BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Электронды домбыра күй өнерімізді оңалта ма, омалта ма?

Астана. 8 желтоқсан. BAQ.kz Заманға қарай өзгереміз, дәуірге қарай даралық танытамыз деп жатамыз. Әрине, әлемдік өркениет көшінен қалуға тиісті емеспіз. Иә, түп тамырымызды енді танып, тегімізді біліп, жаратылысымыздың қайдан шыққанын ұғып, бұрынғы «сауатсызсың», «санасызсың» деген сартап сөзден құтылып келе жатқанымыз тәуелсіздіктің арқасы 

Қазақ елі қанат жайып, қазақ тарихы қайта жазылып, адам айтса сенгісіз құбылыстарға куә болып жүрміз. Бұл – ата-бабаларымыз, олардың даналық ойына адал Алаш арыстарының аңсап өткен, бізге Тәңірім оны көруге жазған азаттықтың жемісі.
Қазір төрткүл дүниеде қандай бір жылт еткен жаңалық болса, оны Отанымызға әкеліп жатырмыз. Әрине, жақсысына, рухани дүниемізді жетілдіруге септігін тигізетінін қабылдауға болады. Әсіресе, жаңа техника, технология ауадай қажет. Ал қызыл екен деп қызығып, артынан әттеген-ай дегізіп жатса, бұл қиянат. Жақында теледидардан электронды домбыра туралы хабар берілді. Бұл идеяның авторлары, жас орындаушылар өздерінің дәлел-дәйектерін айтып, ұлттық күйдің сақталуы 90 пайыз дегенді алға тартты. Мұндай қадамды үлкендерден гөрі жастардың тез қабылдайтынын тілге тиек етті.
«Дәстүрлі өнерімізге бұл қиянат емес пе? Ертең Құрманғазы мен Тәттімбеттің, Ди­наның, өзге де өнер алыптарының дүниені дүр сілкіндірген айтулы күйлерінің тоз-тозы шы­ғып кетпей ме?» дегендер де, тіпті «Жастар үшін деп ұлттық руханиятымызды жоғалтып ал­маймыз ба, құрбандыққа шалып жібермейміз бе?» деп қауіптенген өнер майталмандары аз болған жоқ. Қарағайға қарсы біткен бұтақтай болып, мұндай «жаңашылдыққа» төзбейтінін ай­тып ашу шақырғандар да табылды. Осы арада ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің мына бір сөзі ойға орала береді: «Көркем өнердің міндеті табиғатқа еліктеу емес, оның сырын ашу». Шы­нында, қазақ күйінің сырын ашудың орнына еліктеп, солықтаймыз деп алтын арқауынан адасып қалсақ, бұл қазақ өнері үшін шын қа­сірет болары сөзсіз. Уақыт өте келе қазақ күйі­нің сыр-сипаты жоғалып, алуан қыры өшіп, сұл­басы қалса, мақтаған, мақтанған күйдің түрі осы ма деп қол сілтейтін өз ұрпақтарымыз, басқа елдердің тыңдаушылары төбе көрсетері күмәнсіз. Сондықтан да, әр жаңалыққа терең мән беру, ұлттық жауһарларымызға сақ болу қажет секілді.
Бір замандары Ахмет Жұбанов қазақтың ән-күйін оркестрге түсіріп, әлемді биікке көтерген. Егер ондай құп алар жақсылық қанат жайып жатса, қолдауға болады. Бірақ мына электронды домбыраның құрылымына қарап, шіңкілдеген темір ішегінен шыққан үнді естіп, көңілге күдік ұялағанын несін жасырамыз. Тіпті қазақтың бүкіл даласын күңірентіп, баласын аяғынан тік тұрғызған төкпе күй мен шертпе күйіміз бауырлас жұрттар дутарының әуенімен кетсе, онда ұлт руханияты, қайталап айтамыз, бір замандары әрі мен нәрінен айырылары сөзсіз. Қазақ жұрты домбыра жасаудың өзін ұлы дәстүрге балаған, оған тағатын ішекті таңдау кез келген адамның қолынан келе бермеген. Ал мына электронды домбыраның ішегі басыңды «ауыртпайтын», ізденуді қажет етпейтін темірден тағыла салады екен. Ендеше, жаһандану заманының селінен қалай аман қаламыз деп төрткүл дүниенің ұлт руханиятының жоқшылары қам жасап жатқанда, біз әлемдік дамудың үрдісіне қосыламыз деп бүгін осылайша киелі домбырамызға ауыз салсақ, ертең дәл қазір қырандай қалықтайтын небір қасиетті әндеріміздің техника «тілімен» өңделіп, тыңдасаң құлақ тұндырып мезі ететін, аты әншісымақтардың ермегіне айналып кеткені ақиқат. Уақыт өте келе күмбірлеген күйіміз соның аяғын құшып міңгірлеп, шіңкілдеп қалып жүрмесіне кім кепілдік берер екен?
Сүлеймен МӘМЕТ,
 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер