BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Білетініміз домбыра ғана ма?

Астана. 19 қазан. BAQ.kz Адырна, асатаяқ, домбыра, қылқобыз, шаңқобыз, жетіген, желбуаз секілді тағы басқа да көптеген ұлттық аспаптар бүгінгі қазақ жасының санасында экзотика есебінде қабылдана бастады. Жаңалықтың бәрін жаһанданудан көретін көпшілік бұл үрдісті де жаңа технологияға жабуда 

Әнді қалықтатып қазақ даласына қондырған, күйді күмбірлетіп көкірек көзі ояу көпке құйған біздің әдемі аңыздардың ауылы алыстаған сайын ұлттық өнеріміздің де өрісі тарыла түскенін көресіз. Бүгінгі реализмнің қаталдау шындығымен бетпе-бет келген сайын қоғамның да сипаты өзгеріп, ұлттық құндылықтар құнының жеңілдей түскеніне куә болудамыз. Жастарды ұлттық аспаптардан алыстатқан қандай күш? Санаулы ғана мұражайларда кездесетін бұл қазына бүкіл ұрпаққа аманат бола ала ма?
Қазір биік мінберлерде ұлт­тық тәрбие, патриоттық сезім, ұлт­тық идеологияның қажеттігі жөнінде көп айтылады. Кеңестік саясаттың дәуірлеп тұрған кезінің өзінде бұл тақырып дәл бүгін­гідей өзекті, дәл бүгінгідей қам­қорлыққа зәру емес еді. Оның себебі қандай саясат үстемдік құрса да, сол кездегі ұлттық рухтың өзегі осы ұлттық фольк­лор­дан, сол қайнардан сусын­дап, содан нәр алғанында бола­тын. Рас, біз сыбызғыны серік етіп, қобызды қолтықтап, шер­терді шертіп, асатаяқты арқа­ламадық. Бірақ осы аспаптардың әрқайсысының біздің тарихпен етене, біздің өткенімізбен тамыр­лас екендігін біліп, сезініп өстік. Олардың әрқайсысының мәні мен маңызын арттыратын әдемі аңыздар мен әңгімелер біздің ол аспаптарға деген құрметімізді арттырып, мақтанышымызды үдетті. Мектептегі домбыра үйір­мелері төл өнерге деген махаб­батымызды қанат­тан­ды­рып, ұлт­тық аспаптарымыздың қашан­­да ұлық тұруы керек екен­дігін ұғындырды. Үйірменің әр сабағы әдемі аңыздардан баста­латын­дықтан, ол үйірмеге қатысуға ниетті баланың санын­да шек бол­майтын. Мәселен, Қорқыт­тың «Әуіппай» атты күйі аш­тықтың азабын тартып, қолын­дағы бала­сына беретін тамақ болмай, оны жұбата ал­май абыржып келе жат­қан анаға арналып шыға­рыл­ғанын біз музыка пәні мұғалімінің айтуы арқылы есті­дік. «Қорқыт осы күйді ойна­ған сәтте жас нәресте күйдің әуенінен елтіп ұйықтап кетеді» деген ұстаздың әңгімесі қобыз күйінің құлаққа жайлы естіле­тінінен, көңілің тыныш­та­латын­дай, бесік жыры тәріздес құдіретке ие екендігінен хабардар боласың. Қор­қыттың «Ұшардың ұлуы» атты күйінің қайтыс болған аңшы жігітті жоқтап жылаған анасы мен Ұшар деген итінің ұлуын дәл жет­кізетінін естіп қайран қалыстық.
Күйді тыңдағанда баласын жоқтаған ана­ның зары, иесін іздеп жылаған иттің да­уысы күйден аңғарылады екен. Қобыз арқылы осы күйлерді шертіп көрсетпесе де, білікті ұстаз оқушысын ұлттық аспап­тар­ға осындай әдемі аңыздар арқылы ұйы­татын. Қазақта бұдан өзге де әр аспап­тың төңі­регінде құрылған аңыз көп. Сы­бызғы мен шертердің, асатаяқ пен адыр­наның әсем саздары да талай аңызға өзек болғаны анық. «Ынтасы жоқ, зейіні төмен» деп біз бұл мәселелердің бәріне бү­гін жасөспірімдерді кінәлай беруге да­йын тұрамыз. Шын мәнінде, ұлт аспап­тар­ды ұлықтауға дәл қазіргі уақытта ыжда­һатты ұстаздардың аздығы себеп болып жатқаны да жасырын емес. Ұлт тарихымен етенедей болуға тиіс төл аспаптарымыздың жас жеткіншек санасына бүгін экзотикалық құндылықтардай қабылдана бастауының бір себебі де – осы ұлт аспаптарын үйре­те­тін мамандардың азайып кеткендігінде.
Ата-ананың ұлт аспаптарды ұлықтау­да­ғы рөлінің де айтулы екендігі әу бастан белгілі. Әйтсе де ата-ананың осы жауап­кер­шілігі бүгінде азайып кетті. Үйдегі үл­кен­­де­рінен қаймығып, төрдегі домбы­раға үзіле қарайтын бұрынғының баласын бүгін сол төрдегі киелі құндылықты есікке сүй­реп, ойыншыққа айналдырған кішкен­тай­лар алмастырды. Мұндай өзгерісте, ең ал­ды­мен, ата-ананың үлесі айрықша. Бізге қазір «Музыка денені шынықтыратын гим­нас­тика тәріздес, ол адамның жанын же­тіл­діреді. Алдымен ләззатқа бөлейді, одан соң құмарлықты оятады, қиялға жетелей­ді» деген ұлы ойшыл әл-Фараби тұжы­ры­мына ұйығанымыз қажет секілді. Ұлттық өнер ұрпақтың қажеттілігіне айналғаны­мен өміршең, аманат есебінде алмасуы­мен қадірлі.
Ерлік ӘЛІМҚҰЛОВ, Ықылас атындағы Ұлт аспаптар мұражайы директорының міндетін атқарушы, өнертанушы:
– Бүгінгі телеарналар, радиолар, сон­д­ай-ақ көпшілік назары эстрадаға көп ауып кетті де, ұлттық аспаптар мен дәс­түрлі өнер сырт қалып жатқаны жа­сы­рын емес. Заман ағымы да осы құн­ды­лықтарға көңіл бөлуді қажет етпей отыр. Мектептердегі балалар қазір дом­быра, сырнай үйренуден гөрі би үйір­мелеріне барғанды жөн көреді. Ол­ар­ға қазір бимен танылған сәндірек. Ек­ін­ші жағынан, ұлттық аспаптардың на­си­хаты жоқ. Қандай жарнама болса да, эстра­далық өнерге жасалады. Балалар­дың қызығушылығын мектеп, балабақ­шадан бастау керек. Ұлттық аспаптар ба­лабақ­шаларда насихатталып, көрне­кілік құрал ретінде сол кезден бастап ба­лаларға таныстырылуы керек. Балалар ол жер­ден аспапты керемет меңгеріп шық­пайтыны белгілі. Бірақ ол аспаптың не екенін біліп, оның атауына ең болмаса құлағы сіңісті болып өседі. Біз ешкімді классикалық өнермен таңғалдыра ал­май­мыз. Ол салада бізден де мықты италиялықтар, испандықтар бар. Бізге шет­елдіктер келетін болса, ең алдымен, осы ұлт аспаптар музейіне келеді. Өйт­кені оларға біздің ұлттық өнер қызық, ұлттық дүниелер таңсық.
Абдулхамит РАЙЫМБЕРГЕНОВ, «Көкіл» мектебінің директоры, күйші, өнер зерттеушісі:
– Алдымен, мектеп қабырғасында ұлт аспаптарға арналған арнайы пән өтуі керек. Үйірме деген, меніңше, еш бе­ре­ке­сі жоқ нәрсе. Менің осы саламен ай­на­лысқаныма, міне, 30 жылдан асып­ты. Біздің мектептегі балалар ұлттық ас­пап­тарды біліп қана қоймайды, сол ас­пап­тардың құлағында ойнайды, жыр ай­тады, сол аспаптармен айтысады да. Біз қазір осы проблеманың айналасында, орыстанып кеткен қазақ балаларын ұлт­тық аспаптарға, ұлттық құндылықтарға баулу мақсатында жақын күндерде Өс­кемен қаласында үлкен семинар өткіз­гелі жатырмыз. «Мұрагер» бағдарлама­сы: Ұлттық құндылықтарды жаңғырту­дың жаңа құралы» деген тақырыпта. «Мұрагер» бағдарламасы білім жүйе­сіндегі стандартқа енетін болса, бұл жер­де бүкіл нәрсе бар. Онда шығыс му­зы­касынан тартып, Еуропа музыкасы, қазақтың бүкіл аспаптары, ұлттық ән-күйлер – бәрі-бәрі балалардың жас ер­ек­шелігіне қарай реттеліп қойылған.
Автор: Шолпан ҚАРАЕВА 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер