Әншілер ораза ұстай ма? - Өнер|23 Шілде 2012, 10:20
BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Әншілер ораза ұстай ма?

Жанды рухани тазартып, көркем мінезге ұмтылу арқылы нәпсіні ауыздықтайтын отыз күн оразада әр мұсылманның жүрегіне мейірім орнайтыны анық. Расымен де, бай-кедей, бағбан-бастық, хан-құл деп бөлуді тоқтатуға бұйырған бұл қасиетті айда әр мұсылман адам өзін басқалардан қарағанда ар-иманы, жасаған жақсы істері арқылы ғана жұмаққа бір табан жақын тұра алатынын түсінеді. Ал үнемі халықтың назарында болатын, сол Алла берген дарынымен дараланып тұратын біздің өнер жұлдыздары ораза ұстайды ма екен?..

Сонымен, «Ораза ұстадыңыз ба?» деген біздің телефон арқылы қойған сауалымызға алғашқы болып жауап берген Ұлықпан Жолдасов: «Алла қабыл көрсе, осымен екінші жыл ораза ұстадым. Жұмысымыз болғандықтан, тойларға баруға тура келеді. Оның үстіне, шақыратын тойлардың барлығы осы айда халал өтеді», - деді.

Ал кезінде Жастар одағы сыйлығының ең жас лауреаты атанған, қазақ тілімен қатар түрік, қытай тілдерінде де ән салатын Гаухар Қаспақова денсаулығына байланысты ораза ұстай алмайтынын айтты. «Мен ораза ұстамадым. Біріншіден, жас балаларым бар. Екіншіден, денсаулығым мүмкіндік бермейді. Нақты айтсам, маусымдық «аллергиям» бар. Бірақ, өзім ораза тұтпасам да, ниет еткен барша мұсылманның тілегі қабыл болсын деп тілеймін», - деді ел еркесі Г.Қаспақова.

Сахнада «сабырымен» ерекшеленетін әнші Досымжан Таңатаров Рамазан айын да «сабыр айы» деп санайтынын жеткізді. «Рамазан - сабыр айы ғой. Ораза ұстағаныма 7-8 жыл болды. Биыл да ниет етіп, Алла разылығы үшін ауыз бекіттім. Жалпы, қазір өнер азаматтары дінге белсенді бетбұрды. Халықтың алдында жүрген олар соған лайықты деңгейде әнімен болсын, жасаған құлшылықтарымен болсан, дінге берік екендерін көрсетіп жатыр. Әнші болсын, қарапайым адам болсын, елінің тыныштығын, ауызбіршілігін тілейді деп білемін. Лайым, әр пенденің тілегі қабыл болғай», - деді Д.Таңатаров.

Алла алдында ораза ұстау парызым деп санаған әнші Ақбота Керімбекова осымен үшінші жыл ауыз бекіткелі отырған көрінеді. «Алла қабыл көрсе, ораза ұстаймын. Биыл үшінші жыл. Әр мұсылманның парызы болған соң, орындауға міндеттіміз деп санаймын. Ораза ұстасам да, ұстамасам да, мен әрдайым елім үшін дұғада жүремін», - деп жауап берді А.Керімбекова.

Ал сауалнамамыздың соңғы кейіпкері Өмірқұл Айниязовтың ауыз бекітпегенінен хабардар болдық. «Ораза ұстамадым. Көбінде сапарда жүремін. Денсаулығыма байланысты десем, әрине, сылтау болады...Бірақ, міндетті түрде ауыз аштырып, садақа беремін. Жеті сайын жұма намаздан қалмаймын деп айта алмасам да, қолым қалт етсе, мешітке барып, намазға жығыламын. Алла әрқашан жолымызды оңға бастап, елімізді жетістікке жетелесін. Барша мұсылманға Рамазан айы мүбарак болсын», - деді ақ ниетін жеткізген әнші.

 

Кенжекей ТОҚТАМҰРАТ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер