BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Алматыда Абайдың қолжазбасы алғаш рет қалың қауымға ұсынылды

Абай – қазақтың төлқұжаты. Құнанбай әулетiнiң ғана емес, қазақтың шырағын жаққан ой алыбына қатысты қандай жәдiгер болмасын, қазаққа ыстық, қасиеттi болатыны сондықтан. Ұлттың ұлы ақынына қатысты дүниелер бүгiнде жинақталды дегенiмiзбен де, бiрсыпыра дүниелердiң бәзбiр кезеңде бой көрсетiп қалуынан әлi де үмiттiмiз. Мiне, сондай құнды зат Алматыда назарға шығарылып отыр. Қазақтай ұлттың мiнезiн екшеп, болмысын бедерлеген, адамзаттың айтарына iрi пәлсапа қосқан Абай Құнанбайұлының мүбәрак саусақтары тиген, өз қолымен жазылған қолжазбасы ҚР Мемлекеттiк Орталық мұражайына қойылды.

25-қараша күнi ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай ашылған «Абайдың қолжазбасы» атты көрмеге сонымен бiрге Абай Құнанбайұлына байланысты сирек кездесетiн жәдiгерлер мен деректер, түрлi мекемелерден анықталынған хаттарының көшiрмелерi, Абай балаларының портреттерi, оның шығармаларының әр түрлi кезеңдердегi басылымдары, әйелi Дiлданың домбырасы, Абайдың орындығы қойылған.

Ең қызығы, көрмеге тұңғыш рет Хакiм Абайдың қазақ тiлiнде араб жазуымен жазылған «Бiраз сөз қазақтың түбi қайдан шыққандығы туралы» деп аталатын қолжазбасы қойылды.

Бұл – шынымен де ұлылықтың қолтаңбасы. Ықтиятты, маржандай жазылған жазулар Абайдың сауаттылығын, көркем жазуға бейiмiн, тазалығын әспеттейдi.

Сәбең, Сәбит Мұқанов 1945 жылы Абай шығармаларының толық жинағына жазған алғысөзiнде: «Бұдан басқа Абайдың шығармасы сақталмаған» деген болатын. Аталған қолжазба ертеден сақталып келе жатыр. Мұны Сәбең де көрген. Бiрақ, iшiнара зерттеушiлердiң қолына тигенiмен, жұртшылық назарына ұсынылмаған екен.

«Бұл қолжазбаны 1933 – 1934 жылдары Мұхтар Әуезов бастаған экспедиция Семей өңiрiнен әкелдi. Қолжазба 1899 жылы қазақ тiлiнде араб жазуымен, қара қарындашпен 4 параққа, яғни, 8 бетке жазылған. Бұл қолжазбаны «Абайдың өзiнiкi» деп көптеген зерттеушiлермен қатар, Абайдың ұлы Тұрағұлдың (1875 – 1934 жылдары өмiр сүрген) естелiгi де растайды. Аталған қолжазбаның қара қарындашпен жазылғандығы да назарды аудартады.

Өйткенi, Абай өз шығармаларының денiн қара қарындашпен жазған. Сондай-ақ, бұл қолжазбаның жазу үлгiсi Абайдың әдеби хатшысы болған, оның шығармаларын көшiрiп жазушы Мүрсейiт Бiкiұлы (1860 – 1917 жылдары өмiр сүрген) және Тұрағұл Абайұлының қолжазбаларындағы жазу ерекшелiктерiне мүлдем ұқсамайтындығы анықталды. Демек, қолжазбаны ұлы ақынның төлтума туындысы деуге толық негiз бар», – дейдi ҚР Орталық мемлекеттiк мұражайының Қолжазбалар орталығының жетекшi ғылыми қызметкерi, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Пәкизат Әуесбаева.

Сондай-ақ, көрмеге ұлы ақынның құнды үш қолжазбасы алғаш рет қойылды. Бұл – Тұрағұл Абайұлы мен Ахат Құдайбердiұлы жазып алған Абай өлеңдерiнiң түпнұсқасы, сонымен қатар, Абайдың хатшысы болған, Абай шығармаларын жинақтаған Мүрсейiт Бiкiұлы қолжазбасының төртiншi нұсқасы. Музей қызметкерлерiнiң айтуынша, бұл қолжазбаның бүгiнгi күнге дейiн үш нұсқасы ғана белгiлi. Атап айтқанда, 1905 жылғы нұсқасы ҚР ҰҒА Орталық ғылыми кiтапханасында, 1907 жылғы нұсқасы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының қолжазба қорында, 1910 жылғы нұсқасы М.Әуезов мұражайында сақталған.

Пәкизат Әуесбаеваның айтуына қарағанда, бұл қолжазбалар мұражай қорында ертеден сақталған, бiрақ зерттеушiлерден өзге ешкiмге қолжетiмдi болмай келдi.

«Бiз осы қолжазбаны көпшiлiк, қалың жұртшылық көрсiн, бiлсiн деген мақсатпен арнайы ел Тәуелсiздiгiнiң 20 жылдығына орай ұсынып отырмыз. Бұл – үлкен iстiң бастамасы ғана. Алдағы уақытта Абай шығармаларына арналған үлкен еңбек, кiтап дайындап жатырмыз, онда осы қолжазбалар, транскрипциясымен, қазақша аудармасымен және сөздiгiмен берiлетiн болады», – дедi ол.

Көптеген жылдар Әдебиет және өнер институтында сақталған шығарма Орталық мұражай қорына қашан және қалай түскенi белгiсiз. Қолжазбаның түпнұсқасын зерттеуге 5 жылдай уақыт жұмсалған. 8 беттiк шығарманың бiрiншi бетiнде қағазды жасаған Ресейдiң Успенский зауыты және 1899 жыл деген таңба бар. Сондықтан, Абай бұл шығарманы сол жылы жазған деген мәлiмет бар.

«Бiраз сөз қазақтың түбi қайдан шыққандығы туралы» атты қолжазбаның қазақ қарпiндегi аудармасы 1933, 1939, 1940, 1945, 1977, 1986, 1995 және 2005 жылдардағы кiтаптарда берiлген. Ал, араб әрпiндегi нұсқасының 1-бетi ғана көрсетiледi.

Көрме 2012 жылдың қаңтар айының аяғына дейiн жұмыс iстейтiндiктен кез-келген азаматқа ұлылық қолтаңбасын көруге мүмкiндiк бар дегiмiз келедi.

http://almaty-akshamy.kz/?p=5483


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер