Республикалық, халықаралық байқаулардың жеңімпазы Алмас Кішкенбаевтың кезекті альбомы жарық көрді.
Бұл - белгілі әншінің бұрынғы продюсері Ләйлә Сұлтанқызымен арадағы келісімшарт аяқталғаннан кейін өз алдына еңбектеніп жасаған алғашқы қадамы. Алмас өзі өз болып өмірге әкелген тырнақалды туындысына ат қойып, айдар тағуды артық санаған сыңайлы. Жай ғана аты-жөнін көрсетумен шектеліпті. 5000 данамен тыңдарманға тарту етілген әнжинаққа он шығарма енгенін айта кеткеніміз жөн болар. Олардың арасында көпшілікке бұрыннан таныс «Арман-ай», «Алдайды», «Сағына беремін», «Аялайын», сондай-ақ сиясы кеппеген туындылар да баршылық.
- Бұл альбом екі жыл бұрын жоспарланған дүние еді. Кейбір себептерге байланысты жаңа жинақтың шығуын көп күткенім рас. Дегенмен «Ештен - кеш жақсы» деп қуанышты жаңалығымды әдеттегідей ең бірінші БАҚ өкілдерімен, достарыммен, әріптестеріммен бөлісуге асықтым. Барлық өнер иесі үшін сапалы өнім шығару, оны халыққа ұсыну басты мақсаттарының бірі. Мен де сапасы мен мазмұны, мәні мен сәні келіскен альбом жасауға тырыстым. Мұның бәрі бірге бірігіп жұмыс жасаған ұжым мен жанашыр достарымның жемісті еңбегі деп қабылдаңыздар. Менің қуанышты сәтімде жанымнан табылғандарыңызға рақмет. Біріншіден, Аллаға, екіншіден, альбомның сапалы жарық көруіне атсалысқан азаматтардың барлығына алғысымды білдіремін, - дейді Алмас Кішкенбаев.

Айта кетерлігі, Алмас бір жыл бұрын тек классикалық әндерді дәріптеумен айналысатын «Классик» квартетін құрып, өзінің продюсерлік қабілетін де көрсете бастады. Бүгінгі таңда төрттіктің репертуарында оннан аса ән мен бір бейнебаян бар. Топ құрамын таныстыра кетсек, Құрманғазы атындағы консерваторияның студенттері Тахауи Рахметов, Хамит Отарбаев, Аманқос Ұзақбайұлы, Ильзат Смаилов сынды төрт жігіттен құралған. Бір жыл бұрын бір ортаға бас біріктірген жігіттердің барлығы әзірге студент болғанымен, болашақта үлкен үміт күттіретін табиғи талант екендерін дәлелдеп үлгерді. Алмастың айтуынша, «Классик» тек қана классикалық жанрдағы әндерді орындаумен, жаңғыртумен, дамытумен ерекшеленеді.
Талай қыздың арманына айналып, жүректерін жаулаған жас жігіттің жеке басына келсек, бір жыл бұрын шаңырақ көтергені баршаға мәлім. Зайыбы Мөлдір екеуі тату-тәтті түтін түтетіп, жарасымды ғұмыр кешуде. Мөлдір банк саласының қызметкері болғанымен, жұбайының шығармашылығын жақсы түсінеді. Тіпті кезінде Алмастың «Алдайды» әніне түсірілген клипінде басты кейіпкерді сомдаған. Екі жастың болашаққа құрған жоспарлары көп. Бұйыртса, орындалады деген сенімде.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!