BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.88
Астана:

Елордада жаңа өнер галереясы ашылды

Фото: astana.gov.kz

Астанада «Құланшы» қазіргі заманғы өнер орталығы мен Форте банктің қолдауымен ForteBank Kulanshi Artspace жаңа өнер галереясы ашылды. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен белгілі суретшілердің туындылары мен инсталляцияларының көрмесі өткізіліп тұрады, деп хабарлайды Baq.kz.

Шараға ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, елорданың шығармашылық зиялы қауымы мен бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.

Бастамашылар бұл галерея елорда өнерін жаңа деңгейге көтеріп, ағартушылық жұмыстың пәрменді құралына айналарына сенеді.

«Елорда тұрғындарының атынан «Құланшы» қазіргі заманғы өнер галереясына және Форте банктің басшылығына осы жобаны іске асырғандары үшін алғыс айтамын. Бұл жоба бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің айқын үлгісі болып табылады. Тәуелсіздіктің 25 жылы ішінде Мемлекет басшысының күш-жігерінің арқасында Қазақстан озық мемлекеттердің қатарына қосылып, әлемдік аренада танымал болды. Өркениетті әлемде қазақ жерінің байлығы мен қазақ халқының қонақжайлылығы туралы білмейтін ел жоқ. Және қазір өзімізді мәдениеті бай, шығармашылық әлеуеті зор мемлекет ретінде танытатын уақыт келді», - деді Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев.

Галереяны іске қосу аясында қазақстандық бейнелеу өнерінің «Мәңгілік мұра» атты көрмесі ашылды. Экспозицияға Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің үздік суретшілерінің туындылары енгізілді. Авторлардың айтуынша, Орта Азия елдері мәдениетінің мұндай синтезі бүкіл әлем бойынша өнерсүйер қауым үшін таптырмас олжа және елорда тұрғындары мен қонақтарының көңілінен шығары анық.

Авторлар Париждегі Лувр, Лондондағы британдық мұражай және Тейт галереясы, Мәскеудегі Третьяков галереясы және әлемнің түкпір-түкпірінен келетін миллиондаған туристер сүйіп баратын басқа да мәдени нысандар сияқты Астанадағы картина галереясы да Қазақстан өнері мен мәдениетінің символына айналатынына сенімді, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Мәңгілік мұра» көрмесі 2016 жылдың 1 желтоқсанына дейін жалғасады. Жұмыс уақыты – күн сайын сағат 10:00 - 20:00 аралығы.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер