Шалқарлық «маньяктардың» соты басталды - Оқиға|02 Тамыз 2012, 13:55
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Шалқарлық «маньяктардың» соты басталды

Ақтөбе облысы Шалқар ауданында былтыр бірнеше әйелді өлтірген төрт жігіттің ісі 31 шілде күні сотта қаралды. Айып тағылған 25-32 жас аралығындағы төрт жігіттің үшеуі – ағайындылар. Бұл үш жылдан кейін барып ашылған қылмыс еді. 

2009 жылы 7 маусымда қала шетінде бұлар Шалқар көлі маңында демалады. Ішіндегі біреуі таныс әйелге қоңырау шалып, бірге демалуға шақырады. Әйел айтылған жерге келеді. Сол жерде барлығы бірігіп спирттік ішімдік ішеді. Бөтелкелестер арасында жанжал шығады. Соңында төрт жігіт әйелді өзенге батырып өлтіріп, мәйітті қамыстың арасына жасырады.

Келесі қылмыста машинамен келе жатып, таныс қызды кездестіреді. Бірге көлге барып, демалайық деп шақырады. Ана қыз келісе кетеді. Сол демалған жерде қыздың ұйықтап қалғанын пайдаланып, жігіттердің бірі қызға пышақ салады. Басын кесіп алып, денесін көміп тастайды. Екі күн өткен соң олар сол көл маңына қайтып келіп, мәйітті Шалқар-Бозой жаққа апарып, қайта көмеді. Жасаған қылмыстары ашылмай, дандайсып кеткен болуы керек, әйтеуір, сол жылы маусым айында олар тағы бір қылмыс жасайды. Бұл жолы қастарынан өтіп бара жатқан қызды күштеп көліктеріне мінгізіп алып, қала сыртына алып шығып, барлығы кезекпен зорлайды. Кейін басын ауыр темірмен ұрып, белдікпен буындырады. Қылмыстың ізін жасыру үшін мәйітті өртеп жібереді.

Сол жылы жазда жоғалған тағы бір 30 жастағы мұғалім әйелдің мәйітін тапқан полиция әлгілерді күдікті ретінде тұтқындайды. Олар тергеу кезінде мұғалім келіншекті және қамыс арасынан табылған әйелді де өлтіргендерін мойындаған.

Ар азабына шыдамай, асылып өлген осы қылмыстың куәгері ағайындылардың айуандығы туралы өзінің соңғы хатында егжей-тегжейлі жазып кетіпті. Жергілікті полиция үш жыл бұрынғы қылмысты сол хаттың көмегімен ашқан екен.

Автор: Бақыт ЖАНШАЕВА, Ақтөбе 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер