Фото: lovecats.pet
Астана, BAQ.KZ тілшісі. ВИЧ инфекциясы бар адам Астана қаласы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы дәрігерлерімен әңгімелескеннен кейін, ешкімге қасақана ауру жұқтырмайтыны туралы құжатқа қол қояды. Шарт бұзылған жағдайда науқас қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Астана қаласы ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығының бас дәрігері Сәбит Абдраимов айтты.
«Биыл ешкімге қасақана ВИЧ инфекциясын жұқтырмайтыны туралы қол қойған адам шартты бұзғаны анықталды. Қазір ол үш адамға қасақана жұқтырды деген күдікпен уақытша қамау изолтяторында отыр. Үш аптадан кейін сот үкімі шығады», - дейді бас дәрігер.
Сондай-ақ, аталған орталық Астана қаласының Полиция департаментімен тығыз байланыста, себебі ВИЧ инфекциясын жұқтырғандарды анықтағаннан кейін оларды ұстау қиын. Олар бір қаладан бір қалаға және қаланың ішінде де көшіп жүреді.
«Өкінішке қарай, ВИЧ жұқтырған адам кінәлі адамды сотқа беріп, соңына дейін бармайды. Олар туыстарынан, достарынан ұялып, бәрі теріс айналады деп қорқып, басында қандай жағдай болып жатқанын ешкімге айтпайды. Шынымен де, ондай дертке шалдыққан адамды отбасынан қуып шығатын жағдайлар да болады. Бес жыл бұрын ВИЧ инфекциясын жұқтырған 65 жастағы ер адам дерті туралы отбасы мүшелеріне биыл, жетпіске келген кезінде бірақ айтқан», - дейді ол.
Биыл ВИЧ инфекциясын жұқтырған 16 ана өмірге дені сау сәби алып келді
Қазақстанда ВИЧ инфекциясын тексеру үшін сараптама тегін жүргізіледі және аталған дерт тегін емделеді. Тіпті, осы дертпен бірнесе сәбиін өмірге аман-есен алып келген аналар бар.
«ВИЧ инфекциясын жұқтырған әйел жүктілік кезеңнің он екінші аптасынан бастап емханаға тіркелуі керек. Жүтіліктің 28-30 аптасында екінші рет тест жасаймыз. Одан кейін емді жалғастырамыз. Босанған сәттен бастап нәрестеге қажетті дәрі-дәрмектер береміз. Оларды емізуге болмайды, себебі қауіпті инфекция ана сүті арқылы таралады. Былтыр бір әйел босанғаннан кейін екі-үш ай өткен соң ВИЧ инфекциясын жұқтырып, баласын емізген кезде сәбиіне де жұқтырып алған. Биыл ондай жағдай тіркелген жоқ. Осы диагнозбен үш баладан артық тапқан он әйел бар. Биылғы тоғыз айдың көрсеткіші бойынша ВИЧ инфекциясын жұқтырған 150 адамның 9-ының аяғы ауыр. Ал 2017 жылы осы диагнозбен жүріп 16 әйел бала көтеріп, биыл босанды», - дейді ол.
Бұған дейін Қазақстандағы ВИЧ инфекциясы ең көп таралған аймақтар мен жыныстық жолмен ВИЧ инфекциясын жұқтырғандардың 12 пайызы гомосексуалистер екенін жазған болатынбыз.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!