BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Дидар ҚАМИЕВ, айтыскер ақын: ТҮРКІСТАНДЫ ШІРІКСТАН ДЕГЕН ЖОҚПЫН

 
– Осыған дейін қанша айтысқа қатыстыңыз және ең үлкен жүлдеңіз не?
– Қанша айтысқа қатысқаным есімде жоқ екен. Арнайы санаған емеспін. Жүлдені үлкен-кіші деп бөліп қараған емеспін. Осы уақытқа дейін айтыстан мінгенім төрт көлік. Соның ең алғашқысы  Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлының 150 жылдығына арналған республикалық ақындар айтысының бас жүлдесін иеленіп, Волга автокөлігін міндім. Алғашқы жеңіс, алғашқы көлік болғандықтан болар сол бір сәт есімде ерекше қалыпты. Анығында мен үшін халықтың ықыласынан үлкен жүлде жоқ! Көрермен өнеріңе тәнті болып, жүрекжарды лебізін білдіріп,ақ батасын беріп жатқанын көргенде жүлде алмаған кейбір айтыстың өзінен үлкен жеңіспен оралғандай күйде боламын!
– Ақындық өнер кімнен дарыған?
– Атам Ахметов Қами халық жырларын, қисса-дастандарды жатқа айтатын, табан астында суырып өлең шығаратын қазына қарттардың бірі болған. 5 жасымнан сол атамның бауырында халық ауыз әдебиетімен сусындап өстім. Біздің жақ ақындық атаман дарыған десе, әжем нағашыма тартқансың дейтін. Нағашысы айтулы ақын - Жәкен Байтуов. Осындай талас бар екі арада. «Қасқа айғырдың баласы төбел туар» демекші мен атаға тартып туған ұлмын. Әжем жағынан да дарыған болар. Анығында Алланың берген дарыны ғой!
– Қазіргі айтыста не жетіспейді деп ойлайсыз?
– Қазіргі айтыста шынайылық жетіспейді.
– Айтыстағы әділетсіздік туралы не айтасыз?
– Айтыста бірыңғай әділетсіздік болады деуден аулақпын. Дегенмен, бұл жарыс болғандықтан қазыларда біреуге бүйрегі бұру, белден басу секілді жайттар да орын алып жатады. Ақша жүрген жерде әділдік аз болады!
– Айтыста жүлдеге ілінбей, құрқол қайтқанда өкпелейсіз бе?
– Алғашқы кезде жүлдеге ілінбей қалсам, қазылардан қиянат көрсем бірден көңіліме алатынмын. Қазір бәріне де сабырлық қылуға тырысамын. Себебі оның бәрі сынақ. Бүгін алмасам ертең де айтыс бар. Әр қиындықтың артында екі жақсылық болады, тек сабырлық таныта білу керек!
– Айтысқа алдын ала дайындаласыз ба? Жаттап алып айтысқан кезіңіз болды ма?
– Дайындаламын. Дайындалып бару айтысқа жауапкершілікпен қарауды көрсетеді. Осы күні кей адамдар ақындар айтысқа дайындалып барады екен, айтыс деген аяқ астынан шығу керек қой деп даурығып жатады. Өздері біреудің тойына барып екі ауыз тілек айтуға да дайындалып баратыны есінен шығады ондайда. Оған қарағанда мыңдаған адамды аузыңа қаратып өлеңмен айтысудың қандай ауыр екенін бағамдай беріңіз. Қырғыздың Қатағанымен айтысқанда қазақтың үш жүзін түгелдеп шыққан Сүйінбай атамыз соның бәрін табан астында құраған жоқ. Ойын жинақтап іштей дайындалып барғаны сөзсіз. Ал, жаттап алып айтысқан кезім болған емес.
– Айтыскер ақындардың басым көпшілігі дін жолында, бұл еліктеушілік пе, әлде?
– Ақындар ғана емес, басқа да өнер адамдары, жалпы жастардың көбі дінге бет бұруда. Және бұл қуанатын жағдай. Себебі ақындар қоғамдағы үлкен қозғаушы күш. Қасиетті Құранда ақындарға арналған «Шұғара» деген  сүре бар. Онда: «Ақындарға азғындар ілеседі. Бірақ иман келтіріп, ізгі іс істегендер, Алланы көп зікір еткендер және зұлымдық көрсе артынан (өлеңмен) кек алғандар бір басқа делінген». Демек Алланы таныған ақын алдымен аузындағы сөзді түзейді, түзу сөз елді түзейді. Кешегі ақын бабаларымыздың көбі діндар, тақуа болған. Ыбырай, Абай, Шәкәрім аталарымыз құранды оқып, хадисті тоқыған адамдар болған. Ал, кімнің дінге қалай келгенін білмеймін. 
 – «Дидар Қамиев  қасиетті Түркістанды шірікстан деп қаралады» деген ашық хаттың жоғары жаққа жолданғанынан хабардармыз. Осы жайында не дейсіз?
– Өткен жылы осы оқиғаның елді бір дүрліктіргені рас. Хат жазған аталар мені дұрыс түсінбеді деп ойлаймын. Және мені қазіргі жат ағымдардың бір өкілі деп ойлаған болуы керек. Өзім де «қатты айтып қойдым-ау», – деген өкініш те жоқ емес. Ол үшін кешірім сұраймын. Әйтсе де мен Түркістанды шірікстан деген жоқпын. Бұл анық бұрмалау. Менің айтқан өлең жолдары мынадай: 
Киелі Түркістанды шірікстан қып,
Ұяттың қызылы тұр екі бетте. 
Яғни түркінің тұғыры, тарихымыздың түбірі болған, Арыстан баб, Қожа Ахмет Яссауи сынды ұлан ғайыр жерімізге асыл дінді таратқан әулие бабаларымыз жатқан киелі Түркістанды «аққу», «сұңқар» жайлаған, күйзелгендерді алдап-арбап апарып торына түсіретін сауданың ордасына, өлілерге табындырып Алла тағаланың кешірмейтін күнәсі шірк жасайтын орынға айналдырып жатырсыңдар дедім. Айтқым келгені осы еді, түсінгенге. Бір жағынан қазіргі қоғамда болып жатқан түрлі жарылыстар, әр түрлі ағымдардың әрекеттері елді дүрліктіріп, исламды құбыжық қылып қойғаны тағы бар. Менің айтқаным да сол мәселелер ушығып тұрған уақытпен тұспа-тұс келіп қалғаннан болар осындай шудың болғаны. Сол хатта «Дидар ата-бабамызға тіл тигізді» делінген. Мен ата-бабамызға тіл тиетіндей бір ауыз сөз айтқан жоқпын. Сол айтысты көрген адам мұны білуге тиіс. Ал Түркістан екінші Мекке емес дегенді мен өз ойымнан шығарған жоқпын. 2009 жылы Ислам және Өркениет газетінде жарық көрген Бас мүфти Әбсаттар қажы Дерібсәлінің «Екінші Мекке, екінші Қағба жоқ» деген мақаласы бар. Сонда бәрін ашып түсіндірген. Мен ешқандай да уахабист, сектант емес, Діни басқармаға бағынатын, ата бабамыз ұстанған Ханафи мәзһабын ұстанатын, қатардағы мұсылманның бірі ғанамын. Айтпағым осы.
– Айтыстағы Ринат Зайытов пен Жүрсін Ерман арасындағы дау жайлы не айтасыз?
– Екеуінің арасында болған жайды көзбен көрмегендіктен мынау дұрыс, мынау бұрыс деп айтудан аулақпын. Жүрсін Ерман ақындардың әкесіндей адам. Ринатты айтысқа әкеліп қосқан да, танымал болуына, қазіргі тілмен айтқанда "жұлдыз" болуына бірден-бір себепкер болған сол кісі. Ринаттың сұраған ақынымды бермеді екен деп әкесіндей адаммен бет жыртысқанын өз басым құптамаймын. Бір өтінішімді орындамады екен деп жасаған бар жақсылықты ұмытуға болмайды! 
– Болашақта қай ақынмен айтысқыңыз келеді?
– Бекарыс Шойбековпен айтыссам деймін, себебі ол кісі қазақтың ең азулы ақындарының бірі. Шаппа-шап айтыстың хас шебері. Бекеңмен айтысу мен үшін өте қызық.
Сұхбаттасқан – Жанна Ибраева, 
Қарағанды экономикалық универсиетінің студенті

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер