BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

"Ақылды бесік" ойлап тапқан қазақ баласының еңбегіне жапондар жармасып жатыр

Әмбебап циркуль мен бала жыласа өздігінен тер­бе­летін электрон­ды бесік ойлап тап­қан қандасымыз Се­рікбол Шәй­мар­данұлының туын­дыла­­ры­на жа­­­пон­дар жарма­сып жатыр. Олар өнер­тапқыш өрен­нің ақыл-ойының же­місін өнді­ріске енгіз­бекші.

Тәуелсіз Қазақстанның түй­­­­­­­­­дей құрдасы Серікбол Қы­­тайдың Шыңжаң өлкесінде дүниеге келген. Атасы мен әкесінің кітапқұмар болуына байланысты ол жастайынан жан азығын байытып өскен.
2007 жылы атамекеніне қоныс аударған Серікбол Ал­маты облыс­тық дарынды ба­­лаларға арнал­­­­­ған мектеп-ин­тернатты үздік аттестат­пен аяқтағаннан кейін Гу­милев
атындағы Еуразия ұлттық уни­вер­сите­тіне түскен. Қазір осы оқу ордасының физика-тех­­ника­лық факультетінің ра­дио­техника, электроника және теле­коммуникация ма­мандығының 3-курсында оқиды.
Қиялы жүйрік, ойы ұшқыр жі­гіттің әмбебап циркуль мен элект­ронды бесіктен басқа 30-ға жуық туындысы бар. Тапқыр жігіт олар­ды жалпақ жұртқа жария етуге асықпайды. Себебі қазір ол ұстазы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, академик Мұқтарбай Өтелбаевтың же­текшілігімен құрғақ жерлерде қолдан жауын жаудыратын және жел энергиясын пайдаланатын құрал ойлап табудың қамымен жүр.
Айтпақшы, кейіпкеріміз жазудан да құралақан емес. Оның «Өнертапқыш: амал мен әдіс» атты кітабы бар. Онда тапқырлықтың негізгі амалдары баяндалған. «Бұл тақырыпты бұрынғы Кеңес одағының ғалымы, қазіргі «TRІZ-дің әкесі» атанған G.S. Altshuller 1946 жылдан бастап зерттеген. Менің жазғаным көшірме емес, өйткені біздің идеямыз ұқсас болғанмен, әдістеріміз әртүрлі. Мен өз еңбегімді дүниеге әкелген кезде ғана G.S. Altshuller-дің осы жайында зерттеу жүргізіп, ғылыми еңбек жазғанын білдім. Салыстырып көріп, G.S. Altshuller екеуміздің жазған дүниелерімізде идеялық ұқсастық бар екенін анықтадым. Сөйттім де, өз еңбегімнің ерекшелігін басқаларға дәлелдеу үшін G.S. Altshuller-дің есімін кітабыма енгіздім және оның еңбектерін жарияладым.
Еуропа және басқа да дамыған елдерде «TRІZ» ғылымын зерттейтін арнайы органдар бар. Ал бізде зерттеу органын былай қойғанда, «TRІZ» ғылымы туралы кітап та жоқ. Мен осы олқылықтың орнын толтырғым келді» деді бізге өнертапқыш.

Әмбебап циркуль қалай пайда болды?

Ол әрбір мектеп оқушысына қажет құралдың жаңғыртылған нұсқасын Қытайда оқып жүргенде, 6-сыныпта ойлап тауыпты. Оның мұндай қадамға баруына екі оқиға түрткі болған көрінеді.
Бірде Қытай телеарналары өнертапқыш ұйғыр балаларын жер-көкке сыйғызбай мақтайды. Сонда Серікболдың санасында: «Ұйғыр баласының менен несі артық? Ол тапқан өнерді мен неге таппаймын?» деген ой жанартаудай жарылады. Намысқа булығып жүрген кезде төмендегідей оқиға орын алады. Ол туралы Серікбол былай дейді: «Сабаққа қалам алып баруды ұмытып кетіппін. Мұғалім: «қалам тап, жаз!» деп тұрып алды. Сөмкемді ақтарып едім, қолыма кәдімгі циркуль түсті. Соның басындағы қарындашпен ұстазымның айтқанын жазып отырып: «Осы циркульді жетілдірсе, оның мүмкіндіктерін арттырса қалай болады екен?» деген қиялға беріліп кеттім. Сөйтіп жүріп 2 ай уақыт өткенде шеңбер сызуға арналған қарапайым құралды күрделендіріп, оған қалам, қарындаш, сызғыш, штрих, өшіргіш, транспортер, үлкейткіш линза, ұштағыш, орнықтырғыш, сағат және қалам мен қарындаштың қабын қостым. Нәтижесінде қарапайым циркуль әмбебап циркульге айналып шыға келді».
Әмбебап циркуль дайын бола салысымен Серікболдың әкесі аймақтағы техника комитетіне патент алуға барады. Ондағылар өтініштің қабылданған-қабылданбағанын 2 күннен кейін хабарлайтынын айтады. Алайда 2 күн 2 жылға созылады. Бұған Серікболдың мекенжайының дұрыс толтырылмауы себеп болады. Әупірімдеп жүріп патентке қол жеткізген күні Серікбол бұдан да зор қиындыққа кезігеді. Әмбебап циркульді қалыпқа құйып тарату үшін қытайлықтар көп қаржы сұрайды. Серікбол олардың сұрағанын тауып бере алмайды. Осыны білген ханзулар Серікболға әмбебап циркульдің авторлық құқығын сату туралы қолқа салады. Ол сызбаны сатудан бас тартады. Осылайша әмбебап циркуль қалыпқа құйылмаған күйінде, қағаздағы қалпында қалып қояды. Алайда бұған өнертапқыш жігіт кейімейді. Керісінше, бозбала әмбебап циркульдің авторлық құқығын қытайларға сатпағанын, олардың алдында өз ұлтының абыройын асқақ ұстағанын мақтанышпен еске алады.
- Аудан әкімінің қолынан әмбебап циркульдің патентін алып жатқанда қатты қуандым. Сахнаға 2 адамды бірдей шақырды. Ол кезде мен бар болғаны 9- сыныпта оқимын. Дегенмен денем кесек, бойым ұзын. Ал менімен қатар ортаға шыққан адам мосқалдау болды. Ұлты қытай, бойы да менен аласа. Мен одан барлық жағынан биік тұрдым. Сол жерде мен емес, менің халқым, қазағым биік тұрды» деді ол бізге жүзі бал-бұл жанып.


«Ақылды» бесік

Серікболдың 10-сыныпта ойлап тапқан электронды бесігі әу баста кез келген дыбысқа тербеліпті. Қазіргісіне баланың жылаған дауысы ғана әсер етеді екен.
- Сәбидің шырылдаған дауысының жиілігі 380 де 415 герц аралығында болады. Электронды бесік 300-415 герц аралығындағы дыбысты ғана қабылдайды. Өйткені бесікке құрылыста қолданылып жүрген дыбыстық айырып-қосқыш орналастырылған. Сол арқылы бала жылай бастаса, бесік тербеле бастайды, - деді Серікбол математикалық есептеулер мен геометриялық дәлдіктердің қыр-сырын ашып.
Бұл бесіктің басқа бесіктерден тағы бір ерекшелігі, мұнда сүт жылытатын құрылғы, баланың дәрет сындырғанынан белгі беретін қоңырау және ана әлдиін есіне сақтап, сәбиге қайталап айтып беріп отыратын қондырғы бар.
Бесікті оңды-солды, үлкен жылдамдықпен тербете беруге болмайтынын түсінген Серікбол тиісті заңдылықтарды сақтау үшін көп ізденіпті. Сөйтіп жүргенде ол жапон ғалымы Гау Чау Иуіл Лаңның зерттеулеріне жолығады. Өз еңбегінде ғалым: «Ана құрсағында бала тербеліп жатады. Ол баланың миына оң әсер етеді. Бала денсаулығы қалыпты болу үшін бір тербелістің жиілігі 1,8 секунд болуы қажет» деп жазыпты. Осы деректі қазақ әйелдерінің бесік тербетуімен салыстыра тексерген Серікбол бесікке төрт дөңгелек қосады. Ол бала ағзасына қауіп төндірмейтін, кернеуі 36 вольт қана болатын тоққа тәуелді болады. Ал тербеліс жиілігі 1,8 секундқа шақталады. Нәтижесінде бала жыласа, бесік тербеледі.
Серікбол үшін бесіктегі сүт жылытқыш қондырғыны ойлап табу да оңайға соқпапты. Баланы сәл жылытылған сүтпен тамақтандыру дұрыс емес екенін ұққан өнерлі өрен қолдан берілетін сүттің температурасы ана сүтінің жылылығымен бірдей болу қажет деген байламға келеді. Ол ғалымдардың зерттеулерін ақтара жүріп, ана сүтінің жылылығы адамның қалыпты температурасынан 1-2 градусқа ғана төмен болатынын анықтайды. Ақыр аяғында осы температураны бір қалыпта ұстап тұратын сүт жылытқыш қондырғыны дүниеге әкеледі.
Серікбол ойлап тапқан бесікті «ақылды бесік» десек, қателеспейміз. Өйткені ол қай қырынан алып қарасаңыз да аналардың қолын ұзартады. Әзірше Қазақстанда «ақылды бесіктің» бір-ақ нұсқасы бар. Ол автордың жатақханасында тұр.
Студент Серікболдың қысқа жібі күрмеуге келмейді. Оның электронды бесігін нарыққа шығару біздегі «Атымтай жомарттардың» миына кіріп те шықпайды. Ал жапондар жалынып отыр. Қазақтың қарадомалағы патентін берсе, ертең-ақ өз бесігімізді өзімізге пұлдамақшы.
«Алғашында бесікті қағаз қорапшадан жасадым. Қытайда кімде-кім жаңалық ашып, онысын тиісті комитетке көрсетсе, ондағылар құрақ ұшып, көмек көрсетеді. Ал бізде бәріне өзің жүгіруің керек. Тіпті жасаған дүниеңе мұрын шүйіріп қарайтындар бар. Тамыр-танысың болса ғана ісің алға басады, болмаса өзіңмен-өзің жүре бересің.
«Электронды бесік» жобасымен түрлі жарыстарға қатыстым. Сынақтардан сүрінбей өттім. Алайда республикалық жарыста ауыз толтырып айтарлық жобасы жоқ бала жеңімпаз атанды. Бұл қалай, түсінбедім?» деп ренішін білдірді бізге Серікбол.

Қауіпсіз үзеңгі, әдебиетті математикалық модельдеу және автоматтандырылған киіз үй

Ат құлағында ойнап өскен қазақ баласы үзеңгінің не екенін жақсы біледі. Оның атқа мінгенде, түскенде, бәйгеге шапқанда атқаратын қызметінің рөлі зор екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен үзеңгінің бір кемшілігі бар. Адам аттан ауып, аяғы үзеңгіге ілініп қалатын болса, өлімге душар болуы мүмкін. Осыны болдырмас үшін Серікбол үзеңгінің жаңа жобасын жасады. Бұл үзеңгінің әдеттегі үзеңгіден айырмашылығы, оның үштен бір бөлігі алынып тасталынған. Осы арқылы өнертапқыш қауіпсіздікке кепілдік беріп қана қоймай, үзеңгі жасауға жұмсалатын материалды үнемдеп отыр.
Әдебиетті математикалық модельдеу арқылы 100 бетке жуық шығарманы бір беттік сызбаға сыйғызуға болады екен. Осыны дәлелдеу үшін Серікбол Мұхтар Әуезовтің «Қара қыпшақ Қобыланды» атты 4 актілі, 8 суретті дастан-драмасын алыпты. Әдеби образдарды Y осі арқылы моральдық өлшем етіп көрсеткен жігіт кейіпкерлерді жағымды және жағымсыз деп 2 топқа бөлген. Сәйкесінше жағымды кейіпкерлерді Y осінің оң жағына, жағымсыз кейіпкерлерді сол жағына орналастырған. Ал кейіпкерлердің жасын Х осімен белгілеп, бас кейіпкерлерді • арқылы, жанама кейіпкерлерді ° арқылы бейнелеген. Нәтижесінде 100 беттік әдеби шығарма, 1 беттік математикалық модельге айналған.
Қазір Серікбол автоматтандырылған киіз үйдің үлгісін жасауды ойлап жүр. Бұл ой әлі пісіп-жетілмегендіктен, оның қандай болатындығы туралы ешкімге тіс жарғысы келмейді. Дегенмен түптің түбінде автоматтандырылған киіз үйдің пайда болғанын құлағыңыз шалып жатса, авторы Серікбол екеніне күмән келтірмеңіз.


«Ғылымда жолым болмаса....»

Серікболдың осылай деп бастауы мұң екен, жүрегім зірк ете қалды. «Ғылымда жолым болмаса...» дейді. Ашынғаннан айтып отыр ғой, әйтпесе, өнертапқыш жігіттің ғылымдағы жолы әлдеқашан болып қойды емес пе?!
Алдағы уақытта да мемлекет я болмаса қалталылар тарапынан Серікболға қолдау табылмайтын болса, ол біржолата бизнеске бет бұрады. Сөйтіп, Қазақстан мықты өнертапқышынан айырылады. Тума талант тұншығады, тұншықтырылады. Сосын биік мінбелерден сөз сөйлейтін лауазымды тұлғалар: «Бізде жас ғалымдар жоқ, аға буын мен іні буынның арасында кеңістік көп» деп даң-дабыра жасап, бұрынғы байбаламдарына басады.
Ал өнертапқыштығымен өрге өрлеген өрен жатжұрттың жарылқағанын емес, өз елінінің өгейсітпегенін, бауырына басып, қолдау көрсеткенін қалайды. Серікболға электронды бесіктің авторлық құқығы үшін жапондар ұсынып отырған қыруар қаржыны алып, шырт түкіріп жатуға да болады. Бірақ ол бұлай етуге арланып отыр. «Намысым жібермейді. Қазақстанға қоныс аударғанда атажұртымның өсіп-өнуіне бар күшімді жұмсаймын деп келгенмін. Бабамыздан мұра болып қалған бесікті жапондардың қанжығасына байлап берсем, елдің бетіне қалай қараймын?» дейді ол.

Қанат МАХАМБЕТ

Астана


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер