BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Біржан–Сара» операсы өнерге деген құштарлықты көрсетеді - министр

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Бурабай аспанында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен көрермен назарына М. Төлебаевтың «Біржан–Сара» операсының қойылымы сахналанды деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Біржан–Сара» операсының тұсаукесері биыл көктемде «Астана Опера» сахнасында өтіп, зор жетістікке ие болды. Ал бүгін Біржан сал дүниеге келген Бурабайда ашық аспан астында қойылып отыр.

Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бұл шараны Астананың жиырма жылдық мерейтойымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында бүкіл елімізге жаңа форматта қойылып жатқанын атап өтті.

«Опера жанры – музыка өнерінің ең биік шыңы. Бізде де жақсы ұлттық операларымыз бар. Оның ішінде шоқтығы биік маңдайалды туындылар – Евгений Брусиловскийдің «Қыз Жібегі», Ахмет Жұбановтың «Абайы», Мұқан Төлебаевтың «Біржан–Сарасы». Сол үшін де ұлттық операмызды жоғарғы деңгейге шығарып, көрсетіп жатқанымыз үшін өте бақыттымыз. Бұл операны Біржанның туып өскен жері Көкше өңіріне әкеліп қойып жатырмыз. Ұлттық операмызды дүние жүзіне паш етуіміз қажет. Опера ғана емес басқа да жанрларды халыққа кеңінен көрсетуіміз керек», - деді министр.

Ашық аспан астында опера қоюға арнайы декорация дайындалады. Бүгін «Біржан–Сара» операсы Бурабайда «Абылай» алаңында, екі таудың ортасында қойылды.

«Декорацияның бәрі «Астана Опера» театрында бар. Шетелден бірде бір артист шақырмадық. Оркестр, балет, хордың бәрі өзіміздікі. Жарық пен дыбысты ғана ұйымдастырдық. Үш жыл бұрын Астанада ең бірінші рет «Аида» операсын, ЭКСПО 2017 аясында «Қыз Жібек» операсын қойдық. Ең бірінші рет Астанадан сыртқа шығарып жатырмыз. Бүкіл халыққа көрсететін мұндай бағытты жалғастыруымыз керек. Артистер мен шығармашылық және техникалық ұжым қолайсыз ауа райына қарамай үшінші күн дайындалды. «Біржан–Сара» операсы драма емес, бұл махаббатты, өнерге деген құштарлықты көрсетеді», - деді ведомство басшысы.

Аталған операның қоюшы режиссері Асхат Маемиров дала сахнасына 400-ден астам артист өнер көрсететінін атап өтті. Олар бір апта осында және опера театрында дайындық жүргізген.

«Біржан Сара» – қазақ классикалық операсының шыңы. Өзінің әні қалған, талай шығармаларын тудырған топырақта қою бізді биік шығармашылық идеяларға жетеледі. Соның ішінде сіздер көретін халыққа арналған дала театрының заңдылықтарын, театр элементтерін сіңіріп шығардық. Атқа мінген сал-серілер тобы шығады. Біржан сал «Абылай» алаңында талай рет ән шығарған да болар, халықпен сырласқан да болар. Ескере келе Біржанның да, Сараның да образын халыққа жақындатып мейлінше типтік бейнелер жасауға тырыстық. Біржан сал өмір сүрген кезеңді, сол замандағы адамдарды көз алдымызға әкелгіміз келді», - деді режиссер.

Айта кетсек, Біржанды халықаралық байқаулардың жеңімпазы Мерей Бәйнешов, ал Сараны Қазақстаннң еңбек сіңірген артисі, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы ойнады. Маемиров өнер иелері дала театрының артисін көрсететін керемет дайындықпен келгенін атап өтті.

«Опера театрының ішінде таза классикалық нұсқасы сақталған, көрермендер екі актіден тұратын шығарманы көреді. Ал мұнда бір жарым сағатқа созылатын дүниені бір актіге сыйғызып үлкен қойылым жасадық. Басы бар, жұп-жұмыр, айналасы тегіс келген жинақы дүние болып шықты», - деді Маемиров.

Төрт жүзге жуық өнер иесі – «Астана Опера» оркестрі мен бүкіл хоры, жекелеген орындаушылары, «Астана мюзиклі» театрының артистері, Ақмола облыстық филармониясы мен театрының артистері.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер