BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ақтөбеліктер республикалық айтысты тік тұрып тамашалады

Ақтөбеде «Наркескен тілмен жыр етем, мәңгілік елдің мұратын» атты республикалық ақындар айтысы өтіп жатыр. Айтысқа Ринат Зайытов, Мұхтар Ниязов, Айнұр Тұрсынбаева, Айбек Қалиев секілді белгілі айтыскер ақындармен қатар, ақтөбелік жастар да қатысты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласында «Наркескен тілмен жыр етем, мәңгілік елдің мұратын» атты республикалық ақындар айтысы басталды. Айтысқа Ринат Зайытов, Мұхтар Ниязов, Айнұр Тұрсынбаева, Айбек Қалиев секілді белгілі ақындар қатысады дегенді естіген қариялар немерелерін жетектеп келген. Жоғары оқу орнының студенттері де жыр додасын тамашалауға асықты. Себебі, 16 ақынның басын қосқан айтыс ақтөбеліктер үшін көптен күткен дода еді. Жыр жарысын «Нұр Отан» партиясы мен Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен облыстық тілдерді дамыту басқармасы ұйымдастырды.

«Биыл қазақ халқының ХХІ ғасырдағы ең басты оқиғасы – Тәуелсіздіктің 25 жылдығы. Талай ата-бабаларымыз, билеріміз, байларымыз, көсемдеріміз, хандарымыз, шешендеріміз, халқымыз арман еткен тәуелсіздік қолымызға тиіп, басымызға бақ боп қонды. Мереке құтты болсын! Сонау Кеңес империясы кезінде тәуелсіздікті дайындауға үлес қосқан, қазақтың санасын оятып, рухын көтерген желтоқсан оқиғасынан кейін ақындар айтысы да егемен елімізге қызмет етіп келеді. Биыл жыл соңына қарай апта сайын республиканың әр өңірінде үлкен-үлкен ақындар айтысы өтіп жатыр. Соның бірі Ақтөбедегі айтыс»,- деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері, ақын, журналист Жүрсін Ерман.

Ақындар айтысын тамашалауға соғыс ардагерлері, қоғам қайраткерлері, зейнеткерлер арнайы шақырылған. Сонымен қатар, «Нұр Отан» партиясының хатшысы Қаныбек Жұмашев қатысты.

Айта кетейік, ақындар тәуелсіз Қазақстанның дамуы мен ел ішіндегі игі істерді, қоғамдағы береке-бірлік пен достықты жырға қосты. Сонымен қатар, тіл, дін, ұлт мәселесі қозғалды. Ақындар «Ақтөбе» футбол клубындағы қаржы мәселесі мен футболшылардың жайын айтып, жұмыс барысында аудан әкімінің жарығын сөндіруге тапсырма берген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевты қолдап, есесіне ақындардың шырағын жаққанын жеткізді.

Айтыстың жалпы жүлде қоры – 7,8 миллион теңге. Бас жүлдеге 3 миллион теңге. Айтысқа ҚР халық әртісі Асанәлі Әшімов, халық ақыны Әсия Беркенова, ҚР халық әртісі, әнші-композитор Алтынбек Қоразбаев, ақын Қонысбай Әбілов, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ, журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Н.Омашев қазылық етті.

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер