BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ән сұңқары - Нұрағаң, жыр тұлпары - Тұмағаң...

Астана. 16 қазан. BAQ.kz Жамбыл атындағы Қазақтың мемлекеттік филармониясында Халық қаһарманы, композитор Нұрғиса Тілендиев пен ақын, Қазақстанның халық жазушысы Тұманбай Молдағалиевті еске алу кеші өтті. 

Шара барысында көзі тірісінде қоян-қолтық араласып, тығыз қарым-қатынаста болған қос саңлақтың шығармашылық одағынан туындаған әндер орындалып, естеліктер айтылды.
Н.Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің сүйемелдеуімен Халық артистері Сара Тыныштығұлова, Майгүл Қазтұрғанова, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Бағдат Сәмединова, халықаралық және республикалық байқауларының жүлдегерлері Салтанат Жұбаныш, Фархат Кубиевтер өнер көрсетті.
Оркестрге Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дінзухра Тілендиева, Мәдениет қайраткері Юрий Дороховский, рес­пуб­ликалық және халықаралық байқаулардың лауреаты Мүсілім Әмзе дирижерлік етті.
- Нұр ағаң батырлар мен ақындар елінде туды. Титтейінен жырдың пірі - Сүйінбай, Жамбыл бастаған қара ормандай әнші-ақын, жыраулардың ән-жырын, ертедегі қисса-дастандарды естіп өсті. Бірегей тұлғаға бірінен-бірін бөліп қарауға болмайтын, бірін-бірі толықтырып, байыта түсетін бірнеше өнер қонған. Соның
бірі - композиторлығы. Қазақ музыкасын әлемдік деңгейге көтерген Нұрғиса өзінің шығарған әндеріне талантты ақындарды таңдайтын. Олар - Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Мұқағали Ма­қа­таев, Қуандық Шаңғытбаев, Нұрфолла Шәкенов, Кәкімбек Салықов, Оспанхан Әубәкіров, Нұрсұлтан Әлімқұлов және тағы басқалары. Композитор оларды «Менің ән өлеңін жазатын ақындардан
да, оны орындаушылардан да аузымның салымы бар. Бұлардың қай-қайсысы да қазақ поэзиясында өз орыны бар үлкен ақындар» деп жоғары бағалаған еді.
Ал Нұрғиса мен Тұманбай ағаларымыз - өнердегі жұптары жарасқан, әрқашан биіктен жарқырап көрінетін мәңгі сөнбейтін қос жұлдыз десек қателеспейміз. Нұрғиса ағамыздың жүзге тарта әндерінің сөзін Тұманбай ағамыз жазды. Екі алыптың бірлесе тудырған әндерінде көңілге қуат беретін алапат толқын құдірет бар. Ғажап жырларымен халықтың жүрегінен орын алып, өзінен үлкендерге «Тұмаш», кішілерге «Тұмаға» болған Тұманбай ақын өн бойынан өлең құйылып тұратын өзгеше дарын иесі еді. Бірыңғай өлеңге берілген, өлеңмен өмір сүрген ақын күн сайын жыр жазбай отыра алмайтын. Бір күнде үш-төрт өлең жазатын, кейде тұтас толғау, дастандарды да бітіріп қоятын кездері де кездескен. Жазғандарының көлемі ғана емес көркемдігі де көпшілікті көңіл шуағына бөлеген еді. Шынайы сезімге, ыстық махаббатқа, жастық жалынға толы ақын жырлары қуатымен елді елең еткізді, халықтың жүрегін баурап алды. Сондай өлеңдерге Нұрағаң көптеген ән шығарды. Олардың атын атап жатуды артық деп білемін. Халық оны жақсы көрумен қоса, өздерінің жай-күйіне айналдырып жіберген. Соның ішінде «Құстар әні», «Жан сәуле», «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», тағы басқа көптеген әндердің сөзін Тұманбай Молдағалиев жазған. Еңкейген кәрі, еңбектеген балаға дейін айтатын осы бақытты әндердің тағдыры, әсер-күші ерекше.
Өкінішке қарай, 1998 жылы қазан айының 15-жұлдызында музыка өнерінің асқан шебері, өнер жұлдызы Нұрғиса Тілендиев, 2011 жылдың дәл осы қазан айының 10-жұлдызында ақын Тұманбай Молдағалиев өмірден өтті. Екі алыптың құстар қайтар шақта бір айда, қоңыр күзде бақилыққа кетуі, жылы жаққа қайта бастаған жыл құстарын көз алдымызға елестетеді. Бірі - қазақтың алтын бесігін ән болып әлдилеп, кеудесін күй болып күмбірлетіп, саз өнерінде тұтас дәуір туғызған ұлы тұлға, саз өнерінің падишасы болса, екіншісі - халық құрметтеген, ел-жұртын өлең-жырмен сусындатқан лирик-ақын, қазақ жырындағы лирикалық поэманың хас шебері. Халық арасында кең тараған әндердің сөзін жазған Тұмағаң қазақ жырының қайыспас қара нары. Сол Тұмағаңның күні кеше ғана асын өткізіп, сағына еске алдық.
Ән сұңқары - Нұрағам да, жыр тұлпа-ры - Тұмағам да екеуі де көктемде туып, бұл өмірге жыл құсындай ән-жыр болып келіп еді. Мизамшуақ осындай күзде, құстар қайтқанда өздерінің әндеріндей туған жерін, туған елін қимай құс қанатымен қайтты. Өздері өлгенімен, олардың өнердегі салып кеткен жолы халқына қалдырған өнері мен мұралары мәңгілік, - дейді, Республикалық кітап мұражайының директоры, академик-жазушы Нағашыбек Қапалбекұлы.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ  


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер