BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Әйгерім Сейфолла: Жүрегімнің кілтін тапқандарға жайдарымын

– Сіз көпшілікке «Меншікті мекен» бағдарламасы арқылы танылдыңыз. Не себепті жұмысыңызды «Қазақстан» арнасынан «Астана» арнасына ауыстырдыңыз?

– Ұлттық арнада қызмет істеп жүріп, бала күтіміне байланысты демалысқа шықтым. Сол уақытта «Меншікті мекен» бағдарламасын Назира Бердалы уақытша жүргізген. Бір күні «Меншікті мекен»-ді жабылады дегенді естідім. Халық қошеметіне бөленген бағдарламаның түсініксіз себептермен жабылып жатқанын естігенімде, біреу жүрегіме қанжар сұғып алғандай болды. Көңілім жабырқап жүргенде «Астана» телеарнасынан ұсыныс түсті. Сөйтіп, «Сырласу» бағдарламасын қолға алдық.

– «Сырласу» көрермендерді қандай ерекшелігімен өзіне баурап алды?

– Тіпті нашар бағдарламаның өзінен де бір нәрсе алуға, ой түюге болады. Тіл-көзім тасқа, «Сырласу» бағдарламасының рейтингісі жоғары. Ендеше, рейтингісі жоғары бағдарламаның көрермені бар деген сөз.

«Сырласу»-ға елге танымал тұлғалар шақырылады. Мен сұхбат берушілерге халықтың көкейіндегі сауалдарды қоюға тырысамын. Көрермен бағдарламаны сондықтан да жақсы көретін шығар. Кейбіреулер: «Мені осы сауал толғандырып жүрген, сіз жауабын бердіңіз» деп жатады. Әрине, барлық адам өз сырын бүкпесіз айта бермейді. Соған қарамастан, сұхбаттасушының болмыс-бітімін мейлінше ашуға ұмтыламын.

– Бағдарламаны түсіруге қалай дайындаласыз? Кейіпкерлерді өзіңіз таңдайсыз ба?

– Әр сұхбатқа ыждағатты дайындаламын. Кейде асығыс түсірілген сұхбаттар да кездеседі. Олардың арасында сәттісі де, сәтсіз шығатындары да бар. Сұхбат сәтсіз шыққанда өзімді жаман сезінемін.

Кейіпкерлер телеарна басшылығымен келісіліп, іріктеледі. Әйтсе де, халықтың көңілінен шығатын тұлғаны байқасам, шақыруға барлық күшімді жұмсаймын, шақырамын да. Сұхбатқа дайындық барысында алдымен оның танысы, досы кім екенін, қай жерде, кіммен оқығанын біліп аламын, сол кісілермен хабарласамын. Кейде: «оны қайтесің?» дейтіндер де кездеседі. Әйтсе де, ақпарат керек болғандықтан, амалын тауып қажетті мәліметті біліп аламын.

– Қазақ журналистикасында туындының көркемдігіне көп мән беріледі. Батыс журналистикасы ақпаратты «таза» күйінде жеткізуге тырысады. Сіз батыс журналистикасынан қандай үлгі алар едіңіз?

– Осы тұста «Сырласуда» болған Нұртөре Жүсіп пен Шәмшиден Пәттеев ағаларымыздың ойымен келісемін. Олар: «Өзгеге еліктеу – мәдениеттің төмендігінің белгісі» деген еді. Шетелдік арналардың жақсы бағдарламаларын өз менталитетімізге икемдей отырып, жасауға болады. Дегенмен қашанғы өз қолымыздан шыққан дүниелерді салыстырып, дәрежесін төмен түсіре бермекпіз? Өресі биік жандарға арналған озық дүниелер қазір жасалып та жатыр. Меніңше, сөзбен емес, нақты іспен көрсеткен абзалырақ секілді.

– Сіз үшін сұхбат жанрының құдіреті неде?

– Кез келген адам өзінше жұмбақ әлем. Сұхбат арқылы осы «жұмбақтың» шешімін табуға болады. Әңгіме-дүкен құрғаннан кейін маған кейбір адамдар өте жақын болып кетеді, не болмаса жек көріп кетуім де әбден мүмкін. Кейде, амал жоқ, ұнатпайтын адаммен де сұхбаттасуға тура келеді.

Сұхбат адамдарды бір-біріне жақындастыру, мүлдем танымайтын адамдарды таныстыру үшін керек. Танымал тұлғалармен сұхбаттасу арқылы қанатым қатайып қалғандай сезінемін. Сұхбат барысында адаммен жақын танысып, оның жақсы мінезінен тәлім алуға болады. Кейіпкердің образы арқылы көрерменді жақсыға баулып, жаманнан жиіркендіресің.

Қысқа-нұсқа:

– Туған жеріңіз?
– Қарағанды облысы Нұра ауданының Отарбай ауылында туып-өстім. Ол ауылда қазір екі-ақ отбасы тұрады.
– Жасыңыз нешеде?
– 28-де, бірақ өзімнің туған күнім бойынша мен алты жарым жастамын. Себебі 29 ақпан күні дүниеге келгенмін.
– Отбасын құрғансыз ба?
– Жеке өмірімде сәтсіздікке ұшырадым. Іңкәр есімді қызым бар. Сүріндім, бірақ еңсемді тіктеп алдым деп айта аламын.
– Сүйікті түсіңіз қандай?
– Маған ашық түстер ұнайды. Қанық көгілдір, күлгін мен көк аралас, бірақ соңғы кезде қоңыр түске қызығып жүрмін.
– Қай уақытта жұмыс жасағанды ұнатасыз?
– Түнде және таңертең.
– Жиі ашуланасыз ба?
–Бұрын жиі ашуланатынмын, қазір сабырлы бола бастадым.
–Өзіңізді бір сөзбен қалай сипаттар едіңіз?
– Бір қарағанға салқын, суық, әйтсе де, жүрегімнің кілтін тапқан адамға ашық, жайдарымын.

– Жұмыс стилі жағынан интервью корифейлері арасында сізге кімдер ұнайды?

– Ларри Кинг, Опра, Познер. Ларри Кинг былай дейді: «Өзің біліп тұрған сұрақты қойма». Менде де ондай жағдайлар болады. Біреудің алдын ала іштей дайындалып келген сұрақтарын сезсем, оларды қоймаймын. Кейбір сұхбаттарым сол арқылы сәтті шығады. Жауыр болған, жаттанды сұрақтарды қоймасаң, ол адам мүлдем басқа қырынан ашылады, тың идея айтады. Иә, басында қорқақтайды, сасқалақтап: «Мүмкін, осымен қоярмыз, менің көңіл күйім болмай кетті» деп аяқ астынан өзгереді. Сонда мен: «Жоқ, мына сұраққа жауап беріңізші, содан кейін тоқтатамын» деймін. Осылайша, жауабыңды біліп аласың. Кейіннен өздері: «Мүлдем басқаша сұхбат беріппін ғой, бәрі мақтап жатыр» деп хабарласады.

Ларри Кинг, Опра, Познер сияқты менің авторлық бағдарламам он бес жыл, жиырма жыл эфирде жүрсе деймін. Бағдарламаны жастардың көріп өскенін қалаймын. Басқалар маған қарап бой түзейтін адам болғым келеді.

– Жұмыс барысында қандай принциптерді ұстанасыз?

– «Меншікті мекен», «Сырласу» бағдарламалары идеясының авторы – Ләззат Мұратқызы Танысбай. Тәжірибемнің аздығына қарамастан, маған сенім артып, байыпты жобаға тартқаны үшін Ләззат Мұратқызына алғысымды білдіремін. Сондықтан, менің жұмыстағы басты принципім – үміт пен сенімді ақтау. Қолыммен жасағанымды мойныммен көтеру.

Кейбір адамдар маған: «сен журналистік этиканы сақтамайсың» деп жатады. Журналистік этика деген не? Егер біз ұялып, қысылып тұрсақ, біз шындыққа қалайша қол жеткіземіз? Мен барлық сұхбаттасушыға бірдей қарап, жұртты қызықтыратын сұрақтарды қоямын. Қорқыныш, үрей дегенді екінші қатарға ысырып қойып, алған жауабымды боямасыз жеткізуге тырысамын.

– Журналистикада сізге кедергі жасағысы келгендер кездесті ме?

– Маған кедергі болған әлі ешкім жоқ. Ренжитіндер көп, ренжіп, басшылыққа хабарласып, кейбір жерлерді алғызып тастасын, артық айтып қойды, артық сұрақ қойды дейтіндер де кездеседі.

– Ондай кісілерге не дер едіңіз?

– Олар «мен бұл сұраққа жауап беруден бас тартамын» дейтін бір-ақ ауыз сөз айту керек еді. Ал жауап беріп алып, одан кейін қайта-қайта хабарласып, алып таста деудің қажеті жоқ. Кез келген журналиспен сұхбаттасқанда абай болған дұрыс. Қорқатын ақпараты болса, айтпау керек.

– Сізді қандай идея өмір сүруге, алға ұмтылуға қанаттандырады?

– Әке-шешем өмір бойы қарапайым болды. Олар үнемі басқалардың қас-қабағын бағып, өзгелерді ренжітпеуге тырысады. Алла тағала шапағатын бізге де төгеді деген ұстаныммен өмір сүреді. Соларға қарап «не себепті олар осы қалпында жүре беруі керек» деп ойлаймын. Қолдарын жылы суға малып, көңілдеріне қуаныш сыйлап, олардың әдемі қартайғандарын көргім келеді. Мені алға осындай ойлар жетелейді. Өзімді ғана емес, қызым Іңкәрдің болашағын ойлаймын. Сол үшін жақсы жұмыс істеп, үнемі шығармашылық ізденісте болуым керек деп есептеймін.

– Шаршағанда, күйзеліске тап болғанда не істейсіз?

– Сұхбаттасқан тұлғалардан: «Күзгі күйзелісті қалай айналып өтесіз» деп сұраймын. Ал өзім күйзеліске көп түсе бермеймін. Тек сұхбаттарым нашар шықса, шаршап қаламын. Көңіл күйім жабырқағанда жақсы әуендерді, Шәмшінің, «Музарттың» әндерін тыңдаймын. Содан кейін Мұқағалидың, Шахановтың өлеңдерін оқимын. Музыка мен лирика – жаныма арқау. Кейде мультфильмдер көремін. Таза ауада жүргенді ұнатамын, кең тыныстап демалып, міндетті түрде жақсы нәрсені ойлауға тырысамын.

– Плей-листіңізде қандай әуендер бар?

– «Музарттың» орындауындағы «Жүрегім менің» әні ұнайды, «Арыс жағасында», «Ақ бантик» әндерін әлі күнге дейін сүйіп тыңдаймын. Сөзі мен әуені үйлесімін тапқан, жүрегімнің ырғағын «сезетін», көңіл күйіме сәйкес келетін, мені «түсінетін» музыканы тыңдағанды ұнатамын. «Меншікті мекен» бағдарламасының режиссері Қарлығаш Нұртазинаның орындауындағы Исрайыл Сапарбайдың «Қия алмаймын» деген әнін жақсы көремін. Адамда біреуді, не бір нәрсені қия алмайтын сәттер болады ғой, маған осы ән жақын.Осы әнді тыңдағанда рахаттанып қаламын.

– Әйгерім Сейфолла неден қорқады?

– Ұшақтан қорқамын. Қатты қорқамын (күліп). Осы қорқынышым мені талай іссапардан қалдырды. Мысықтан, иттен қатты қорқамын. Бірде сұхбат алуға Асанәлі Әшімовке барғанбыз. Алдымнан дәу қара төбет атып шықсын, жүрегім тоқтап қала жаздады. Асанәлі аға менің түрімді көріп: «Боп-боз болып кеттің ғой. Не болды соншама қорқып, ол қаппайды. Тек Тұңғышбайды ғана қабады…» деп әзілдегені…

Сосын жалғыздықтан қатты қорқамын. Алладан жалғыз болмасам деп тілеймін.

– Өзіңізді жарнамалауды ұнатасыз ба?

– (Бірден) Жоқ! Заман талабына сай, жарнама қажет, жарнамасыз болмайды деседі кейбіреулер. Өзіңді жарнамалаудан қорықпа, жаман жарнаманың өзі пайдалы деп айтып жатады. Сәті түссе жарнамалаудан қашпаймын, бірақ сұранып қадірімді кетіргім келмейді.

Әңгімелескен Ақтолыс СПАБЕКҚЫЗЫ


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер