Голливудтық режиссер Чак Рассел өзінің жаңа фильмінің түсіріліміне Қазақстанды таңдады - Өнер|07 Тамыз 2012, 12:04
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Голливудтық режиссер Чак Рассел өзінің жаңа фильмінің түсіріліміне Қазақстанды таңдады

«Кошмар на улице вязов – 3», «Маска» және «Стиратель» фильмдерімен танымал америкалық режиссер Чак Рассел өзінің «Араб түндері» деп аталатын жаңа фильмінің бір бөлігін Қазақстанда түсірмекші. Киножобаға әйгілі ағылшын актері Энтони Хопкинс түсетіні белгілі болып отыр.

«Новости-Казахстан» ақпарат агенттігі хабарлағандай, режиссер түсірілім орнын таңдау үшін Қазақстанда болып та үлгерді. «Қазақстанда кино түсіру өте ыңғайлы: мұндағы табиғат көрінісі ғажап, халқы қонақжай, мәдени дәстүрге бай, музыкалық және хореографиялық дүниелерін Батысқа ұялмай көрсеткің келеді, кинобизнес саласындағы әріптестер бірлесе жұмыс істеуге дайын. Онда бәрі бар! Ол жерде кино түсіру үшін маған тіс щеткасы мен камерадан басқа ештеңе керек емес», - деді Чак Рассел. Оның ойынша, үнемдеуден басқа, Қазақстандағы түсірілімдер «Араб түндеріне» интернационалдық сипат береді. Ол сондай-ақ фильм түсіріліміне жергілікті актерлер мен композиторларды тартуға болатынын айтты. «Бұл – үлкен халықаралық жоба. Фильмге тек қана голливудтық актерлер түседі деп айта алмаймын. Менің жаңа тұлғаларды танытқым келеді. Және мен қазақ композиторының америкалық сазгермен бірлесе жұмыс істегенін қалаймын. Бұл дәстүрлі батыстық киномузыканы Қазақстанның ұлттық дәстүрлі әуендерімен біріктіруге мүмкіндік береді», - деп атап өтті режиссер.
Расселдің сөзіне қарағанда, «Мың бір түн» ертегісінің желісі бойынша түсірілетін «Араб түндері» картинасы сондай-ақ Қытай мен Гавай аралдарында да түсірілмек. 

1 tv.kz


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер