BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Гаухар ӘЛІМБЕКОВА: Бақыт Жұматовадан менің кімге шығатынымды біліп беріңдерші», – деп айтқалы отырмын

- Гауһар, сахнадан да, ақпарат құралдарынан да көрінбей кеттіңіз ғой, қайда жүргеніңізден хабардар етесіз бе?

– Теледидардан жылтыңдап көріне бергенді ұнатпаймын. Кейде тәуліктің қай мезгілінде ашып қалсаң да, мейлі екі аптадан соң, тіпті екі айдан кейін қарасаң да, теледидардан тек 3-4 әншінің ғана сөйлеп жатқанын көресің. Мен де ел ішін көп аралайтын әншілердің бірімін. Халықтың да пікірі «солардан басқа адам жоқ па өзі?» дегенге сайып жатады. Сол көзқарастардың бәрін саралай келе: «абыройсыздыққа ұрынып жып-жып етіп шыға бермейін, шықсам, ауыз толтырып айтатын жаңалығым болса ғана шығайын», – деген ойға келдім. Шақырса болды, жүгіріп баратын немесе: «көптен бері шақырмай кеттіңдер ғой», – деп өзі хабарласып, сұранып эфирге шығатын әншілерді де білемін. Бұл дұрыс емес. Ел бізді қалай құрметтесе, олардың патша көңіліне біз де сондай құрметпен қарауымыз керек. 
– Сонда тоқырауға ұрынып, тыңдарманыңызға ұсынатын жаңалығыңыз болмай тұр ма?  
– Жо-жоқ, керісінше, жаңа әндерім көп, шығып жатыр. Ескі әндерім де орындалып жүр. Тек жаңа әндерім орындалатын лайықты арнайы бағдарламалар болмай жатыр әзірге. Халыққа жаңа жазылған әндерімді сыйға тартайын, жаңалығымды көрсетейін деп концерт жасамақшы болып жүргенде, Республика сарайы жабылды, одан жөндеу болды. Қайта ашылған соң әншілердің бәрі: «бұл не деген сұмдық, сарайды қалтамыз көтере алмайтындай қымбаттатып жіберіпті», – деп шуласты. Ол жерде бір рет концерт берудің бағасын білген соң, әлі бірталай жыл жұмыс істеу қажеттігін бағамдадым. Алайда облыс-аудандарды аралап концерт беруді тоқтатқан жоқпын. Құдайға шүкір, ел алдында есеп беретіндей жаңа әндерім жетерлік. 
– Қазір тойдың науқаны қызып тұр, «Ақ келін» де сізді үйде отырғызбайтын болар?
– Әрине, жұрттың қызықшылығынан қалмауға тырысамын. «Ақ келін» мен «Келінге өсиеттен» өзге де әндерімді де жылы қабылдап, жібермей ән айтқызатын  тыңдарманыма разымын. «Ақ келінім» жарыққа шыққалы мені асырап келеді, әлі де асырай береді деп ойлаймын. Соңғы клиптерімнің барлығын «Ақ келінімнің» арқасында түсірдім. Кейде таңғаламын, менің «Ақ келініме» дейін қыз ұзатуға байланысты әндер жоқтың қасы, тіпті мүлде жоқ еді, ал қазір бұл тақырыптағы әндер жарыса жазылып, бірінен соң бірі орындалып  жатыр, сонда бұлардың бәрі бұрын қайда жүрген? Мейлі, той секілді әннің де көп болғаны жақсы ғой, бірақ «Ақ келіннің» өзім үшін де, жұрт үшін де орны алабөтен ән екенін білемін. «Ақ келін» – ескірмейтін ән. Оның өлмейтін, өміршең ән екендігін жұрттың ықыласынан сезінемін. «Ақ келінім» тіпті «қартайып» бара жатса, өзім күйеуге шыққанда жаңасын жазып ала саламын, оған менің қуатым да, қарымым да жетеді. 
– «Күйеу» демекші, өткенде бір бағдарламада: «мыналардың ішінде қайсысы биыл күйеуге шығады?», – деп көрсеткен бес қыздың арасынан көріпкел Бақыт Жұматова: «бірінші мына қыз шығады», – деп сіздің суретіңізді көрсетті ғой. Ондай ой жоспарыңызда бар ма еді?
– Өзім ол бағдарламаны көрген жоқ едім, ойымда еш нәрсе жоқ, қаннен қаперсіз кешкі шайымды ішіп отырсам, аяқ астынан телефоныма «Күйеуге шыққалы жатыр екенсің, құтты болсын!», «Қандай қусың, білдірмей жүр екенсің ғой», «Тойыңа шақыруды ұмытпа», «Шақырмасаң да тілектеспін» деген секілді хабарламалар үйіліп-төгіліп келе бастады. Басқа бір Гауһармен шатастырған болар деп, мән бермеп едім, ауылдағы інім хабарласып айтқан соң, амал жоқ, сендім. Енді мені сол бағдарламаға шақырып өзімнен сұраса: «Бақыт Жұматовадан менің кімге шығатынымды біліп беріңдерші», – деп айтқалы отырмын. Құдай берем десе терезенің желдеткішінен де береді дейді ғой, кім біледі, сайтандай сап етіп екі кештің арасында: «мен сенің күйеуіңмін», – деп біреу терезеден секіріп түспесе, әзірге «міне, мына адам» дейтіндей нақты ешкімім жоқ.
– Жалпы, өзіңіз көріпкел, жұлдызшыларға сенесіз бе?
– Марқұм апам менің өнерде жүруіме, әнші болуыма қатты қарсы болды. Көрген жерде жат та кеп ренжитін. Бірде ол елдің бәрінің аузының суы құрып айтып жүрген Шардарадағы Жәмилә атты емші-көріпкелді іздеп барады. Әлгі көріпкел: «Сіздің бар балаңыздың ішінде өнер десе ішкен асын жерге қоятын бір қызыңыз бар екен, сіз оған неге өкпелеп жүрсіз? Оныңыз бекер, ол – халықтың қызы. Көкірегінде құс сайрап тұр екен. Әулетіңіздегі бар адамға тигізетін шапағаты да мол болады екен. Сондықтан тиіспеңіз. Күйеуге де қазір емес, асықпай уақыты келгенде шығады», – деген екен. Сөйтіп апам өкпе-ренішін қойып, маған ақ батасын беріп еді. Жәмилә болса, бүгінде өзімнің жан құрбыма айналды. Ал Жәмиләнің қасиетіне сенбеу мүмкін емес, оның айтқандары аһ ұрғызып, таңдай қақтырмай қоймайды.
Дайындаған – А.ХАЛЫҚ

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
28 Желтоқсан 2018, 08:57
Бүгін менің туған күнім
24 Желтоқсан 2018, 17:32
МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНЫМ!
Пікірлер