BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Есен Мұқтарұлы, қолөнерші: Ұлттық нақыштағы бұйымдар жаныма жақын

Фото: Kazgazeta.kz. Көрнекі сурет

Қазақтың ұлттық нақыштағы бұйымдарын сатып аларда жұрт: «Бұл қайда жасалған, Қытай да ма, әлде Қырғызстанда ма?» – деп сұрауды әдетке айналдырған. Десе де, он саусағынан өнер тамған шеберлер өз ішімізде де аз емес. Қазақтың ежелден келе жатқан қол өнерін сақтап қана қоймай, заманға сай деңгейге көтеріп, ілгері дамытып жүргендері де бар. Соның бірі – Есік қаласының тұрғыны Есен Мұқтарұлы. Ол бұл өнермен 1997 жылдан бастап айналыса бастапты. Түркістан қаласындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін бітіріп, заңгер мамандығына ие болғанымен, жүрек қалауы осы өнерге түскен. «Жұмыстың ең жақсысы – жүрегіңнің қалағанын жасау» дейді шебер.

- Әңгімемізді әріден бастайық. Жалпы, бұл өнерге қалай келдіңіз? Тәлім алған ұстаздарыңыз болды ма?

- Алғашқы ұстазым әкем еді. Еңбек пәнінің мұғалімі болатын. Әкемнен біраз дүниені үйрендім. Тоқсаныншы жылдары қиын болды. Әкем ерте қайтыс болып кетті. Тек қана анамның айлығымен ғана күн көрдік. Ақша табу үшін ақырындап бөрік, тымақ, шапан тіге бастадым. Түркістанның базарынан көне қазақ тымағын көрдім. 100 теңгеге сатып алып, сөгіп, қалай тігілгенін көрдім. Қағазға сызып алып, жасап көруге бел будым. Түлкі терісін достарымнан сұрастырып таптым. Соны илеп, тымақ тіге бастадым. Бәрі осыдан басталды. Түркістанда Түркиядан келген студенттер көп болды. Олар көбіне қазақтың ұлттық нақыштағы заттарын сұрайды. Соларға арнап сөмке тіге бастадым. Содан кейін ағаштан ою жасауға кірістім.

- Өз бетіңізше үйренген болдыңыз ғой...

- Бастапқыда ағаштан түйін түюге арналған кітаптарды қарадым, шеберлерден де тәлім алдым. Бірақ мен де тәжірибе болмады. Ағаш оюларды 2000 жылдан бастап жасай бастадым. Одан кейін жұмыстарыма метал қостым. Қалқандарды қара металдардан жасап жүрдік. Содан кейін садақ, найза жасауды қолға алдым. Ақырындап бұйымдардың түрлерін көбейттік. Қазір бірдеңе үйренгің келсе, интернеттен қарайсың. Мен тек қана қазақтың ұлттық бұйымдарын жасаймын. Басқа дүниелерді де жасауға болады, бірақ ол өзіме ұнамайды. Ұлттық бұйымдар жаныма жақын.

- Қазір өзіңіз шәкірт тәрбиелеп, осы өнерге баулып жүрген боларсыз?

- Қазір үш шәкіртім бар. Олардың бірі – қазақ, бірі – татар, бірі – грузин. Бір адам бар нәрсеге үлгере алмайды. Үйренуге де біраз уақыт керек. Бірі сүйекпен, бірі ағашпен, бірі металмен жұмыс істейді. Өзім ізденіп, жаңа дүниелерді жасап, шәкірттеріме үйрете бастаймын. Олар мұны үйреніп болғанша, жаңа зат ойлап табамын.

- Қолыңыздан шыққан заттарға сұраныс көп пе? Осы салада бәсекелестіктің деңгейі қандай?

- Сұраныс жақсы. Жыл сайын жаңа дүниелер жасаймыз, бұрын жасап жүрген заттарға метал, сүйек, тағы басқа заттарды, элементтерді қосып, жаңа нәрсе шығарамыз. Енді зергерлік дүниелерді жасауға кірісіп, материалдар алдым.

Қазір бұрынғыдай емес, өзі үйренгендер, оқу бітіргендер бар, бәсекелестік күшті. Бір бұйымды өткізу үшін, жаңа ойлап табылған, өзгелерге ұқсамайтын әрі сапалы дүние, яғни өзіндік қолтаңбаң болуы керек. Сол кезде ғана сұраныс болады. Менің идеямды алып, көшіріп жасап жатқандар да бар. Бірақ өзің ойлап таппасаң, біреуден үйреніп көшіргеннің айырмашылығы жер мен көктей болады. Көріп алып жасағандар өздерін әрі қарай дамыта алмайды.

Мәселен, 19 жасымда бір шеберге барып, үйретуін сұрадым. Ол болса: «Мен саған ештеңе үйретпеймін. Өзің ізденіп тап», – деп қысқа қайырды. Ол кезде «мені бәсекелес болады деп ойлайды ма екен?» деп ренжіген едім. Өзің талаптанып, ізденгенде ғана жаңа, тың дүние жасап шығарасың. Біреуден көргенің тез ұмытылады.

- Нарық заманында өнімді жасап шығару – бір өнер де, оны өткізу, пайда табу – екінші өнер. Жасаған бұйымдарыңызды қайда өткізесіздер?

- Бұл шаруамен айналысып жүргеніме17 жыл болды. Осы уақыт ішінде Қазақстанның түкпір-түкпірінде мені көп адам танып қалды. Кейбір адамдар бөлмелерін қазақтың ұлттық нақышында жасалған дүниелермен толтырып беруге тапсырыс береді. Қазір Алматыда кәдесый сататын дүкендер көп. Солардың тоқсан пайызы біздің өнімдерімізді алады. Картиналар, қобыз, домбыра сұрап жатады. Қазақстандағы ірі қалалардың бәрінде заттарымыз бар. Тұрақты клиенттеріміз аз емес. Бізде жұмыс мүлде тоқтамайды. Бір тапсырысты жасап біткенше, екіншісі шығады.

- Шетелдіктер де қызығушылық танытып жатқан шығар. Өзге елдерден де тапсырыс алған кездеріңіз болды ма?

- Қазақтың ұлттық нақыштағы қолөнер туындыларына шетелдіктердің қызығушылығы мол. Әсіресе, қытайлар қатты ұнатады. Сүйектен, мүйізден жасалған заттарға уақыт көп кетеді. Айына екі-үш бұйым ғана жасалады. Шетелдіктерге ұнайтыны да осы. Түркиялық азаматтар да тапсырыс беріп жатады. Америкадан, Канададан келген туристер сүйектен жасалған алқаларды, тағы да басқа дүниелерді көп сатып алады.

- Күллі әлем көзін тіккен Экспоға қатысқан шығарсыздар. Астана қонақтары өнеріңізді қалай бағалады?

- Экспо көрмесіне екі рет бардық. Бірінші рет Алматы қаласының, екінші мәрте Алматы облысының атынан барып қатыстық. Алғашқы барғанымызда этноауылда онша көп адам болмады. Екіншісінде шетелдіктердің қызығушылығы басым болды. Әсіресе, тамырдан жасалған композицияға ерекше ықылас білдірді. Бірақ оның салмағы ауыр болғандықтан, елдеріне алып кету қиындық тудырады. Бір жағында барыс, екінші жағында домбыра немесе қобыз тұратын кітапшаларымызға ресейліктер көп қызықты. Өнімдерімізді Германияға да алып кеткендер бар.

- Әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер