BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Актриса Әсел Сағатова: Менің жарым – алдымен Адам және нағыз Ер-азамат!

Ә.Б.: Сәлеметсіз бе, Әсел. Үш жыл бұрын түсірілген «Махаббат тәлкегі» кинокартинасының сізге үлкен жетістік пен танымалдылық сыйлағаны есімізде. Ал қазір өнер жолы қалай дамуда? Осы уақыт аралығында қандай жаңалықтар болды?
Ә.С.: Жаңалық, расында да, өте көп. Біріншіден, тұрмысқа шықтым. Екіншіден, «Екі жұлдыз» жобасына қатыстым. Ары қарай «Охота за призраком» фильмінде басты рөлді,   «Студент» фильмінде эпизодтық рөлді ойнадым, ал қазір эфирде жүріп жатқан «Құрбылар» сериалына қатысып жатырмын. Мұның барлығы төрт ай бойы менің бар бос уақытымды алды. Түсірілімдер күнде өтеді. Құдай қаласа, жақын уақытта жұмыстар аяқталады. Сондай-ақ ұзақ уақыттaн бері танымал модельер Кира Пластининамен бірлесіп жұмыс істеп жатырмыз.
Ә.Б.: Жалпы алғанда, жұмыс көп дейсіз ғой?
Ә.С.: Мен жұмыс көп демес едім. Мұның барлығы – кезеңдік жұмыс. Ең бастысы, «Құрбылар» сериалының түсірілімдерімен айналысып жүрмін, бос уақыт жоқтың қасы. Бұйыртса, осы жұмыстарды тәмамдап, өзімді жеке істеріме, жеке өміріме арнайтын шығармын.
Ә.Б.: Әңгімені жеке өміріңізге қарай бұрсақ. Бүгінде сіз – тұрмыстағы әйелсіз. Танымал актрисаға тұрмыста болу қиын емес пе?
Ә.С.: Қаншалықты танымал екенімді қайдам, бірақ тұрмыста болу жақсы (күледі). Менің өмірім тұрмысқа шыққаннан кейін аса өзгерген жоқ. Қайта өмірімде өз ойыммен, жоспарларыммен бөлісетін, мені әрдайым барлық жағдайда қолдайтын  адам пайда болды.    
Ә.Б.: Жарыңыз Сіздің мамандығыңызға қалай қарайды?
Ә.С.: Менің әрбір ісіме түсіністікпен қарайды. Бұған байланысты біздің арамызда ешбір келіспеушілік туындамайды. Біздің еліміздің менталитеті мен актриса мамандығы туралы екіұшты пікірлерге қарамастан, жарым менің барлық бастамаларыма қолдау көрсетеді. Мен түскен фильмдерді тамашалап, мені мақтан тұтады.
Ә.Б.: Тұрмыс құруды бұрын  дәл осылай елестетіп пе едіңіз?
Ә.С. Шынымды айтсам, мен бұл жайлы ешқашан ойламаппын (күледі). Мен жұмысқа толықтай берілдім де, жеке өмірім туралы ой басыма кіріп те шықпапты. Мен күн сайын дүниені жаңа қырынан көремін. Салыстырып, талдау жасайтындай бұрын тұрмыста болмағанмын (күледі). Сондықтан бұл күй – мен үшін бұрын сезініп көрмеген жаңа күй. Әрине, қазір отбасын құрғалы екі жыл өтті, қазіргі ішкі күйім бірқалыпты арнаға түскені рас.
Ә.Б.: Ал отбасын толықтыру туралы не ойлайсыз? Жұмыстан бір сәт қол үзіп, үзіліс жасау жоспарыңызда бар ма?
Ә.С.: Әрине, бұл – ойда жүрген мәселе. Мүмкіндік пен сәттіліктің тууын күтіп жүрміз. Негізінен, бұл ешкіммен талқыламайтын, жеке тақырыбым еді. Иә, бала сүйгіміз келеді. Құдай қаласа, балалы да болармыз. Қазір жұмыстың көп екендігіне қарамастан, бұл біздің отбасымыздың санын көбейту туралы жоспарымызға қайшы келмейді.
Ә.Б.: Сіз өзіңіздің жарыңыздың кім екенін, немен айналысып, қай жерде танысқандарыңыз туралы ешқашан әңгімелемейсіз. Мүмкін біздің сайттың оқырмандары үшін айтып берерсіз?
Ә.С.: Менің жарым – алдымен Адам және нағыз Ер-азамат (күледі). Оның шоу-бизнеске еш қатысы жоқ. Мамандығы кім десеңіз, оның жеке бизнесі, өз кәсібі, менің мамандығыммен еш байланыспайтын өз жұмысы бар. Біз кездейсоқ әрі көп жыл бұрын танысқан болатынбыз.
Ә.Б.: Кездейсоқ дегенді қалай түсінуге болады? Сіз өз жұмыстарыңызбен жүргенде, ол жаныңыздан өтіп бара жатты ма?
Ә.С.: (Күледі) Иә, дәл осылай болды десе де болады. Бұл өмірде кездейсоқ ешнәрсе болмайды. Біздің кездесуіміз де бізден тыс көктегі тылсым әлем арқылы шешіліп қойған деп ойлаймын.
Ә.Б.: Енді жұмысыңызға қайта оралсақ. Сіз қазір сериалға түсіп жатырсыз. Қандай рөлді сомдайсыз? Сіз сомдайтын кейіпкердің бейнесі жаныңызға жақын ба?
Ә.С.: «Құрбылар» сериалы бес әйелдің өмірі туралы баяндайды. Олардың әрқайсысының өз өмірі, өз тағдыры бар. Менің кейіпкерім – Мәдина есімді табысты жас әйел, жеке өмірі сәтсіздікке ұшырап, өзін мансап жолына арнаған адам.  Сериалдың басынан соңына дейін ол өз-өзін және махаббатын табуға талпынады. Басқа кейіпкерлердің де басынан түрлі оқиғалар өтіп жатады. Бес кейіпкердің біреуі – екі баласы, күйеуі бар әйел. Оның әрбір күні өз бақыты үшін күреспен өтеді. Екінші әйел тұрмыс құрған, алайда балалары жоқ. Үшінші «құрбы» – қалтасы қалың, бойжеткен қызы бар әйел. Алайда жамандық ойлап, аяғынан шалушылар көп. Ал соңғы кейіпкердің де отбасы бар, алайда күйеуі табыс таппайды. Жалпы алғанда, әртүрлі бес әйелдің өмірі туралы сериал.
Ә.Б.: Бұл сериалды «Үлкен қаладағы құмарлық» сериалының балама нұсқасы деуге бола ма?
Ә.С.: Жоқ, сериал аса танымал «Үлкен қаладағы құмарлықтың» сюжеттік желісін қайталамайды. Және қайталануы да мүмкін емес, себебі бізде менталитет басқа, америкалық сериалмен қай жағынан болсын еш қиыспайды. Сондықтан «Құрбылар» сериалы – мүлде бөлек тақырып.
Ә.Б.: Болашақта қандай жоспарларыңыз бар? Жаңа жобаларға шақырып жатыр ма?
Ә.С.: Шын мәнісінде, мен жоспарлар туралы айтқанды ұнатпаймын. Бұл – әлі жүзеге аспаған дүниелер. Маған одан да болған немесе орындалған нәрселер немесе қазіргі таңда орын алып жатқан жайттарды сөз еткен ұнайды. Жоспарлар, түрлі ойлар, жұмыс бойынша қандай да бір ұсыныстар өте көп. Алайда мына өзгермелі заманда болашақ туралы кесіп айту, бірнәрсеге уәде беру және оны жарияға жар салу аздап қорқыныштылау. Одан да ол жоспарларды іске асқан кезінде сөз еткен дұрыс.

Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
28 Желтоқсан 2018, 08:57
Бүгін менің туған күнім
Пікірлер