BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ертең Астанада қазақ опера жұлдыздарының қатысуымен концерт өтеді

Ертең елордадағы «Қазақстан» орталық концерт залында «Қазақ операсының аңыздары» атты алғашқы концерт-презентациясы өтеді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Мирас» қоғамдық ұлттық мәдени қоры» Қоғамдық қоры бірлесіп өткізетін мәдени шарада жұртшылық опера жұлдыздарымен кездеседі және олардың құнды мұрасы жинақталған антологиямен танысады, деп хабарлайды Baq.kz.

Опера әншілерінің шығармашылығын түгендеп, жас ұрпаққа классикалық музыканы насихаттау мақсатында ұйымдастырылған жоба бойынша опера тарихында ойып орын алатын тұлғалар туралы архивтерден алынған құнды деректер, фотосуреттер мен олардың дауысы жазылған видеоматериалдар сандық технологияға көшіріліп, CD, DVD дисктерге жинақталған. Яғни, бір ғана антологиялық жинақта жеті бірдей қазақстандық опера өнерінің шебері, КСРО халық артистерінің өмір-дерегі, шығармашылығы қамтылған. Антология опера әншілерінің әндері жазылған 7 аудиодисктен және олардың концерттік, өзге де видеолары бар 7 DVD-диск пен буклеттен тұрады.

«Мұндай жоба елімізде бірінші рет жасалып отыр. Бұған дейін опера әншілерінің барлығының бірдей шығармашылығы мен суреттері, әндері бір антологияға жинақталған емес. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген бар. Сол себепті осы кем-кетіктің орнын толтырғымыз келді», - дейді КСРО халық артисі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова.

Антология тұсаукесерімен бірге көрнекті әншілердің қатысуымен концерт өтеді. Концертке Кеңес Одағының халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері Бибігүл Төлегенова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әлфия Каримова, Талғат Мұсабаев, Тамара Асар, Андрей Трегубенко, Жұпар Ғабдуллина, халықаралық конкурстардың лауреаты Рустам Сүлейманов қатысады. Сондай-ақ, Астана қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының симфониялық оркестрі өнер көрсетеді.

«Жоба қазақстандық мәдениетті жаһандық әлемге таныту үшін үлкен маңызға ие. Ондаған мемлекеттен келген ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрме қонақтары үшін қазақ операсының аңыздары тәуелсіз Қазақстанның бай мәдениетін танытып, қазақ халқының жоғарғы орындаушылық шеберлігін әлемдік қауымдастыққа көрсетеді» - деп атап өтті ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің вице-министрі Ақтоты Райымқұлова.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер