BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Бұл «Ай-Қарагөз...» бұрынғы «Қарагөзден» өзгерек...

Астана. 9 қазан. Baq.kz Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық балалар мен жас­өспі­рімдер театры жазғы демалыстан кейінгі жаңа маусымды жаңа премье­ра­мен қарсы алды. Премь­е­ра болғанда да, бұл қо­йы­лым­ның жөні бөлек – Ұлы Мұхаң, Мұхтар Әуе­зовтің «Қарагөзі». Алаш жұрт­шылығына әде­би шы­ғарма ретінде де, сах­налық қойы­лым ретін­де де кеңінен таныс, бірақ ешқашан жалық­тырмай­тын, ешқа­шан өзектілігін жой­май­тын­ды­ғымен бұл туынды клас­сикаға айналғаны әмбеге аян. Алайда бұл «Қара­гөз» осыған дейін сах­на­да қойылып жүрген бұ­рынғы «Қара­гөз­дерден» өзгерек... 

Несімен? Әрине, Әуезов шығарма­сы­ның желісі сақталған. Дегенмен режиссер әрі театрдың көркемдік жетекшісі Талғат Теменов шығарманың мүлдем жаңаша нұсқасын жасап шыққан. Мұнда сахналық безендірілуден бастап, актерлік ойындар да басқа және ең басты айтарлығы – қо­йылымға жаңаша әр беріп тұрған әуендері де. «Жігіттер» тобының орындауындағы «Ай-Қаракөз», Шәба Әденқұлқызының ор­ындауындағы «Үрия-ай» әнін, Өмірқұл Айниязов репертуарының әндерін, «Қо­ңыр» тобының «Туған жер» әнін және қо­йы­лымның өн бойында лейтмотив іспетті, бірде әуені ғана, бірде әннің өзі орында­латын «Дариға-дәуренін» бұрын жеке-жеке тыңдап жүрсек те, солардың барлығы біртұтас қойылымда образдарды ашуға қолданылса, тіпті басқаша екен. Яғни бей­не әу бастан аталған әндер дәл Қаракөз мен Сырымның махаббаты мен мұң-зарын жеткізуге жазылғандай әсер аласың.
Рамазан Стамғазиев, дәстүрлі әнші:
– Мен өзім бұрыннан орындап жүр­ген «Дариға-дәурен» әнін алғаш «Қара­гөз» қойылымына қосқалы жатырмын дегенде, «бұл қалай болар екен?» деген біртүрлі сенімсіздікпен қарағаным рас. Сондықтан спектакльдің дайындық бары­сына әрдайым келіп, актерлердің осы бір әнді қойылымға үйлестіре жет­кізуіне өзім басшылық жасадым. Кейін­нен ой­лап қарасам, мәселен, «кезінде Е.Бруси­ловский «Қыз Жібек» операсын қойған кезде қазақтың халық әндерін пайдала­нып, әрқайсысын әрбір образға салған екен-ау» дедім. Ендеше, менің орын­да­уым­дағы ән ғана емес, жалпы, халық ән­де­рінің спектакльде қолда­нылуын Тал­ғат ағамыз өзінің осы «Қара­гөзді» қою барысында жалғастырған екен. Шыны керек, басында тосырқай қабылдадым деп отырмын ғой, себебі Тұрсынжан Ша­пай ағамыздың «Дариға-дәуренін» орындағанда маған басқа бір ой келіп, басқаша елестететінмін. Бірақ енді қа­рап отырсам, Сырым мен Қарагөз жү­рек­терін қауыштырған осы ән бе деп, сондай жылы қабылдап, сүйсіне тама­ша­ладым.
Сахналық қойылымның сәтті шығуы, әрине, шығармашылық топтың шығарма жүгін, оның маңызын түсініп және өзі сом­дайтын кейіпкердің ішкі жан тебіренісін таби­ғи жеткізе алуында екені айтпай-ақ түсінікті. Осы жағынан алғанда көрермен­нің әсіресе Қарагөзді сомдаған жас ак­три­са Аида Жантілеуова мен Сырым – Дар­хан Сүлейменов, Нарша – Мұхит Шын­таев жә­не Мөржан – Гүлжамал Қа­зақ­баева­лар­дың еңбегін аса жоғары баға­ла­ғаны олар­дың сөзінен бұрын көзінен, яғни кейіп­кер­лермен бірге жылаған көз жастарынан көрініп тұрды. Бір сөзбен айтқанда, жүрек­тен шыққан дүниенің ғана жүрекке жете­тіні баршамызға аян. Әсіресе қойылым бары­сында Сырым мен Қарагөздің бала­лық шағы іспеттес қос бүлдіршінді сырт көз әрі көрермен мен қойылым арасын жал­ғаушы дәнекер еткені режиссердің ерек­ше бір шешіміндей көрінді. Мұндағы ой, біріншіден, оқиғаға сәби көзбен қарау болса, екіншіден, режиссер осы арқылы сезім деген дүниенің қашанда сәби секілді пәк күйде қалатынын айтқысы келген болуы керек, шамасы. Және сол қос бүл­дір­шін актердің өте нанымды ойнаған тұсы сәтті шықты.
Талғат Теменов, режиссер, ҚР Халық әртісі:
– Бұл шығармаға келу қиын болды, себебі жауапкершілік жүгі ауыр еді. Өйт­кені бұл спектакльді қоймаған театр жоқ­тың қасы. Бірақ бүгінгі заман басқа. Бұл сонау қазақта театр енді пайда болған 1926 жылы жазылған дүние, ал заман болса өзгерді, арадан ғасырға жуық уақыт өтті ғой. Бірақ өзгермеген және ешқашан өзгермейтін бір нәрсе болса, ол – сезім, ол – махаббат. Әрине, әр шығарманың жақ­сы жағымен қатар, кейде қабылдай алмай­тын да жағы болады. Мен Мұхаңның «Қарагөзін» жаңа заманға лайықтау барысында, өзі болмаса да, көзіндей Мұрат Мұхтар­ұлына көрсетуді жөн деп таптым. Ол кісі «егер автор тірі болғанда, риза болар еді» деген соң, көңілдегі біраз қорқы­ныш­ты сілкіп тастап, іске кірістік. Жалғыз өзім емес, әрине, көптеген азаматтар ат­салысты. Оның бірі – бүгінгі қазақ өне­рінің дарынды жастарының бірі Рамазан Стамғазиев, Шәба Әденқұл­қызы атты керемет әнші қызымыз бар, тағы бірі – Өмірқұл Айниязов атты әнші ұлдарыңыз. Осы азаматтардың тек әндері қойылым­да қолданыла салған жоқ, өздері осы шы­ғар­маның сахналануы барысында бастан-аяқ бірге жүрді дей аламын. Тағы бір жаңалы­ғымыз десек те болатын шығар, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келген Индира Их­сан атты қызымыз қою­шы суретші болып отыр. Бүгін – оның жал­пы шығарма­шы­лық жолдағы тұңғыш премьерасы. Со­ны­мен қатар ең басты жүк спектакльді алып шығатын актерлер мен жалпы шы­ғармашылық топқа артылды. Сондай-ақ тағы бір айтарлығы, Мұхтар Әуезов классик болғаннан кейін, классикада әртүрлі жанрларға бару керек. Сондық­тан біздің нұсқамызды қабыл алады деген ойдамыз. Өйткені классика – мәң­гілік, Әуезов – мәңгілік, өнер – мәңгілік.
Автор: Мәриям ӘБСАТТАР 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер