BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Біз Астананы азиялық кинематография орталығына айналдыруымыз керек - Т. Бекмамбетов

АСТАНА. 1 шілде. Біз Астананы азиялық кинематография орталығына айналдыруымыз керек. Бұл туралы бүгін «Астана» экшн фильмдер кинофестивалінің алғашқы баспасөз мәслихатында қазақстандық режиссер Тимур Бекмамбетов мәлім етті.

«Биыл фестиваль көп кинематографистерге қарай елеулі қадам жасады. Біз 90-шы жылдардың жұлдыздар шеруін жасауды доғардық. Біз Астананы азиялық кинематоргафия орталығына айналдырумыз керек», - деп атап көрсетті кинофестиваль президенті Т. Бекмамбетов.

 Оның атап өткеніндей, фестивальге Азия құрлығындағы ең ірі үш киномектебі саналатын Қытайдың Бейжің киномектебінен, Кореяның киноөнер академиясынан, Жапонияның Киото өнер университетінен жас режиссерлер келіп отыр.

 «Әр мектептен 30-ға тарта қатысушы келді. Оған Қазақстаннан таңдалып алынған 30 кинематографист қосылды. Сонда барлығы 120 жас режиссер қатысуда. Олар қысқа уақыт ішінде кинемтографияның көптеген сырларына қанығып, Қазақстан және тамаша қала - Астана жайлы мағлұмат алуға үлкен мүмкіндік алып отыр.  Олар бірігіп, Астананың жаңа мифологиясын құрулары тиіс. Не шығатынын біз білмейміз, көреміз, бағдарлама соңында көрсетуге тырысамыз», - деп түйіндеді сөзін ол.

 Фестиваль бүгін Бейбітшілік және келісім сарайында салтанатты түрде ашылды. Астана кезекті рет әлемдік кино жұлдыздарын, әйгілі актерлерді, режиссерлерді, мәдениет және өнер қайраткерлерін, продюсерлерді және әлеуетті инвесторларды жинайды. Фестивальға қатысушылар арасында Корея, Жапония, Қытай және Қазақстаннан 150 делегат, АҚШ, Еуропа, Ресей және Қазақстаннан 300-ден астам қонақ пен өкілдер бар.

 «Астана» экшн-фильмдер фестивалінің аясында алғаш рет жастарға арналған «ART FEST» байқауы өтеді. Ондағы мақсат - жас таланттарды іздеу және оларды қолдау. Байқауға Қазақстан, Жапония, Қытай және Кореядан барлығы 200-ден астам жас сценарийшілер, режиссерлер, операторлар, суретшілер және аниматорлар өтініш берді. Осылардың ішінен іріктеуден өткендер фестиваль өтетін 3 күн ішінде «1 күн ішіндегі бейне, комикстер, костюмдер, анимация» номинациялары бойынша «Астана суперкейіпкерін» жасау жөніндегі өз идеяларын ортаға салады. Негізгі талап - қазақ халқының мәдениетін, Қазақстанның қазіргі астанасының рухын көрсететін бүгінгі күннің мүлде жаңа кейіпкерін ойлап тауып, оны аша білу. Үміткерлерге арналған жұмыс алаңдары мен шеберлік сыныптары  Қазақ Ұлттық университетінің «Шабыт» ғимаратында орналасқан.

 Кинофестиваль шеңберінде танымал кино мэтрлерінің қатысуымен жеті шеберлік сыныбы өтеді.  Олардың ішінде әйгілі «Робин Гуд» және «Граф Монте-Кристо» фильмдерін түсірген американдық режиссер және сценарийші Кевин Рейнольдс және ағылшын продюсері, сценарист, режиссер әрі актер Джон Дж. Келли және тағы басқалар  бар.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер