"Аққұм" әнінің авторы кім? - Өнер|18 Мамыр 2011, 12:09
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

"Аққұм" әнінің авторы кім?

Қазақ арасында ескіден ұмытылмай келе жатқан өміршең әндер көп. Солардың бірі былай айтылады:
Аққұмның бір қызы бар Іңкәр атты,
Сөзі бар алуа, шекер, балдан тәтті.
Адамның өзім көрген абзалы екен,
Айтайын әнге қосып перизатты...

 

Бұл әнді бала кезімізде талай тыңдағанбыз. Көз алдымызға кереметтей бір сұлу елестей қалушы еді. Осыдан шамамен 20 – 25 жылдай бұрын Қазығұрт ауданына қарайтын Аққұм ауылында шаруашылық есепшісі болып істеген Жұмағұл қа­риядан бұл әнге байланысты қызық әңгіме естігенім бар. Ол кісі: «Мұны әйгілі әнші Жүсіпбек Елебеков біздің ауылға кел­генде ауылдық кеңес төрайымы болып істеген Іңкәр атты қызға арнап шығарған», – дейтін. Айтуынша, ел аралап, кон­церт көрсетіп жүрген Ж.Елебековті ақ­құмдықтар қатты құрметтеп күтіп, қимай шы­ғарып салған екен. Сонда ол барлық шаруаға басшылық жасап жүрген Іңкәр қыздың іскерлігіне тәнті болып, оған осы әнді арнап кетсе керек.

Іңкәр кейін Аққұмға жақын тұстағы Аға­най ауылының Өтеген деген жігітіне тұр­мысқа шыққан, бала-шағалы бол­ған, қа­рапайым ғұмыр кешкен. Бүгінде олар дү­ниеден өткен, арттарында ұл бала болма­ған соң ауылда іздері қалмаған дейді жұрт.

Осы әнді анда-санда әншілердің орындауында ести қалсам, оның дүниеге келу тарихын Хабиба апамыз (марқұм Ж.Еле­бековтің жұбайы) біле ме екен, әлде ол Жүсекеңнің жүрегіндегі бір сыр болып қал­ды ма екен деп ойлаймын. Ал бұл әнді біреулер бүгінде Ахмет Байтұрсыновтікі деп те жүр. Анығы қайсы? Қалай бол­ғанда да осы бір әдемі әннің тарихын зерт­теп, анық-қанығына жұрт көзін жеткізу керек сияқты.

Кәрім АППАЗОВ.

Қазығұрт кенті.

http://www.zamana.kz/component/content/article/1-latest-news/3949-akkum.html


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер