BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ақмолалық мүсіншінің сүйектен жасаған өнімдері әлемді бағындыруда

Фото: АО ӨКҚ

Ақмолалық суретші және мүсінші Бектас Кәрімұлының туындылары АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия және елімізде өткен түрлі байқаулардан жеңіспен оралып, кеңінен танылуда, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Суретші, мүсінші Бектас Кәрімұлының есімі облыс, республикаға ғана емес, шетел жұртшылығына да таныс. Сүйекті сөйлетіп, суретке жан бітірген ол 2005 жылы Ақмола облысы Шортанды ауданына Моңғолия елінен көшіп келген. Ағымдағы жылы елордада Ұлттық мұражайда «Өткенді еске алу – болашаққа жол» тақырыбында өткен көрмеге ұсынылған жәдігерлері дүйім жұрттың назарын аударған. Көрме демекші, сүйектен жасаған мүсіндері ЭКСПО төрінде де лайықты орын алған болатын.

Өз уақытында алған суретшінің білімі Бектас Кәрімұлына акварельмен, майлы бояумен салған картиналарында қазақ халқының тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін айқын көрсетуге мүмкіндік береді. Ол шамамен 7-8 жылдан бері балаларға сурет салудан үйірме жүргізіп, тәжірибесімен бөлісуде. Уақыт болса зуылдап өтуде, оқушыларының алды бүгінде мектеп бітіріп кеткен. Суретшінің айтуынша, үйірмеге қазірдің өзінде 10 шақты бала қатысады екен.

Шығармашылықпен айналысатын кез-келген жан өнімнің жаңа түрлерін меңгеруге және игеруге қызығушылық танытады. Олардың қатарында Б.Кәрімұлы да бар. 3 жылдай уақыт бұрын сүйектен мүсін жасау өнерін де таныта бастаған ол бұл өнер түрінің де тақырыбына қазақы өмірді, ұлттық дәстүрді, көне ғұрыптарды сыйдыра біледі. Атап айтқанда, қойдың, ірі қара малдың жауырын сүйегін бұзбай әрлеп, түрлі жәдігерлік бұйымдар жасайды.

«Халқымыз малдың жауырын сүйегін қастерлеп, ырым етіп, сол сүйектен жол ашып, тұмар қылып пайдаға жаратқан, - дейді Б.Кәрімұлы. - Малдың жауырын сүйегін кәдеге жарату арқылы халқымыздың ұлттық құндылықтарын болашақ ұрпаққа қалдыруды, насихаттауды мақсат тұттым. Менің де көздеген мақсатым – өскелең ұрпаққа осы бір кенжелеп қалған өнерді үйрету еді», - деді Бектас Кәрімұлы.

Автордың айтуынша, 1000 астам картиналар салып, 200 астам сүйек-мүсін жасаған. Әрі бұл еңбегі елеусіз қалып жатқан жоқ. Үнемі жүлделі орындарды иемденуде. Атап айтқанда, Астана қаласында конгресс-хол көрме залында Ұлы жеңістің 70 жылдығына орай өткен көркемөнерпаздар шығармашылығы Республикалық байқау-фестивалінің І орын, 2017 жылы өткен «Көшпенділер» халықаралық көрмесінің бас жүлдесі «Алтын бүркіт» дипломдарымен, Баян-өлгий (Моңғолия) аймағының өнер саласының «Озат қызметкер» төс белгісімен марапатталғандығы осының дәлелі.

Сондай-ақ, Моңғолияда болып өткен АҚШ, Ресей, Қазақстан елдерінің біріккен халықаралық суретші, қолөнер шеберлерінің көрмесіне қатысып, бас жүлдесін иемденген. Бұл жолы АҚШ-қа «Көшпенділер үні» көрмесіне Қазақстаннан шақыру алған 6 суретшінің қатарында болған Б.Кәрімұлы бара алмаған еді. Дегенмен, оның қолынан шыққан суреті Өзбекстан, Ресей, Моңғолия елдерінен барған қатысушылардың туындыларымен қатар ұсынылды. Бұл біздің отандастарымыздың өнер туындыларының тілі танымал, түсінікті және, ең бастысы – шынайы екенін айғақтайды. Сондықтан да қызықты әрі тартымды.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер