BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Теміртауда балабақша тәрбиешісі баланы көрпемен тұншықтырған

Теміртаудың жекенменшік балабақшаларының бірінде тәрбиеші жылаған баланы көрпемен тұншықтырып, тыныштандырмақ болған. Жантүршігерлік істің видеосы ғаламторда таралып кетті, деп xабарлайды Baq.kz агенттігінің аймақтағы тілшісі.

Жаға ұстатарлық жағдай Теміртаудың «Домик» жекеменшік балалар бақшасында үстіміздегі жылдың мамыр айында болған. Тәрбиеші жылаған баланы көрпемен тұншықтырып, үстінен басып отырған. Жан даусы шығып, тәрбиешінің қолынан сытылып шыққысы келген баланы әйел бар күшімен жібермей ұстап, көрпемен тұншықтыруын жалғастырған. Бірер минутқа созылған видео әлеуметтік желі арқылы таралып жатыр.

Теміртау қалалық білім бөлімі видеодағы балабақша қызметкерінің жұмыстан қуылғандығын айтады.

«Теміртаудағы балабақшаның бұл тәрбиешісі жұмыстан шығарылған. Бұл мекеме жекеменшік болғандықтан білім бөліміне бағынбайды. Біз ондағы жағдайды бақылауда ұстай алмаймыз. Дегенменде балаларға қарайлаймыз. Тиісті органдар аталған балалар бақшасының қызметіне тексеріс жүргізуге тапсырма берді», - дейді Теміртау қалалық білім бөлімінің басшысы Есентай Әшім.

Қарағанды облыстық Ішкі істер департаментінің xабарлауынша баланы тұншықтырған тәрбиешіге қатысты қылмыстық іс қозғалған.

«Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 149 бабы, 2 тармағына сай сотқа дейінгі тергеу басталды. Ішкі істер басқармасының қызметкерлері видеодағы әйелдің жеке басын анықтады. Ол 50 жаста. Тәрбиеші баланы ұйықтата алмаған. Қыз бала оны тыңдамай, төсектерде секіріп, басқа балаларға ұйқы бермегендіктен баланы көрпемен басып, тыныштандырмақ болған», - дейді Қарағанды облыстық ІІД-нің баспасөз xатшысы Бақытжан Құдияров.

Оның айтуынша, жапа шеккен баланың ата-анасы анықталып, олар аталған әйелді жауапкершілікке тартуға арыз түсірген.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер