BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Алтынай ЖОРАБАЕВА: Діни әндер орындауға бет бұрмақшымын

Өнер адамдарының арасында сәждеге бас қойып, Жаратушының алдындағы парызын өтеп жүргендер аз емес. Солардың бірі – бірнеше халықаралық байқаулардың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алтынай Жорабаеваны әңгімеге тартқан едік.

– Алтынай, дінге бет бұрып, намаз оқуыңызға қандай жағдай әсер етті? Жасыратыны жоқ, көпшілігі тағдыр тауқыметін тартып, қиындық көрген кезде ғана сәждеге бас қойып жатады…
–Құдай сақтасын! Өз басым дінге ондай жолмен келгенім жоқ. Жүрек қалауыммен, біршама уақыт дайындықпен намаз оқи бастадым.
Негізі, мұсылманға міндет етілген бес парыздың бірі – намазға жығылуыма досым түрткі болды. Университетте сабақты оқымақ түгілі, оған анда-санда бір келетін Самат есімді группаласым бар еді. Алайда, өзі өнерлі, домбыраны жақсы шертетін, өзге де аспаптардың «құлағында ойнайды». Бір айыбы – тәртібі нашар-тын. Әйтеуір, сөйтіп жүріп, бізбен бірге оқуды бітірді. Арада 5-6 жыл өтті, бәрі ұмтылды дегендей… Бір күні әлгі курстасымды студияның бірінде жолықтырмасым бар ма?! Қарасам, мүлдем басқа адам, өзі де, сөзі де өзгерген, аузынан Алласы түспейді. Соны көріп, кәдімгідей таңғалғанымды жасыра алмадым. Әрі іштей риза болып… Сөйлесе келе оның намаз оқитынын, шаңырақ көтергенін білдім. Содан не керек, отбасымызбен жақсы араласып кеттік. Олар бізге келеді, біз оларға барамыз. Бірнеше ай өткеннен кейін, досыма қызығып, «маған да намаз оқуды үйретсең екен…» деген, ниетімді жеткіздім. Қысқасы, дәптерге бәрін жазып алып, Саматтың өзі мен келіншегінің арқасында лезде сүрелерді жаттай бастадым. Міне, содан бері, яғни 2008 жылдың ақпан айынан бес уақыт намазымды қаза қылмай, оқып келемін. Шүкір, биыл парызымды өтеп жүргеніме 3 жылдан асты.
– Үй-ішіңіздің дінге көзқарастары қалай?
– Иншалла, намаз оқи бастағаныма 2 жылдың жүзі болды. Отағасы да жұма намазын қаза қылмайды.
Тұңғыш қызым тоғызда, әлі балиғат жасына жете қойған жоқ. Жалпы, 4 қызымның да діни сауаты жақсы. Тілдері кәлимаға келген, Исламнан хабары бар.
Алдағы уақытта Алтынайды хиджабпен көруіміз мүмкін бе?
–Хиджаб – арабтардың ұлттық киімі. Сондықтан болашақта міндетті түрде хиджаб емес, кимешек киіп немесе орамал тағуым мүмкін. Бастысы ашық-шашық жүрмей, Алла әмірін орындау емес пе?! «Мынау неге оранып жүр?!» деген сөз айтылмай, халқым мені дұрыс түсінсе болғаны. Содан болар, жұртшылықты алдын-ала дайындап жатқандаймын. Хиджабпен түскен суреттерімді баспасөз беттеріне жариялап, өзімнің намаз оқитынымды айтудамын. Себебі, алдымен тыңдарманның көзі үйрену керек. Алайда, мұны көрген кейбір тыңдармандарым: «ойбай, Алтынай басқа діннің құрсауына кіріп кетіпті. Қазір бұрынғыдай емес, діншіл болған көрінеді», – деген алып-қашпа әңгімені таратып жүр. Намаз оқып, орамал кисем – Исламның хақ жолында жүргенім болса керек. Сол себепті, мен туралы «адасты, әншілікті қойды» деп айтудың қажеті жоқ. Бұдан соң мұсылман әйеліне жүктелген парызды толыққанды орындармын.
– Демек, бұйырса қажылыққа бармақ ойыңыз да бар ғой?
– Биыл Сауд Арабияның елшісі хабарласып, «Алтынай, жолдасыңыз Сәбитпен бірге қажылыққа барып қайтсаңыз қайтеді? Жол ақысын, өзге де шығындарын өзіміз көтереміз. Әрі мұсылмандық парызыңызды өтеп, әрі сондағы қандастарымызға концерт қойсаңыз…» деп қолқа салған-ды. Әйткенмен, 4-ші қызымды босанғаныма көп уақыт бола қоймағанын ескеріп, бас тартуға тура келді. Оның үстіне, сол кезде отағасымның да шығармашылық жұмыстары шаш-етектен болып, кино түсіріп жатқан еді… Қыркүйек айының соңына таман шақырып, ұсыныс білдіріп жатқандар бар. «Сабақты ине сәтімен» демекші, уақыты келгенде көрерміз. Өйткені, қажылыққа бару – өте жауапты іс. Ішкі дайындығың да мықты болуы шарт.
Қасиетті Қағбаға барып, Аллаға мінәжат ету – әр пенденің арманы ғой. Сондықтан Жаратқанның өзі қаласа, көп ұзамай барып та қалармыз…
– Өнер әлемінде жүрген әріптестеріңіздің діни сауаты қаншалықты деп ойлайсыз?
–Бәрінің бірдей намаз оқуы мүмкін емес сияқты. Әйтсе де, дінге бет бұрып, барлық амалдарды орындап жүрген әріптестерім аз емес. Қажылыққа барып үлгергендері де бар. Меніңше, бастысы – жүрегіндегі иман ғой. Бұл жағынан келгенде өнер адамдарының дені Алласын таниды деп айта аламын.
– Шыныңызды айтыңызшы, мұсылмандық парызыңыздың әншілік өнеріңізге кері әсері тиген жоқ па? Неге десеңіз, бұрынғыдай концерттерде көп көрінбейсіз…
– Жо-ға, бұның өнеріме ешқандай зияны тиіп жатқан жоқ. Қайта септігі болмаса…
Көп көрінбеуімнің бірден-бір себебі, екі қызымды бірінен кейін бірін дүниеге әкелдім (күліп). Екеуінің арасы 2 жылға жетпейтін уақыт болып, соның әсерінен өнерден уақытша алыстап кеттім. Иншалла, кішкентайым өсіп қалды, көп ұзамай үлкен сахнаға қайта ораламын. Алла берген дауысым барда сахнамен қоштаспақ ойым да жоқ. Өйткені, менің ән айтқанымды қалап, Құдайдың өзі кішкентайымнан дауыс берді. Сондықтан аманатқа еш уақытта киянат жасамаймын…
– Исламның өзінде қыз балаға қарағанда, ат ұстардың орны бөлек екені айтылады. Нәзік жанды ер-жігіттен бір саты төмен тұруы керек деген және бар. Осыны ескеріп, қыздарыңызға іні, Сәбитке мұрагер болатын ұлды дүниеге әкелгіңіз келмей ме?
– (Рахаттана күлді) Әлбетте, бұл асқақ арманымның бірі ғой. Құдайдың өзі берсе, қуанбасам қарсы болмаймын. Дегенмен, дарынымды дамытуды көздеп отырмын. Ендігі екеуіне де қатар үлгеремін деген ойдамын.
– Репертуарыңызда діни әндер бар шығар?
– Өкінішке қарай, бұл жағынан ұяттымыз. Былтыр ақын-сазгерлерге арнайы тапсырыс беріп, бір ән жаздыртқаным бар. Бірақ сөзі жақсы болғанмен, әуені көңілімнен шықпады. Сол себепті бұл туындыны жарыққа шығармадым. Негізінен діни әндер орындауға бет бұрмақшымын. Бір реті келер.
Ел егемендігінің 20 жылдығына байланысты қараша айында Толымбек Әлімбекұлының сөзіне жазылған Өктем Алтаевтың «Қазақстан, алға!» атты патриоттық сарындағы әніне бейнеклип түсірмекшімін. Бұйыртса, әнбаянның түсіру жұмыстарын жолдасым Сәбит жетекшілік ететін «Қазығұрт» өнер орталығы қолға алайын деп отыр. Жыл соңында көгілдір экраннан бейнесазымды тамашалап та қаларсыздар.
– Әңгімеңізге рахмет, Алтынай! Ұстаған оразаңыз қабыл болсын!

Әңгімелескен Айбек ТАСҚАЛИ

http://nurastana.kz/?p=2327


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер