BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 379.36 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.47 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.88
Астана:

Burabay Summer Fest халықаралық фестивалі гала-концертпен аяқталды

Фото: Нұржас Жақсыбай

«Қазақстан» орталық концерт залында Burabay Summer Fest жасөспірім таланттардың халықаралық фестивалінің аяқталуына арналған гала-концерт өтті, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Астана қаласының 20 жылдығына арналған фестивальді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұйымдастырды.

10 жастан 16 жасқа дейінгі бишілер, әншілер, музыканттар, және өлеңді мәнерлеп оқушылар фестивальдің іріктеу кезеңінде өз өнерлерін көрсетті. Жалпы фестивальге еліміздің барлық өңірінен және Ресей, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларуссия, Малайзия, Тайланд және Түркия елдерінен келген 400-ге жуық жас талант қатысты.

Осы орайда Әзербайжан Республикасы Мәдениет министрлігінің бас кеңесшісі Бугар Бахашев шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті.

«Аталған фестивальге біз 3 жас әртісімізді алып келдік. Олар 3 номинация бойынша бақтарын сынайды. Наргиза Лева есімді әншіміз бүгінгі концертте «Түрік маршын» орындайды. Ол байқаудың іріктеу кезеңінен сүрінбей өтті. Фестиваль өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сондықтан қорытынды концерт біздің көңілімізден шығады деген үміттемін», - деді ол.

Гала-концертте көрермендер Burabay Summer Fest қатысушылары дайындаған «Искра таланта» мюзиклін тамашалады.

Мюзиклдің негізгі идеясы – заманауи шығармашылық жастардың сан алуын қырын көрсету.

Сондай-ақ байқаудың қорытынды кезеңіндегі қатысушылардың өнерін бағалау үшін арнайы комиссия құрылды. Оның құрамына ҚР Еңбек сіңірген әртістері Қайрат Кәкімов пен Игорь Благодарный, Тұрар Әліпбаев, әнші Бауыржан Исаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Раушан Мұсахожаева, ҚР Тұңғыш президенті қоры сыйлығының лауреаты Ануар Садықов, актер Әділ Ахметов бар.

Айта кетейік, 17 маусымда Бурабай демалыс аймағындағы «Балдәурен» оқу-сауықтыру орталығында фестивальдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Мұнда қатысушылар екі апталық дайындық бағдарламасынан өтті.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер