердің 7 қағидасы
01 Шілде 2016, 13:40
Бір терезе қағидасы
Пікірлер