BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Дос-Мұқасан» тобының қола мүсіні Көктөбеде орнатылады

Қырық жыл бұрын аты аңызға айналған әйгілі «Дос-Мұқасан» тобының қола мүсіні Алматыдағы Көктөбе жотасына орнатылатын болды. Бұл туралы «Абырой» авторлық қоғамының төрағасы Темірлан Төлегенов мәлімдеді.

«Дос-Мұқасан» тобын құрған төрт жігіттің қоладан жасалған монумент ескерткіші Көктөбедегі The Beatles ескерткішінің қасына орнатылмақ. Скульптор Бақытбек Мұхаметжанов «Дос-Мұқасандықтардың» қола мүсіндерін ливерпульдық төрт музыканттың жанына жайғастырмақшы. Әзірге ескерткішке қанша қаржы шығатынын ұйымдастырушылар есептемеген. Ал «Дос-Мұқасан» жігіттерінің қасына орнатылады деп жоспарланып отырған Кеңес одағының әншісі Виктор Цойдың ескерткіші 80-100 мың доллар болады екен. «Абырой» авторлық қоғамының төрағасы Темірлан Төлегеновтің мәлімдеуінше, жоспары бойынша талантты өнер иелеріне арналған ескерткіштер Көктөбенің басына келесі жылы тұрғызылмақ.
«Дос-Мұқасан» тобының музыка-скульптуралық композициясы Павлодар қаласында бұдан бес жыл бұрын тұрғызылған болатын. Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы мемлекеттік университет аумағында орналасқан ескерткіштің алдыңғы қатарында әйгілі топтың негізін қалаған төрт адамның тұрған қола мүсіндері, ал артқы қабырғада ансамбльдің құрамына кейіннен келген алты мүшесінің бет-мүсіні бейнеленген.
Ескерткіштің бұл жерге орналасуы кездейсоқтық емес. «Дос-Мұқасан» ансамблін құрған жігіттер 1967 жылы студенттік құрылыс отрядының құрамында Баянауылдың Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы ауылында мәдениет үйін салуға қатысқан. ТМД елдерінде, тіпті әлемде деуге де болады, көздері тірісінде ескерткіш орнатылған тек осы «дос-мұқасандықтар» ғана. Шварценеггер, Сталлоне сияқты киноактерлердің Лондондағы мадам Тюссоның мүзейіндегі балауыз мүсіндері болмаса, ашық аспан астында металдан жасалған мәңгілік мүсіндер өнер адамдарына тірі кездерінде жасалмаған.
- Біз ескерткіштің концепциясымен танысып, эскизін көрдік. Мақұлдадық. Ал енді ескерткішті жасау, оны қоятын орынға әкімшіліктен рұқсат алу, демеушілер іздеу сияқты жұмыстармен ұйымдастырушылар айналысуда. Оған біздің қатысымыз жоқ. «Абырой» авторлық қоғамының төрағасы Темірлан Төлегеновке мұны айттық. Біз қазір ансамбльдің құрылғанына 45 жыл толуына байланысты мерейтойлық бағдарламаға дайындалудамыз. Жақында Павлодар облысындағы Баянауылда «Дос-Мұқасанның» 45 жылдығына арналған «Жұлдызды Жасыбай» ретро-фестивалі өтті. Халық көп жиналды, дені 70-80-жылдардың жастары. Бұл концерттің ерекшелігі біздің әндерімізді Ерлан Көкеев, Мәдина Сәдуақасова, Нұрлан Абдуллин, Әлішер Кәрімов, «Жігіттер» квартеті, «Нұр-Мұқасан» тобы сияқты қазіргі өнер жұлдыздары орындады. Осының өзі біздің әндеріміздің халық арасына кеңінен таралғанының дәлелі. Алдағы уақытта, 14-қарашада Астанада және 21-қарашада Алматыда «Дос-Мұқасан» ансамблінің 45 жылдығына арналған концерттер ұйымдастырамыз деп жоспарлап отырмыз, - дейді «Дос-Мұқасан» тобының көркемдік жетекшісі Мұрат Құсайынов.
Қазақ эстрадасының жарық жұлдызы «Дос-Мұқасан» ансамблін 1967 жылы Алматы политехникалық институтының студенттері құрғаны белгілі.
Қайыржан ТӨРЕЖАН


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер