BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Дәрия Ғабдұл Қазақстан атынан «Славян базарына» қатыспақшы

Қазақстандық әнші, X-Factor жобасының жеңімпазы Дәрия Ғабдұл елімізді «Славян базары» ән байқауында таныстырмақшы. Әншінің аты-жөні байқаудың ресми сайтына жарияланып та қойды.

1tv.kz тілшісіне берген сұхбатында Дәрия Ғабдұл байқауда үш хит – әлемдік, славян және қазақстандық әндерді орындайтынын жеткізді. Әнші алдын ала берген әндер тізімін қайта өзгерткен, себебі оны байқаудың өзге қатысушылары таңдап қойыпты. «Біздің еліміздегі хит ретінде мен композитор Бейбіт Оралұлының «Алғашқы көктем» және славян әні ретінде Александр Пахмутованың «Нежность» әндерін орындаймын. Үшінші ән туралы әлі ойланып жатырмыз», - деді Дәрия. Сахнаға әнші тым ұлттық нақыштағы емес костюммен шығуды жоспарлауда.

Дәрия байқауда жеңістен үмітті. Ол алғашқы орындардың бірін аламын деп жоспарлауда. Алайда байқау қорытындысының қандай боларына қарамастан, әнші танымал музыкалық жобаларға қатысуын тоқтатпақ емес. Естеріңізге сала кетейік, X-Factor жобасы аяқталған кезде әнші «Сони Мьюзик Интертеймент» дыбыс жазу компаниясымен келісімге отырып, өзінің алғашқы «Любовь» деп аталатын бейнеклипіне түскен.
ХХI халықаралық «Славян базары» фестивалі Витебск қаласында (Беларусь) 12-18 шілде аралығында өтеді. Оған әлемнің 18 елінен 21 әнші қатысады. Фестивальдің әділқазылар алқасының құрамына танымал қазақстандық әнші Батырхан Шүкенов пен «Бозторғай» қоғамдық қорының жетекшісі Қарлығаш Әбдікәрімова кірді.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер