BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Аңсатқан Ақанның әндері-ай

«Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлестігі ұйым­дас­тыр­ған бір ән кешінен түйген ой
Өткен жылдың соңына қарай, ертең Тәуелсіздік мерекесі деген күннің кешінде Қазақстан Жазушылар одағының Әде­биет­шілер үйінде бір әдемі жиын өтті. «Алаш­тың Ақан серісі» деп үкіленген осынау әдеби-сазды кеш қазақ әнінің кішігірім мерекесіне айналды десек те болады.  Бұл ән кеші өзі де тұсауын жаңа кесіп жатқан «Адырна» ұлттық-этнографиялық бірлесті­гі­нің тырнақ­алды қадамы екен. Игілікті іс­тің ұйытқысы болып жүргендер өңшең бір ұлттық өнерді сүйетін өрімдей һәм өндірдей жастар екенін көріп және қуандық. Сол жастар ән өне­ріндегі ірі тұлғаларды, олардың шы­ғар­ма­шылық мұра­сын насихаттаудағы, осы орайда қоздауы бәсеңдеген ұлттық рухты оятудағы алғашқы қадамды Алаштың ардагері, қазақтың клас­сикалық музыка­сы­ның негізін салушылардың бірі, алтын ға­сырдағы ән діңгегі, ұлы композитор, аруақ­ты ақын һәм асқақ әнші Ақан сері Қорам­саұлынан бас­тағанды жөн көріпті. Абай ғақлиясына жүгініп, істің игілігі мен ізгілігі әуелі қалай басталғанынан білінетініне тағы да ден қойдық. Иә, ұлық мерекеміз тәуел­сіздікке Ақан рухы үндесіп тұр екен-ау. Се­рінің серт үстіндегі семсердей ғазалдары ақ патшаның отаршыл сая­са­тын өз тұстас­тарынан ерек шыққан күрескер парасатпен, алғашқылардың қа­та­рын­­да аяусыз әшкерелеп еді ғой. Иә, Николай патшаның алдында алаш қауы­мы­ның зар-мұңын өлең­детіп ақ­тарған да сол замандағы зиялымыз­дың ішіндегі зияты Ақан сері емес пе еді. Азаттықтың аңсар жар­шысы, отаршыл­дар­дың қиянатын жан-дүниесінің тұңғиық түй­сік тұмасымен сезінген, көкірегінің зердесімен көріп на­за­лан­ған да наразы болған ұлт рухының бір мұң­лық мінәжатшысы осы ән ардагері емес пе еді. Мына азаттықтың ақ таңы атқан бостан заманымызбен Ақан рухы, Ақанның сөзі мен сазы бірге жаралғандай дейтініміз де содан. Ақанның әнін сағыныппыз, сардаланың сағымындай әуелеген, кәусар нұрға малын­ған сазын сағыныппыз. Алаштың ұлы ақы­ны Мағжан айтқандай, Ақанның ертегідей сұлу өмірін сағыныппыз. Шынында да, өне­рінен өмірі, өмірінен өнері сұлу,  өмірі мен өнері бір жанмен ғұмыр кешіп, бір жү­рек­пен лүпілдеп, бір деммен тыныстап, ажы­ра­ғысыз бүтінге айналған мұндай саңлақ­тар қай топырақта да сирек. Болмаса ағыл­шын­ның өнерлі дегдары Оскар Уайльд біздің Ақан­ның қолына су құюға жарамайды немесе Шаляпинді қапталына алмас еді деген сөз­дерді Мағжан, Сәкендер тегін айтты деймісіз. Ақан рухы өзінен кейінгі жалпы қазақ мәдениетінің қасиеті мен киесіне, ұлттық өнердің діліне дегдарлық пен бекзаттықтың өшпес сәулесін түсіріп таңбаланды, салдық пен серілікті ізгілік-парасаттың жоғары сатысына көтерді. Қазақ мұңының мүсінін­дей Мағжанның, қазақ жырының Құлагері Ілиястың, сері туралы қос романды халқына мұра етіп асығыс аттанған Сәкен сері Жү­нісовтің, күні кешегі музыка өнеріндегі бір­туарларымыз Нұрғиса мен Шәмшінің жан тамырлары әсіресе Ақан серінің тұнық тұ­ма­сынан, сұлу сабатынан қасиет тартқаны кү­мәнсіз. Осы орайда әдемі кештің ақ батасын айтқан профессор Тұрсынбек Кә­кіш­ұлының: «Ақан серіге келмеген, Ақан сері, Біржан салдарды құрметтемеген адам­дар­ды қазақ деп түсінудің өзі де қиын бо­луы мүмкін» деген сөздерінен көп сыр аңдағандаймыз. Қазақ әнінің  атасы Біржан дейміз. Одан бұрын Сегіз сері өткен. Осындай ән кемең­герлерінің сырлы дүниесін толық меңгерген Ақан сері өзі де дәл солардай шабыт сам­ғауына көтеріледі. Сөйтіп, Арқаның әншілік мектебінің алтын тәжіндей жарқырайды. Оның әуен-саздары бірде асқақ, бірде ойлы, бірде ойнақы да сырлы, шат сезімді, нәзік, кейбір әуендерінде терең толғау, толғақты пәлсафа, адамның жан күйінің шуағы, сәу­лесі, қуаты, шері мен шаттығы қат-қабат өріліп жатады. Музыка білгірі Ілия Жақанов ағамызбен сапарлас болып бір сұхбат­тас­қа­нымызда былай дегені бар еді: «Ақан се­рінің әндерінде цикл-цикл болып келетін бел­гілі бір жүйелілік, заңдылық байқалады. О баста, жастық, бозбалалық дәуренінде шығарған махаббат әндері, алғашқы ынтық ғашық жыр­­лары – қос Бәтимаға  жолдаған ән­дері, мәңгілік махаббат арманы мен са­ғыныш әл­диіндей Ақтоқты циклы, Сырым­беттегі үш сұлу перизат: Ұрқия, Жамал, Үрімдерге ар­налған «Сырымбет», «Үш тоты құс», «Жамал», өмірбақи арман-үнінің қа­на­ты болған тұлпарлары туралы «Салқоңыр», «Көк­ала­тай», «Маңмаңгер», «Телқаратай» ән­дері. Одан кейін шабытын шырқау биікке ша­рық­тататын қыран құстарын ардақтаған «Көк­жендет» пен «Қараторғай». Жастық шал­қуы мен жан тазалығы, сұлулық тәңірі һәм өмірге іңкәрлік өрнектелген «Шәм­си­қа­мар», «Райхан гүл», «Нәзік бел», «Балқа­ди­ша», «Көк кө­белегі», азаматтық өмір тану пар­қын зерделейтін «Майда қоңыр» секілді әндері ақын­дық, әншілік  құдіретін ашатын дү­ние­лер. Ақан сері осы қалпымен, осы си­па­ты­мен Сегіз серіден де, Біржан салдан да бө­лекше үн қататын өзгеше сырлы әлем, шыр­қау самғаған ән сұңқары. Ол бүкіл қа­зақ­тың ән өнерін даңққа бөлеп әлеует­тен­дір­ді, әуез­дендірді, биіктетті һәм тереңдетті». Ақан әндеріндегі шалқар тыныс, салқар кеңдік таңғалдырады. Осының құпиясын ән ке­шіндегі ажарлы сөзінде Тұрсынбек аға­мыз дәл ашып бергендей. Кең далада әнді осылай кеуде кере шырқап салмаса бола ма? Қазақ әнінің кеңінен көсілуі, еркін есілуі, мол мінезділігі, дарқан диапазоны даладан дарыған. Қазақтың әндік диапазоны италиялық­тардан артық болмаса, кем емес деп Ермек Серкебаев та айтып жүр. Ендеше, көш­пенділер мәде­ниетінің тұғыры дала болса, сол мәдениеттің бір биік шыңы Ақан сері әндерінің кеңістігі – кең даладан, кө­рік­ті­лігі – Көкшетаудан деп білгеніміз жөн сияқты. Зар төгіп, запыран құсқан «Құлагер» әнін осы тұста еске алмағымыз ләзім. Ал енді махаббат мейрамының да, ғашықтық трагедия­сының да биік шыңы арман қыз Ақтоқты десек, осынау мұңды хикаяда бүгінге дейін тай­та­ла­сып келе жатқан тарих шындығы мен көркемдік шындықты ақын-жазушы­ла­ры­мыз­дың шарықтаған қиялы ию-қию ара­лас­тырып жібергендей. Ақан өмірінің де, ын­тызар жүрек шерінің де шынайы шындығы оның тар жерде тілімен бал берген ғашық жардың өзінен шы­ны­мен көңіл суытып кеткеніне шамырқанып айтқан: «Сарымида ба­сыңды кесіп алып, Даулас­самшы өмірде құ­ныңменен» деген налалы сөздерде жат­қа­нын бір ауық ескергеніміз де дұрыс-ау. Ба­қыт пен сордың дәмін алма-кезек, толассыз үдемелей татқан Ақан әнде­рінің арғы пәл­са­па­сында дала даналығы жат­қандығы дау­сыз. Қасіреті қаншалықты қа­лыңдай түссе де: «Дәуренді мендей сүрген кім бар екен, сонда да қызығыңа бір қан­бадым» деп фә­ни­ді бақиға айырбас­тағысы келмейтін құш­тар сезімді ақынның «Шыр­мауық», «Әудем жер» әндерінде өмір­түйіндік ой жинақтауы далалық дана ойшыл мінезді, парасат пен имандылық иірімдерін білдірсе керек. Осы тұр­ғыдан да қазақтың клас­сикалық ән үрді­сін­де Ақан сері оқшау тұрған дара құбылыс екендігін сонау Мағжаннан бастап Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Ғабит Мү­сі­репов, Ахмет Жұбанов сынды жампоз­дар­дың бәрі айтып өткен болатын. Олай болса, өзінен бұрынғы ардагер өнер иелері ұстан­ған халықтық табиғи дәстүрді ілгері дамы­тып, әннің құбылысын, ажарын, түрін, маз­мұнын, жалпы бітім-болмысын ба­йы­тып, сымбатын сұлуландырған, тек өзіне тән үн-бояу­ларымен қайталанбас тылсым көркем­дік дүниесін жасаған аса құдіретті дарын, ке­меңгер өнерпазбен осы заманда да әр жо­лы шынайы ынтызармен сағынып көріс­пес­ке де әддіміз жоқ-ақ. Иә, сағынамыз. Аяулы Ақан серіні, оның аңыз өмірін, қазақ даласының қанатты пы­рағы, қиын тағдырлы таланттардың сим­волына айналған Құлагерді, оның армандай әндерін, махаббаты мен серілігінің ғажайып әлемін сағынамыз. Тағдыры қилы тәлкекке түскен трагедиялық тұлға біздің жанымызға аса жақын әрі ыстық. Ақанның қайғысынан да өнеге табамыз, тағылым аламыз. Ақан­ның нала-мұңы да асқақ әрі сұлу, иманды әрі ізгілікті. «Адырна» бірлестігі ұйым­дас­тырған ән кеші Ақан серіге деген мүлгіген сағынышы­мызды қағып-сілкіп қайтадан оятқандай күйге бөлендік. Ақанды айтамыз-ау, күні кеше еркелеп, екпіні үй жыққандай болып көз ал­дымызда жүрген, ардагер Ақан­ның аруа­ғын аунатқан, біздің заман­да­ғы көзіндей болған Сәкен серіні де сағы­нып­пыз. Оның туған інісі, режиссер Орал Жүнісовтің «Ақан сері» атты деректі фильмінен, бәлкім, тірісінде қадірін біле бермеген осынау аяулы жан, аптал жазушының бейнесін көріп, Ақан туралы айшықты әң­гімесін тыңдап, сағыныш мауқын сәл де болса басқандай болдық. Ақанды айтамыз, көзі тірісінде күркіреп, жүрген жерін думан қылып жүретін Сәкен серінің өзін де елеп-ескеріп жатқан кім бар қазір? Жә. Әңгімеміз Ақан сері ғой. Тағы да Ілиясқа жүгінсек, Ақанның ең аяулы әң­гі­месі Құлагер емес пе? Шапқан жері ор бо­лып қа­ла­тын, бәйгеге қосқан елін дәйім шат­тандырған, баспа-бас қызға бермес жануар – тұлпар Құлагер. Сол тұлпардың қа­сиеттілігі сондай, қара жүректен қапыл қа­засы жетсе де өлмей, бар қазақтың жады мен жүрегінде мәңгілікке жатталып та сақ­талып қалған ән – «Құлагер». Дүниенің бар байлығымен бірдей көрген Құлагерін баспа-бас қызға да бермегені рас Ақанның. Ба­ты­раш та баспалап кісі салғанда Алтай-Қар­пық­тан таңдаған сұлуын алып берем деп боп­салаған. Атақты Зіл­қа­раның Әлібегі де Құлагердің бода­уы­на қызы Ақшабақты беру райында бол­ғандай. Бірақ Әлібек батырдың жөні бөлек. Ол әннің ақ­сұң­қары Ақан серіні жақсы кө­ріп бауырына тартты, қолдау жасады, батыр-бағландық айбынымен кіші жүздің бір үлкен асында бәйгеге қостырып бағын сынатып, қазақ да­ласында бұрын-соңды болып көр­ме­ген ерен жүйрік Құлагердің атағын алты алаш­қа ал­ғаш дүркіретіп жай­ды. Сөйтіп, кезінде Ақан серідей ақиықтың, Құлагердей қол­тығына қанат байлаған пы­рақтың маң­дайы ашылып, қалың қазақ еліне бар қадыр-қасиетімен жарқырай та­нылуына жол салды. Әрине, Құлагерге Әлібек те қызықты. Құлагерге қызықпауға бола ма?! Осы жа­йын­да кешті жүргізуші, өзі әнші Ерлан Тө­леутай бір әңгіме айтты. Жаңағы астан қайт­қан жолда Әлібек Құлагерді қолқалайды екен. Атын қи­маған Ақан ұзақты күн үн­де­мей­ді. Ақыры, екеуі екі жерге түнейді. Таң­ертең Әлібек келсе, бір алаңқайда Ақан жерге бауырын тө­сеген атының мойнына басын салып, Құла­герін құ­шақтап ұйықтап жатыр дейді. Мына ға­жапты көрген Әлібек: «Бірі адам, бірі жануар болса да, екеуінің достығы адамнан бетер екен ғой. Ақанның атын ал­мақ­шы болған менікі иттік екен», деп ол пиғылынан бас тартыпты. Аты­нан түсіп, Ақан­ды оятып, Құла­гер екеуін тұрғызып: «Ақанжан, Құла­геріңді өзің мін, бұл әңгіме осымен бітсін», деп кешірім сұраған кө­рінеді. Құлагерді кім өлтіргені жөнінде әрқилы әңгімелер айтылып қалады. Мағжаннан кейін, 1931 жылы Ақан серінің жайын Көк­ше­тауға арнайы барып, Сырымбеттен Ерей­мен­тауға дейін із қуалап бүге-шігесіне дейін зерт­теген Ілияс Жансүгіров. Ақан серінің дүниеден өткеніне сонда 17-ақ жыл. Көзі тірі қаншама куәлермен сөйлескен. Демек, шын­дыққа ең жанасымдысы да Ілекеңнің «Құ­лагер» поэмасында таңбаланған деректер болса керек. Олай болса, әсіресе, Ба­ты­раш «адво­катының» кейпіне енушілерге әр­түр­лі қи­сынсыз болжамдар жасап, бүй­рек­тен сирақ шығара берудің жөні жоқ сияқты. Ілекең сол сапарында Қусақ көлінде Құлагердің жығылған жеріне тас үйіп кеткен екен. Сол араға белгі қоюды аманат­тап­ты. Кейін сол қойылған белгіні өндіршектен ал­ған өтпелі кезеңде қырым мен қытайға темір өткізуші қу құлқынның құлдары тік көтеріп әкетіпті. 150 жылдығы кезінде Ай­ыр­тауда салынған Ақан ауылы қазірде тағы қаңырап қалған. Әйтеуір, Астананың қа­сында Сәдібек Түгел бір жоғымызды тү­ген­деп Құлагерге тұрғызған ескерткіш әзірге дәтке қуат. Дәтке қуаттың бірі Ақан әндеріне іздеу сал­ған мына кеш. «Құлагерді» жас әнші Саят Нұрғазин орындады. Уақыттың әсері болар, ән қайғылы сарыннан арылғандай, қай­та сол қайғының өзін бейнелейтін, құлагер-тағ­дыр­дың гимніне айналғандай. «Бақаның бағынан сұңқардың соры артық» деген осы да. Ал, қайғысы Ақанның өзінде қалғандай, серінің өмірімен бірге үзілгендей. Осы ән асқақ­та­тып тұрған трагедияны Сәбит Мұ­қанов ай­татын бір естелік ұқтыра түскендей, дейді  кешті жүргізуші. Сәбең бала кезінде бір қыс тебіндегі қоста болып, жылқы бағы­сып­ты. Ба­қыршы бала боп жүрген ғой. Қа­зан­да ет күнде былқылдап қайнап жатады. Жұнттай боп семіріп алдым, дейді Сәбең. Бір күні қос­қа жылқышылар Ақан серіні шақырып алып келіпті. Баяғы Ақан емес. Дәуренінде әнге салып елдің қайғысын ке­міт­кен өнерпаз өзі қайғылы. Жүзі жүдеу, үкісі тозған, бөркі қыр­қылған, шапанының өңі кеткен, бетін әжім торлаған. Жылқышы жігіттер жан-жағынан: «Аға, «Құлагерді» айтыңызшы», деп кеу-кеулей қиылады. Шерлі серінің әнге зауқы жоқ. Әу деп зарлана бастап, екі жолын айтып, еңіреп жылап жіберіп, сол арада жер ба­уыр­лап жата кетіпті. Ақанның өзінің: «Алып ем жиырма бесте дөненіңде» дегеніне ден қойсақ және Са­ғы­най асында қара ниеттінің жалғыз қа­зы­ғына жы­ғылғаны 1876 жыл деп даусыз таң­балануын ескерсек, біздің есептеуімізше, кемінде сегіз жыл тақымына басқан Құлагер ардагер иесіне жер-көкте жоқ қуаныш та сыйлап еді-ау. Аққошқар Сайдалының асы­нан бас бәйгені алып көңілі өсіп, шалқып келе жатқан Ақан шырқатып, құбылтып, гүл-гүл жайнаған «Маңмаңгерге» салмаушы ма еді. Маңмаңгер, кекілің келте, жалың майда, Байлаған сені сипап қалқатай да. Жүрісің желмаядай жануарым, Көрейін қызығыңды осындайда. Ахау, жігіт ері, Дерсің мені, Деп салған Маңмаңгерге Ақан сері. Ақан шаттығының бал бұлағындай еркеленген «Маңмаңгерді» Ерлан Төлеутай тол­қындата, жібектей есілген мейір-шуағын бипаздата төгіп, нәшіне келтіре айтты. Ақан­ның Құлагеріне деген кеуде кернеген шат­тық-сүйіспеншілігі толқын-толқын болып тө­гілгендей. Ізгілікті ақ жаңбырдай себелей лекітіп, мұншалықты әсем айшықталған махаббат музасына мейірдің қануы да қиын-ау. Дәл мұндай ерке назды, толықсыған сұлу әнмен ая­ланған, ардақталған ат жер-жаһанда бар деп те білмеймін-ау. Танымал әншілер Жоламан Құжиманов, Рамазан Стамғазиев, Сәуле Жанпейісова, Ар­дақ Иса­таевалар Ақан серіге арналған кеш­тің көр­кін келтірді. Олардың орын­да­уын­дағы «Іңкәр-ай» мен «Шәмсиқамар», «Рай­хан гүл» мен «Шырмауық», «Мақпал» мен «Ақ­тоқтының ау­жа­рындағы» Ақанның ғашықтық, өмірге сон­шалықты іңкәр ғазал­да­рының сиқыр сазы, кем­пірқосақ шұғы­ла­сына ма­лынғандай, таңдай таза, ынтық әуезі қандай шіркін! Осындай дарқан әндерді тыңдау жан­ның рахаты. Қазіргі жас­та­ры­мыз­дың осы тамырдан ажырап, құнарсыз қаңғыр-күңгірге бой ұрып бара жатқаны қынжылдырады. Тұрсынбек Кәкішұлы ағамыздың айтуы рас. Қазақ әніне зар боп қалдық. Мына тә­уелсіз заманымызда қазақ әні шетке қа­ғы­лып, үлкен сахна, мерекелі думан, теледидар жиындарының есігінен сығалаған өгей баладай жаутаңдауы қалай? Ақан да, Біржан да, Мұ­хит та, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Балуан Шо­лақ, Жарылғапберді, Мәди, Естай, Иман­жүсіп, Кенендер халқымен қауыша алмай, мұң­лық күй кешуде десек, шындықтан алыс­тамаймыз. Кінәнің бір ұшы өзіміздің самар­қау селқостығымызда да жатыр-ау. Ұлт­тық өнер­ге жанашырлық қайда? Ұлттық ру­хы­мыз­ды өзі­міз қамшылап неге оят­пай­мыз? Сөйтудің ор­нына күллі қазақтық мә­дениетті жұтуға ың­ғайланған қорқау қара жырадай қайдағы бір тепеңкөктерді мініп алып кешке шейін селкілдеп билеуге құ­мар­тып тұрамыз деп наза­лан­ған абыз аға сөзінің ақиқатына бір сәт ден қойсақшы. Сол ойламастықтың зар­пынан енді келіп, міне, қазақтың шырқап салатын, кәдім­гідей дауысын кернеп салатын шынайы ұлт­тық, қа­зақ музыка өнерінің ал­тын ғасырын жа­саған ардагерлеріміздің ән­де­рі­не зар болып қалғанымызды несін жасырамыз. Десек те, дәстүрлі халық әндерін орын­дау­шылардың жас толқын үлкен бір шо­ғы­ры өсіп келе жатыр. Ақанның «Майда қоңы­рын», «Жігітшілік» пен «Көк жендетін», «Көк көбелегі» мен «Балқадишасын» «Сы­рым­беті» мен «Көкалатайын» шырқай ай­тып көңілді гүлдендірген жас әншілер Гүл­сім Арысбаева, Жасұлан Базарбеков, Ерлан Құ­жиманов, Талғат Әбуғазы, Жасұлан Са­қаев­тарға мың рахмет дер едік. Тек со­лар­дың өзі­не мына «Адырна» сияқты ұйытқы қам­қор­шы болмаса, күнде-күнде сахна төрі, ән сүйер қа­уыммен жүзбе-жүз қауышу құр­меті, өне­рін көпшілікке сынату бақыты бұйыра бермейтіні де анық. Жас әншілердің ғана емес, жа­самыс­тарының да басын қо­сып, тіпті сонау Көкшетаудан Ақан сері ауы­лының тумасы, жыршы-жырау, құйма құлақ, зерен кө­кірек әңгімеші Жұмабай Есекеев ақ­са­қалды ал­дыр­тып, мынадай тағылымды ән мерекесін Ал­ма­тының төрінде ұйым­дас­тырған «Адырна» бірлестігінің сауапты ісіне сүй­сін­сек те, осы­ның өзі оңайға түс­пе­генін де біліп отырмыз. Игі істі иненің көзінен өткізіп, сә­тімен сабақ­тауға жалғыз талаптың, күлшесіз құрғақ құлшыныстың жеткіліксіздігін Жоламан Құ­жи­манов, Арман Әубәкір, Жұлдыз Сү­лей­менова, Гүлсім Арыс­баева, Бақтияр Ақым­­жанов, Ардақ Беркімбай сияқты дәстүрлі ән өнеріміздің әсі­ресе жас толқын жанашыр­ларынан құ­рал­ған ұйымдастырушы топ арқаға батқан аяздай сезінді. Олай болса, кейінгі жастар көп біле бермейтін халқымыз­дың ән өнеріндегі ірі тұлғаларымызды насихаттап дәріптеуді, сөйтіп қана қоймай, өнер сүйгіш қауымға олардың беймәлім қырларын ашып көр­се­туді ізгі мақсат етіп қойған «Адырна» ұлт­тық-этнографиялық бірлестігіне мемлекет пен министрліктің, мекемелер мен меценаттардың  назарын аудару үмітіміз де жоқ емес. Олардың тарапынан қамқорлық-қолдауға ие болып жатса, жас өркеннің жа­лауы желбіреп, бәріміздің көз қуанышымызға айналар ма еді, қайтер еді. «Алаштың Ақан серісі» әдеби-сазды кешінде Уатқан Зақан қарындасымыздың «Құ­ла­гердің құлыны» атты әдемі әнінің тұсауы кесілді. Онда «Әсем әннің таусыл­майды жал­ғасы Құлагердің құлынындай кекілді» деп шырқалды. Біз осыған сендік. Себебі, Ақан сері, Біржан салдардың, Алаш­тың бас­қа да өнер ардагерлерінің ән­дері ұмытылса, қа­зақтың қазақтықтан қал­ған күні сол болар… Қорғанбек АМАНЖОЛ. http://www.egemen.kz/26701.html

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер