BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Азиада аруы» анықталды

Алматы қаласында VII қысқы Азиада ойындарын насихаттау мақсатымен ұйымдастырылған «Азиада аруы-2011» атты сұлулық байқауы өз мәресіне жетті. Ақтық финалда бақ сынас­қан 20 сұлудың ішінен үздік шыққан Құрманғазы атын­дағы қазақ ұлттық консерва­тория­сының шәкірті Күміс Базарбаева бас жүлдені жеңіп алып, «Азиада-аруы-2011» атанды.
Естеріңізге сала кетсек, 60 ару қатысқан байқаудан 20-сы іріктеліп, финалдық кез­де­суге жолдама алған еді. Оларға қойыл­ған басты талаптардың бірі – белгілі бір спорт түрімен айналысуы, бойы – 173 см, жас шамасы 17-25 аралығында болуы ке­рек еді. Он күн ішінде аруларымыз би би­леу­ді, тұғырда кәсіби деңгейде өз-өзін көр­сетуді меңгеріпті. Бас жүлдені жеңіп алуға барын салған сұлуларымыздың көрсеткен өнері, шы­ны­мен де, биік болды. Азиадаға арнайы келген шетелдік қонақтар: «Қазақ қыздары әлем сүйсінетіндей өте әдемі екен, 20-сы да асқан сұлу, жаһандық модель бизнесін бағындырған модель қыздармен салыстырғанда қазақ сұлулары әлдеқайда алда», – деп ағынан жарылды. «Шынымен де, тұғырға көтерілген «Азиада арулары» түрлі сән киімдерін киіп, көрер­мен алдына шыққанда, барлығына да бас жүлдені сыйға тартқың келеді, бірақ жарыс­тың аты – жарыс» , – дейді әнші Нұрлан Абдул­лин. Сонымен «Азиада аруы-2011» жобасының жүлдегерлері төмендегідей: III орын Павлодар қаласының тумасы 19 жасар Роза Ахмедиеваға, II орын 23 жасар Орал қаласының тумасы Саида Әділоваға, I орын Талдықорған қаласының тумасы 21 жасар Әйгерім Досболоваға (вице-ару), бас жүлде 22 жасар Көкшетау қаласының тумасы Күміс Базарбаеваға бұйырды. Нұрлан АБДУЛЛИН, «Азиада аруы-2011» қазылар алқасының төрағасы: – Елімізде үлкен мереке, соған орай ұйымдастырылған сұлулары­мыз­дың бәйгесіне мені төраға етіп сайлағандарына қуанамын. Жалпы, ару қыздарымызға баға беру өте қиын, өйткені әр қатысушы өзінше әдемі, көркем. Бірақ «Жарыста тұлпар болады» демекші, бас жүлдеге өнерге, спортқа жаны жақын аруымыз қол жеткізеді. Маған салсаңыздар, барлығына да бас жүлдені бөліп беруші едім, өйткені  олар бәріне де лайық. «Мәдени Азиаданың» бір бөлімі ретінде ұйымдастырылған шараға табыс тілей отырып, «Алға, Қазақстан!» дегім келеді. Күміс БАЗАРБАЕВА, «Азиада аруы – 2011» байқауының бас жүлде жеңімпазы: – Мен Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының шәкіртімін. Осы нәтижеге қол жеткізуіме ұстаздарымның еңбегі шексіз деп ойлаймын. Әділ қазылар алқасы мені бас жүлдеге лайық көрген болса, мен келешекте биіктен көрінуге барымды салып тырысамын. Жалпы, бәйгеге қатысқан қыздармен достасып, арамызда жылы қарым-қатынас орнады. Біз бір-бірімізді сахнада демеп жүрдік. Ең бастысы, Азиадада спортшыларымызға тек жеңіс тілеймін. Автор: Сейілбек АСАНОВ http://www.alashainasy.kz/culture/18143/

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер