BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

"Екі жұлдыз" халық әнін қарық қылмады

Батыс әндеріне келгенде барын салып дайындалып, шырқағанда шетелдік әншілерден асып түспесе де, "Әй, бәрекелді!" дегізетін әншілеріміз қазақтың халық әндеріне кезек тигенде қарық қылмады. "Тәп-тәуір-ақ ән еді, пұшық шіркін қор қылды" дегендей, өткен сенбіде сахнаға шыққан жердегі "жұлдыздарымыз" аты дардай "Дүлдүлдер додасында" халық әндерінің құлағын кесіп құнтитты, мұрнын кесіп шұнтитты...

Үнемі "жақсы айтты, керемет дуэт болды" деп мақтаудан бір танбайтын қазылар алқасы да осы жолы ұйқысынан оянғандай. "Екі жұлдыз" жобасы басталғалы бері қарай бірінші рет әділқазылар әділ баға берген сияқты. Осы жолы ғана "Екі жұлдыз" тарихында болып көрмеген кәсіби тұрғыдағы баға беріліп, жоба барысында мүлдем ұмытылып қалған "1", "2" ұпайлары әншілердің көрсеткен өнеріне таразы болды.
Ән айту, сахна өнерінен сәл-пәл хабары бар көрерменнің өзі байқаған кемшілікке қазылар көз жұма қарағанда "Әттеген-ай! Мынадай олқылықты қазылар қалай байқамайды?! Әй, бірақ "қарға қарғаның көзін шоқып па еді!" деп күйінетіні анық. Дәл осы жолғы белгілі әншілер: Рамазан Стамғазиев, Ұлықпан Жолдасов, Ақбота Керімбекова, продюсер Ғалым Ахмедияров сынды қазылардың жауырды жаба тоқымай, турашылдық танытқанына сүйінбеген тыңдарман кем де кем болар-ау.
Енді әншілердің өнеріне де аз-кем тоқталсақ, Бейбіт Қорған мен Роза Солдатованың орындауында "Үкілім-ай" әнін тыңдадық. Солдатованың қазақ әніне салғырт қарайтындығы ә, ң, ғ сияқты дыбыстарды а, н, г деп айтуынан-ақ байқалды. Шет тілде ән айтқанда мағынасын түсінбесе де сөздерін "Ұят болмас үшін" дұрыс жаттап алатын Роза Солдатова қазақ әнін қалай болса солай айтуға болады деп ойласа керек. Дәстүрлі ән орындаудың шебері Р. Стамғазиев "Ғ мен г-ні, о мен ө-ні, қ мен к-ні өз орнына қою керек. Халық әнінде бүйтіп сақаулану кейінгі ұрпаққа үлгі болады дей алмаймын. "Жауһардың сынығы да жауһар" дейді ғой. Мен білетін "Үкілім-ай" әнінде "Үкілім-ай, көкем-ай" емес, "Үкілім-ай, жеңеше-ай" деп айтылатын"- деді жіберген кемшіліктерін жіпке тізгендей етіп көрсетіп. А. Керімбекова да әншілердің сахнаға еш дайындықсыз шыққанын сынады.
Бірінсіз бірі сахнаға шықпайтын жанұялық жұп Жазира мен Жанболаттың орындауындағы "Беу, айдай" әні - соңғы жылдары жиі айтылып жүрген ән. Қазылар алқасы бұл жұптың өздері жақсы білетін жеңіл әнге жүгіргендерін сынады.
Бір де бір рет керемет дейтіндей қойылым көрсетпесе де, "Екі жұлдыз" төрінде біраз жерге шапқан, көрермен бұрын ешқашан сахнадан көрмеген "дүлдүлдер" - Ордабаевтар отбасы сахнаға "Қаражорғамен" шықты. Әннің сөзін бұзып айтқандары өз алдына, жаттап үлгермей қалған атамыз бен апамыз сабақ оқымай келген оқушыдай қағазды үстелге қойып, шумақ сөздерін шатастырып, оқып беруге де ұялған жоқ. Бұл олқылықтың сахнадан көз айырмай отырған көрермен назарынан тыс қалмайтынына "Ұялмаған әнші болады" деген мәтелді дәлелдеп жүрген Ордабаевтар мән бермесе керек. "Қартайғанда жорға шыққан" Ордабаевтар өнеріне Ұ. Жолдасов 4/1, Ғ.Ахмедияров 4/2 деген баға қойып, А. Керімбекова 1/1, Р. Стамғазиев 0-ге бағалап, “айды аспанға бір-ақ шығарды”. "Киелі сахнаны, қасиетті орынды сыйлау керек" деп ескерту жасаған Р. Стамғазиев: "Бұл көрініске, бұл әнге баға қоя алмаймын!" деп бір-ақ кесті. Осы күнге дейін "Екі жұлдыз" жобасының қазыларынан мынадай сын естіп көрмеген атамыз бір орында тұра алмай шыдамсыздық мінез танытса, Ақботаның "Немерелеріңізге өнеге болатындай бір көрініс көрсеткендеріңіз дұрыс болар еді" деген пікіріне апамыз: "Біз бүгін өнегелі ата-әже емеспіз!" деп салды. Осыдан-ақ дұрыс айтылған сынды дұрыс қабылдай білудің, аталы сөзге тоқтай білудің де парасаттылық екенін пайымдайсың...
Ал, халық әні "Назқоңырды" шырқаған Қайрат Нұртас пен Айбөпе Қарашевалар наз емес, баз кештірді. Тыңдаған құлаққа майдай жағатын қоңыр әнге орынсыз қосылған мелизмдер (дыбыстарды мелодиялық әрлеу) әннің түте-түтесін шығарғандай әсер берді. Ғ. Ахмедияров бірден "Бұл әнді бұлай айтуға болмайды"- десе, А. Керімбекова "Бұл- классикалық ән, оны келешек ұрпаққа жеткізу үшін өз бояуымен айтуымыз керек"-деген пікірін білдірді. Р. Стамғазиев "Шетелде осы "Назқоңыр" сынды классикалық музыка саналатын Бетховен, Шопендердің шығармасының бір нотасы да өзгермей орындалады. Бір нотасын бұздыңыз екен, сізді сотқа береді. Неге қазақ классикасын өстіп жұлмалап, қазақша айтқанда "жүнін жұлған тауықтай етіп, көрінгеннің қанжығасына байлап жібереміз?!"- деді ашына.
Ақан серінің "Балқадишасын" айтып шыққан Ринат Малцагов пен Динара Қайыровалардың қадамы да сәтті болмады. Сахна ортасында ағарып жатқан "шөмеленің" не екенін басында түсінбей қалдық. Сөйтсек, "шөмелеге" жан бітіп, әлгі жерде "современная Балқадиша" пайда бола кетті. Басына киген осы заманғы ақ желегі желмен желпілдеп, қысқа шашы жалбырап, иығы жалаңаш, жалаңаяқ, жалаңбұт арудың сахнада ары-бері жүгіріп, аяғын ары да, бері де көтеруі қарапайым көрермен түгілі, өнерді түсінетін мамандардың өзін түңілдірді. Рамазан Стамғазиев: "Ақан түскен үйге оның әнін тыңдауға Балқадиша екі жеңгесімен бірге келеді. Ән тыңдап отырғанда уақыт зымырап өтіп, түн ортасы болып қалады. Екі жеңгесі ұзатылғалы отырған бойжеткенді сауық кешінен алып қайтудың амалын таппай қипақтап отырғанда:
"Бір емес, екі жеңгең келіп отыр,
Рұқсат бізден сізге, қарағым, бар, Қадиша" деп ақынның өзі рұқсат береді. Бұл жерде Балқадиша мен Ақанның арасында махаббат болды деген сөз емес, ол - Ақанның қарындасқа деген ағалық ықыласы"- деп әннің тарихынан түсінік бере келе: "Басында сәукелесі, үстінде қосетек көйлегі, оюлы камзолы жоқ, бұты ашық қыз жүгіріп жүрді деген мағына емес" - деп, Ринат пен Динараға қазақ әнін орындағаны, жобаға атсалысқандары үшін орындаушылық шеберліктеріне 1 деген ұпай берсе, мазмұнын 0-ге бағалады. Жалпы, Ринат пен Динара әнді вокалдық шеберлік жағынан жаман орындаған жоқ.
Қазылардың әншілерге қойылым мазмұны үшін төмен баға қойғанына наразылығын білдірген биші Сандуғаш Жұмағалиеваның түсінігінше, әр әнші, әр бишінің шығарманы өзі қалай түсінсе, солай беруге құқы бар екен. Күнделікті ұйықтар алдында, жұмысқа келе жатып көлікте осы әнді тыңдаған Сандуғаш "Өзім Балқадишаның өмірін сүріп шыққандай болдым" дейді. Осы жерде әншілердің де, "Сахнаға шығып, жан-тәніммен биледім" деген бишінің де "Балқадиша" әнінің тарихынан мүлде хабары жоқ екенін байқадық. Ақан серінің "Балқадишасында" "Күйеуің сексендегі шал, Қадиша" деген сөздердің мүлде болмағанын, Кеңес үкіметі орнаған тұста әйел теңсіздігіне мысал ретінде біреулердің ән сөзін бұрмалап шығарғаны жайлы "Ертіс өңірі" газетінде көлемді мақала жарияланған болатын.
Осылайша, кеш басталғанда халық әндерін тыңдап түлейді деген дәмелі көңіліміз әр жұп шыққан сайын жүдеп бітті.
Не керек, әйтеуір, соңғы түйенің жүгін арқалап шыққан Индира Расылхан мен Мұрат Қожа "Әдемі қызбен" жүдеген көңілімізді серпілтті-ау!
Күлия РАЙЫС.

Ертіс өңірі газеті


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер