BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Дос-Мұқасан» ансамблі 45 жыл сахнада

АСТАНА. 30 қараша. baq.kz «Дос-Мұқасан» ансамблінің құрылғанына биыл 45 жыл. Осы айтулы мерейтойға орай Астанадағы Қазақстан орталық концерт залында мерекелік кеш өтті. Концертке аты аңызға айналған ансамбльді құттықтай келген Қазақстанның эстрада әншілері мен жас өнерпаздар да қатысты дейді Хабар агенттігі

Дүбірлі тойдың бастауы – жуырда ғана Павлодар облысында өткен болатын. Өздерінің 45 жылдық мерейтойын атақты ансамбль жастық шағы өткен, өнер ұжымы құрылған, «Дос-Мұқасан» қалыптасқан Баянауыл өңірінде арнайы ұйымдастырды. Ал Астанадағы концерттің жөні бөлек. Тұңғыш Президент күні – мемлекеттік мерекесі қарсаңында біз мерейтойымызды астаналықтармен бірге атап өтуді ұйғардық, - дейді ансамбль мүшелері.

Ақжол МЕЙІРБЕКОВ, «ДОС-МҰҚАСАН» АНСАМБЛІНІҢ ӘНШІСІ:
- Бұл күнге жеткенге де Құдайға шүкір дейміз. Өйткені бұл үлкен мәртебе, Үлкен қуаныш. Халықтың аузынан түспей, классикаға айналған әндерін жастар да, жас өнерпаздар, біздің шәкірттеріміз бірге сахнаға шығып, әндетіп, осы бүгінгі күні қуантып отыр.

Өнерде жүрген іні-қарындастары бұл күні «Дос-Мұқасанның» әндерін шырқады. Ансамбль мүшелеріне ізгі тілектерін білдірді.

Мейрамбек БЕСПАЕВ, «МҰЗАРТ» ТОБЫНЫҢ МҮШЕСІ:
- Біздің топ та осындай жетістікке жетсе ғой деген сияқты үлкен тілекпен келдік негізі. Жұғысты болсын дейді ғой қазақта. Сондықтан жұғысты болсын деп бір шетінен, сөйтіп келіп отырмыз. Ол кісілерге тек аманшылық. Ол кісілердің әлі күнге дейін осылай сахнада жұмыс істеп жүргені бізді қанаттандырады.

Кешегі кеңес дәуірінің жастары ғана емес, бүгінгі Тәуелсіз елмен жасасып келе жатқан жас ұрпақ та әйгілі ансамбльдің әндерін тыңдап келеді. Мұны мерекелік кешке жиналған қалың тыңдарманның қарасынан анық байқауға болады.

Сандуғаш СЕЙФУЛЛИНА:
- «Дос-Мұқасанның» әнін әрине, ата-анам тыңдап өсті. Мен кішкентай кезімнен тойға барсақ та осы кісілердің әнін әрқашан да тыңдап өскенбіз. Сондықтан үлкен қызығушылықпен келіп отырмын бүгінгі концертке.

Серік АХМЕТОВ:
- «Дос-Мұқасанның» барлық әндері өзіме ұнайды. Бұрынғы құрамына да, қазіргі құрамы да. Сүйіп тыңдаймын мен жас кезімнен өзім. Мен «Дос-Мұқасанмен» бірге өсіп келе жатырмын десем мен өтірік айтпаймын.

Қалың тыңдарман, өнер сүйер жұрт барда «Дос-Мұқасанның» әндері өміршең.  


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер