BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Әжемнің бізін әлі де пайдаланамын

Қыздар бүгінде жігіттерге кестелі орамал сыйламайды. Он жасында оймақ алып, он бесінде кесте тігіп майысып отыратындар аз. Әйтсе де бар өнерін тіл мен бармақтың басына жинаған халқымыздың көнеден келе жатқан қолөнерін өмірінің өзегіне айналдырған жастар да бар. Солардың бірі – Гүлназым Өмірзаққызы.
Біз Гүлназымды Астанада өткен көрмелердің бірінде кездестірдік. Көрмедегі көздің жауын алатын қызылды-жасылды түрлі дүниелерді жағалай шолып келе жатып, қыздың қасында тұрған картиналарға риясыз көз салдық. Қанық түстер. Әсем картиналар. Бірі-бірінен өткен әдемі. Бәрі де «сөйлеп» тұр. Ғажабы сол, бұл картиналар – әдеттегідей қылқаламның емес, біздің ұшынан туған дүниелер. Алғашында Гүлназымды жәй сатушы болар деп ойлағанбыз. – Бұл картиналардың авторы менмін, – деді Гүлназым, біздің авторды сұраған алғашқы сауалымызға жауап беріп. Ол ашық-жарқын қалыпта әңгімемізге ілесе кетті. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын көркем сурет (живопись) мамандығы бойынша тәмамдаған Гүлназым алғашқылардың бірі болып магистратураны біз-кесте өнері бо-йынша өнер магистрі болып бітірген. Ал бұған дейін қолөнердің осы түрін қайта жаңғыртып, оны тұңғыш рет ғылыми жұмыс ретінде Гүлназымның әпкесі Айнұр Өмірзаққызы қорғаған. Гүлназымның туындыларының барлығы салт-дәстүріміз бен тарихымыздан сыр шертіп, қазақы болмысымыз бен мінезімізді байқатады. Әрбір жаңа картинаны дүниеге әкелерде ұлттық ерекшелігімізді өзек етіп алатын Гүлназым магистрлық ғылыми жұмысына да ұлттық спорт ойынын таңдапты. – «Қыз қууды» витраж арқылы, яғни төрт бөлшек етіп кестелеп, кейін барлығын қосып бір үлкен картина жасадым. Мақсатым – ұмытылып бара жатқан ұлттық ойынымызды қолөнер арқылы насихаттау. Оның үстіне, кесте өнері де қазір көп қолданылмайды. Мәселен, түскиізді алайықшы. Қазір оны ешкім төріне ілмейді. Ал мен түскиізді заманауи әдістермен ұштастыра отырып, тек кілем ретінде ғана емес, зәулім ғимараттарға, мейрамханаларға іліп қоятындай картина түрінде жасап жүрмін, – дейді ол. Кейіпкеріміз осындай ғажап дүниелерді әжесінен қалған біз арқылы өрнектейді. «Мұндай құрал қазір жоқ, еш жерде сатылмайды да», – дейді бұл туралы оның өзі. Он үш жасынан бастап қолына ине алған Гүлназымға кесте тігуді анасы Қалемхан үйреткен. «Шеше көрген тон пішеді» деген осы! Кестелеп тоқылған картиналардың үлкендері 180-200 мың теңгенің төңірегінде болса, кішілеу картиналардың бағасы 25-30 мың теңгені құрайды. «Жеке отбасылық көрмемізді өткізген кезде баға бұдан гөрі жоғарылау болады. Өйткені залды жалға алу құны қымбат», – деген Гүлназым бұл бағаның қарапайым халықтың қалтасына ауырлау тиетінін де түсінеді. Алайда, мұның барлығы бір нүктеге бассаң болғаны, зыр еткізіп шығарып беретін компьютер не мәшиненің көмегімен жасалып жатқан жоқ. Таза қолөнер. Бізді бармаққа батырып бейнеттенесің, көзмайыңды тауысып көп уақыт жұмсайсың. Және кез келген шығармашылық түрі секілді біз-кесте өнері де шыдамдылық пен ізденісті қажет етеді. – Негізінен картиналарды көптеп сатпаймыз. Дайын дүниелеріміз де аса көп емес. Жаңа туындылар жасау үшін жаңа нобайлар ойластыру қажет. Туындыларымның нобайы әкем – Өмірзақ Рыстанның идеясымен сызылған. Ол кісі ою-өрнекті, қазақтың тұрмыс-тіршілігін абстракциямен шебер ұштастыра біледі. Жездем де теріден түрлі бұйымдар жасайды. Яғни, отбасымызда барлығымыз қолөнермен айналысамыз, – дейді шебер. Гүлназым Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы кезінде отбасылық көрмемен Франция, Германия, Түркия, Швеция елдерінде болып қайтыпты. Кейіпкеріміз бұл өнерді шетелде өте жоғары бағалайтынын айтады. Тіпті, өзге елдерден арнайы хабарласып, тапсырыс беретіндер де баршылық екен. «Қазақстанда сенің картиналарыңды қалап алдыратындар бар ма?» деген сұрақты көлденең тарттық осы тұста. – Иә, мысалы, Президент Әкімшілігінен тапсырыспен алдырады. Күйші Айгүл Үлкенбаеваның, актер Досқан Жолжақсыновтың үйлерінде менің картиналарым ілулі тұр. Сол кісілердің үйлерінен Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова апаларымыз көріп, қызығушылық танытыпты. Олар да тапсырыс бермек ниетте көрінеді. Бір байқағанымыз, Гүлназым өз жетістігін туындыларына танымал адамдардың тапсырыс бергенімен емес, өнерінің өзгелерге қаншалықты қуаныш сыйлай алатындығымен өлшейтіндей. Сондықтан да болар, ол бір кездері өз картинасының алматылық аналарға құттықтау хат ретінде жеткеніне ерекше қуанады. Ол кезде Гүлназым академияның 3-курсында оқып жүрген-ді. Оқу ордасында көрме ұйымдастырылып, оған бұның «Әлди бөпем» деп аталатын картинасы қойылған-ды. Сол жұмысы Алматы қаласының сол кездегі әкімі Иманғали Тасмағамбетовтің назарына ілініп, нәрестелі болған аналарға жіберілетін құттықтау хаттың сыртын безендіру үшін пайдаланылды. Айта кетейік, бұған дейін жас таланттардың «Айналайын» бірінші халықаралық фестивалінің лауреаты, V халықаралық мерекелік «Шабыт» жастар фестивалінің бірінші орын игері атанып үлгерген Гүлназым Өмірзаққызы жақында ғана «Дарын» мемелекеттік жастар сыйлығымен марапатталды. Нағыз дарынды жастың мемлекет тарапынан өз бағасын алғанына не жетсін! Нұрай Әбдікерім http://nurastana.kz/?p=10529

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
17 Желтоқсан 2018, 10:10
Мұхтар ШЕРІМ. МЕН ӘЛІ ҚЫЗБЫН...
Пікірлер