BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Байқауда бағы жанғандар

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдық тойы қарсаңында Байланыс және ақпарат министрлігі Қазақстан мемлекетінің қалыптасуы мен дамуына арналған журналистер мен фототілшілер арасында шығармашылық байқау ұйымдастырған болатын. Ал кеше Астанада байқау жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Жеңімпаз журналистерге арнап Байланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев құттықтау жолдапты. Құттықтауды министрліктің жауапты хатшысы Қайрат Әбсаттар оқып берді.
Сонымен, байқау жеңімпаздары кімдер? «Тәуелсіз Қазақстанның тарихына арналған үздік авторлық фотоматериал» аталымында Премьер-министрдің фототілшісі Шүкір Шахай жеңімпаз атанды. Ал «Қазақстанның экономикалық жетістіктерін көрсететін ең үздік мақала» аталымына «Қазақстан-Заман» газетінің тілшісі Жадыра Мүсілімова және «Нарық әлемі» газетінің тілшісі Қалмұрат Дәулетбаев лайық деп танылды. «Еліміздегі саяси жаңарулар бойынша үздік мақала» аталымында белгілі ғалым, «Мысль» журналының тілшісі Әбдеш Қалмырзаев ағамыз бен «Жас қазақ» газетінің жауапты хатшысы Ағабек Сыдықов марапатталды. «Ең үздік қоғамдық-саяси басылым» аталымында «Ақиқат» ұлттық қоғамдық-саяси журналы топ жарды. «Қазақстан. Менің елім» бағдарламасы топтамалары үшін тележүргізуші, «Қазақстан» телеканалының «Апта.kz» ақпараттық-талдау бағдарламасының шеф-редакторы Қанат Әуесбай мен «Жасампаздықтың 20 жылы» фильмі үшін «Қазақстан - Қарағанды» телеарнасының телебағдарламаларды дайындау бөлімінің бастығы Әшімхан Жәмпейісов «Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне арналған қазақ тіліндегі ең үздік телевизиялық жоба» аталымының жеңімпаздары деп танылды. Ал «Тәуелсіз Қазақстанның гүлденуіне арналған орыс тіліндегі ең үздік телевизиялық жоба» аталымында - «Великая мечта» деректі фильмі үшін ҚР Президентінің Телерадио кешені марапатқа ие болды.


Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Астана

http://www.aikyn.kz/index.php?option=com_content&task=view&id=11275&Itemid=44

Фото Нұрлыбек Жеңісбектің жеке блогынан алынды


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер