BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Алаштың ақсарбасы ада болмағай

Абай ОМАРОВ (коллаж) Ақсарбас! Естеріңізде болса, біз дәл осылай «Біржан сал» фильмі дүниеге келгенде сүйінші сұраған болатынбыз. Араға уақыт салып тағы да «ақсарбастауға» лайық оқиға орын алып отыр. Бірақ бұл жолы тура мағынасында! Қазақтың саф алтындай тап-таза тұрмыс-салты мен тұнығы лайланбаған таным-түсінігін бүгінгі ұрпаққа көрсете білген туындыны авторлар «Ақсарбас» атауды жөн көріпті. Авторлар деп отырғанымыз – шекараның арғы жағындағы аспан асты елінде ғұмыр кешіп жатса да, қазақ мәдениетін сақтау жолында қызмет етіп жүрген қазақтың бір қызы, режиссер, Шыңжаң ауданы Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Еркеш Құрманбекқызы, бас режиссері – Орталық телевизия бастығының орынбасары Гау Фың, бас продюсері Шың Зы Жүн.
Абай ОМАРОВ (коллаж) Фильм не жайлы? Неліктен «Ақсарбас»? Қазақ сахарасы мәдениетінде «ақ­сар­бас» деген – өте қастерлі ұғым. Мейлі қуа­нышқа, мейлі жұбанышқа болсын, қазақ өзін ерекше толқытқан жайға ақсарбас ата­ған. Фильм жартасқа сурет салып тұрған балаға ақсарбас атаудан басталады. Алайда тақырып мүлдем ақсарбас қозы жай­лы емес, онда мөлдір махаббат та, қа­зақтың салт-дәстүрі, таным-түсінігі, жөн-жо­ралғысы – бәрі қамтылған. Қысқаша аңдатар болсақ, ауылдың абыройлы бір әулетінің үкілеп өсірген Үкібала есімді үріп ауызға салғандай қызын әкесі құда түсіп келген өзімен терезесі тең бір әулетке ұзат­пақ болады. Салт бойынша сән-салтанатын ке­лістіріп, отыз күн ойын, қырық күн тойын жа­сау қамына кірісіп кеткен. Бірақ қыз өзінің болашақ жарын еш ұнатпайды, еріксіз басы байланып кете баруға іштей наразы. Көрші үйдің өзі қатарлы жігіті қыз­ға ғашық, алайда қол қысқа әрі қыз тағ­ды­ры шешіліп қойған. Сөйтіп жүргенде, ауыл­ға бір күні Ақтай есімді сері ат басын бұ­рады. Көрген сәттен қыздың көңілі оған ауып, серінің де жүрегіне шоқ түседі. Сері ғой, іштен тынып кете қойсын ба, соңғы сәт­те кештетіп жастар марал қууға тоғайға шық­қанда қапысын тауып қыздың құ­лағына «мына тоғайда тағы бір маралдың обалына қаламыз-ау, өкінішті-ақ» деп, қыз тағдырын маралмен тұспалдап жеткізеді. Міне, нағыз сезімді жеткізудің қазақы үлгісі! Солайша өз тұмарын беріп, бұрылып кете бармақ болғанда білегінен ұстай ал­ған қыз «жоқ, сері, мен сендікпін, сон­дық­тан мені ала кет» дейді. Бір түнде серінің ете­гінен ұстай барған Үкібала өзінің ал­ды­нан бақпен қатар, қасіреттің шығарын сол сәт сезбеп еді. Қыздың қылығынан елге таба болған үйі біржола қоныс аударады. Бәлкім, осы оқиғаны ел естен шығарар ма еді, араға бес жыл салып кенет қыр асып қашқан қызды тағ­дыр еліне қайта айдап келмегенде... Еркеш Құрманбекқызы, фильмнің сценаришісі, режиссері: – Бір ауыз сөзбен айтар болсам, киноның басты тақырыбы – қазақы дүниетаным, қазақы сүйіспеншілік, қазақы махаббат, қазақы тіршілік, қазақы мәдениет. Жаңа өзіңіз көрдіңіз, фильм соңында Үкібала екі баласына қайта оралады. Қай заманда да қазақ өмірінің басты құндылығы қара бастың қамы, қара бастың бақыты емес, ұрпаққа деген сүйіспеншілік, оның алдындағы жауапкершілік болғанын және солай болып қалуы керектігін көрсеткім келді. Ешқандай ойдан шығарылған да емес, қазақтың таза таным-түсінігі, өмір сүру философиясы, міне, осындай болған. Оған тарихтан, небір аңыз, дастан, жырларымыздан мысал келтіруге болады, болмаса ұлы тұлғалардың көбінің басынан осындай бір тағдыр өткен. «Біржан салмен» үндескендей Қаймағы бұзылмаған қазақылық жай­лаған қадым заманға бір сәт қайта оралт­қан бұл туынды қарасаң көзің той­ма­йтын Алтайда түсірілген. Тағы бір айта ке­терлігі, кейіпкерлерінің нағыз қазақы үні құлақтың құрышын қандырады. Се­нер­сіз, сенбессіз, бірақ фильмге еш ду­бляж жасалмаған. Түсіру майданындағы – әр актердің өз даусы, осыған қарап-ақ, оның сапасын пайымдай беріңіз. Түгел Шың­жаң қазақтарының әртістері ой­на­ған. Тек Ақтай серінің рөліне Қа­зақ­станнан белгілі актер әрі әнші Нұрлан Әлім­жанов арнайы шақырылыпты. Үні қазақы, әуе­ні де қазақы, әуенін қы­тай қызы жаз­­са да, қазақы бояуы жақсы сақталған бұл фильмде Ақтай сері – Нұр­лан Әлім­жа­нов Үкілі Ыбырайдың «Бал­дыр­­ға­нын» өз дау­­сымен орындайды. Сон­дай-ақ фильм­­де Үкібала өзінің ішкі за­рын қо­быз­да халық күйі «Ерденді» ойнау ар­қы­лы жеткізеді. Ел­ге сері келіп, басты ке­йіп­кер екеуінің ара­сын­да сезім оянуы, сон­дай-ақ екеуінің то­ғай ара­сында сөз бай­ла­суы аздап «Біржан сал­ға» ұқсап кеткен. Бәл­кім, сол кездегі қа­зақ қыз-жігітінің кез­десуі осындай си­пат­та өт­кендіктен, солай болған шығар... Фильм соңында экранға жазылғандай «адам­заттың қуанышы мен жұбанышын ар­қалап, ұрпақтан-ұрпаққа мәңгі ұласа­тын» ақсарбасымызды аялайық. Автор: Мәриям ӘБСАТТАР http://www.alashainasy.kz/culture/18095/

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер