BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

«Әмір Темірдің лағылы» қанша тұрады?

Адамға бақытты болу үшін көп нәрсе керек. Өзіне ұнайтын қызмет, денсаулық, ішкі үйлесім, айналасымен жақсы қарым-қатынас, махаббат дегендей. Өмірдің барлық саласында жолы болуы үшін бай-бағыландардың біраз бөлігі асыл тастарға бой ұрғыш болып келеді.  


Ал сол әртүрлі символды білдіретін асыл тастардың құпиясын ғылымыңыз әлі күнге ақи-тақи түсіндіріп бере алмауда. Соған қарағанда, ғылыммен еш байланысы болмауы да мүмкін. Ғасырдан ғасырға жеткен кейбір магиялық асыл тастар иесіне табыс, түсім, махаббат немесе керісінше қайғы-қасірет, жоқшылық әкелетінін кәрі тарих жоққа шығармайды.
Бойтұмардың магиялық қасиеті, тылсым күші неде? Мұны психологтар былайынша түсіндіреді. Әркімнің де өзіне ұнайтын бір сүйікті заты болатыны анық. Егер оны сіз шынымен де «бақытты» бойтұмарым деп есептейтін болсаңыз, әлгі зат сізге жанама түрде болсын әйтеуір бір әсер етеді. Мұндағы мәселе сіздің сеніміңізге байланысты. Бар құпия сонда. Сіздің сеніміңіз әлгі затқа энергия сыйлайды, сөйтіп, ол затты өзіңізбен бірге қанша ұзақ алып жүрсеңіз, ол бойынша соншама қажетті қуатты жинайды. Біреудің өмір бойы қолынан тастамай өткен көне жүзігін, білезігін, сағатын тағуда абай болған жөн. Өйткені әлгі зат өзінің бұрынғы иесі туралы ақпаратты сақтап қалады да, сізді де соған қарай бұрғысы келеді.
Әркімнің өзі аясында туған шоқжұлдызына байланысты «туабітті» тасы болады. Әрине, жай тас емес, асыл тас. Өз тасын қателеспей тапқан адамға әлгі асыл тас қан қысымын, жүрек жұмысын реттеуге, ой-сезімін бақылауға, шабыттануға, тіл-көзден, аурудан, қауіп-қатерден сақтануға көмектеседі делінеді. Асыл тастар көз жауын алар әдемілігі мен ұрпақтан-ұрпаққа сақталуы үшін аса беріктігіне және сирек кездесетініне байланысты бағаланады. Әдемілігі мен аса беріктігінде дау жоқ, бірақ бағалылығы сирек кездесетініне байланысты емес көрінеді. Мәселен, арандизит деген тас өте сирек кездескенмен, алмас пен жаһұттан бағалы емес.
Бастауы көне Египетке барып тірелетін бойтұмар тағу әлі күнге қалмай келеді. Жұрт тұмарға өзін көрінбейтін жауларынан, лас энергиядан, жын-періден, көздің сұғы мен тілдің уынан сақтайды, күш-қуат береді, сәттілікке бастайды, бай мен бақытты қылады деп сенеді. Ал тұмардың түрлері көп: асыл тастар, әшекей-бұйымдар, культтік өрнектер, тәңірлік символдар, магиялық өсімдіктер (адыраспан, сарымсақ, ладан, сандал), қағазға немесе металға түсірілген магиялық сөздер, қазақ арасында кездесетін қасқырдың азу тісі, қошқардың мүйізі, бураның бас сүйегі, үкінің тырнағы, аққудың қауырсыны, көзмоншақ, кәрі жілік дегендей.
Бойтұмарлар негізінен магияның көмегімен белгілі бір мақсатты көздеп арнайы түрде жасалады. Магиялық күш заттың өзінде емес, сол затты: жүзікті, алқаны немесе қаруды дайындаған шеберге, ұстаға да байланысты делінеді. Ал бойына өнер табиғаттан дарыған алтын қолды зергерлердің, негізінен, бізге белгісіз өзге нәзік әлеммен байланыса алатын қасиеттері болады екен. Сол қасиетіне сүйеніп, ешкім қайталай алмайтындай етіп жасаған туындысына зергер ұста түрлі энергия бағыттайды, яғни дуалайтын көрінеді. Бойтұмардың күші оның қандай материалдан жасалғанына да тығыз байланысты. Қағаздың магиялық энергияны ұзақ сақтай алмайтыны түсінікті, сондықтан ағашқа пышақпен ойып жазуға үлкен мән беріледі. Ең жақсысы металл саналады, ол қанша жерден көне болса, бағасы сонша қымбат, уақыт өткен сайын магиялық қасиеті арта береді делінеді. Әрине, дүкеннен сатып алған әсем затыңыз, асыл тасыңыз сізге бірден бойтұмар болмайды, оған қасиетті адам не шаман энергия дарытуы, дұғалауы керек. Ал ең таза энергия көбінде баланың ойыншығында сақталады екен. Сондықтан көп адамдар өзінің бала күнгі сүйікті затын бойтұмар етеді. Қазақтың иткөйлекке үлкен мән беруін де осыдан деуге болатын шығар. Сондай-ақ үш гүл, үш бұрыш тәрізді тұмарлар тіл-көзден сақтау үшін адамдарға ғана емес, үй жануарларына да тағылатынын айтқан жөн.
Жүзік, алқа алтын мен платинадан жасалса, оған ақық сынды асыл тас қондырылса, және бәрін шебер мен тапсырыс беруші келісіп жасаса, ондай тастар шынында да иесіне бойтұмар бола алады, тұлғалық қасиетін ашады, рухани өрлеуге бастайды делінеді. Ертедегі алхимиктер бойтұмарды белгіленген тәртіппен, үйлесім заңымен жасаған, титтей жаңылысса, патшалар тарапынан басы алынған. Демек, барлық мәселе қымбат металл мен асыл тасты дұрыс таңдай білуде. Асыл тастардың адамның физикалық тәні мен биотәніне әсері барына ұзақ уақыт бойы сенбей келген оқымысты-материалистер оны ультра сезімтал құралдар мен компьютердің көмегімен анықтағаннан кейін барып көздері жеткен. Асыл тасты зерттейтін геммологтар да тастардың тылсымдық қасиетін жоққа шығармайды.

Ертеде шіріген байлар мен олардың әйелдері киімдерін небір асыл тастармен безендіріп, көмкергені белгілі. Жер жүзін билеген небір патша, әміршілер өзімен бірге бойтұмар алып жүрген. Осы бойтұмардың қуатына сенген, жауларын күйрете жеңуге себі тиеді деп сенген. Мәселен, неміс фашистері пайдаланып кеткен свастика - адамзаттың ғасырлық тәжірибесі арқылы дүниеге келген, Тибеттен Америкаға дейінгі көне мәдениеттердің бәрінде кездесетін, күн қуатын бейнелейтін аса қуатты символ саналады.
Не десек те, асыл тастардың адам рухын өсіріп, өмірге құштарландырып, көңілін жайландыратын қасиеті барын оқымыстылар жоққа шығара алмайды. Әлем бойынша аса танымал 15-ке жуық асыл тастың түрі болса, ерекше қымбаттары одан да аз. Маржан, дүр маржан, інжу, алмаз, гауһар, жаһұт, қызыл жаһұт, ақық, күлгін ақық, меруерт, қара меруерт, зүбәржат, көктас (малахит), лағыл, фирузе, янтарь, демантоид секілді асыл тастардың өзіндік жеке-дара шипалық қасиеті болатын көрінеді. Олардың әдемілігі, жұмбақ сырлары жөнінде жазылған том-том кітаптарды табуға болады.
Әлемнің кемеңгер ақындары - Гете, Гейне, Омар Хаям, Байрон, Пушкин асыл тастарды шығармаларына шабыттана арқау еткен. Және олар тастардың сұлулығына ғана сұқтанып қоймай, сиқырлы тылсым күші барына қатты сенген. Орыстың ұлы ақыны Пушкин ортасына асыл тас қондырылған арабша жазуы бар алтын жүзігін өле-өлгенше саусағынан тастамай өткен. 1827 жылы жазылған «Храни меня мой Талисман» деген өлеңі осы жүзікке байланысты туған.
Әлемдегі ең қымбат тастың аукционда 100 миллион долларға сатылғанын естідік. Кейбір асыл тастардың бағасын оның құнды тарихына байланысты дәл анықтау еш мүмкін емес көрінеді. Мәселен, «Үндістан жұлдызы», «Азияның көгілдір сұлуы», «Түн жарымындағы жұлдыз», «Қара шаһзаданың лағылы», «Әмір Темірдің лағылы» деген тарихи бағалы аса құнды заттардың бағасын шынында да әлемдік нарықта анықтау мүмкін бе, оны кім анықтамақ?
Еуропада «Әмір Темірдің лағылы», ал Шығыс әлеміне «Джирах-и-Алам» деген атпен белгілі бұл қызыл асыл тастың сактаулы тұрғанына 600 жылдан асты. Әмір Темір бұл асыл тасты 1398 жылы Делиді алғанда қолға түсіріп, Самарқанға алып келген. Сөйтіп, өзінің атын тасқа жазып қалдырған. Бұл таста Әмір Темірдің Ұлықбектен бастап, Үндістанды билеген Бабыр, Әкбар шах ұрпақтарының аттары жазылған. Парсы билеушісі Нәдір шах 1739 жылы Үндістанды шапқанда, тасты өзімен бірге Персияға алып келген. Нәдір шах сол сапардан өзімен бірге әлемге әйгілі Кох-и-Нор алмазын да ала келген. Қазір бұл екі тас та Ұлыбританияда музейде сақтаулы.


Төреғали ТӘШЕНОВ 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер