Өрт орнында сегіз адамның, оның ішінде төрт баланың өртенген мүрделері табылды - Бас прокуратура - Оқиға|13 Шілде 2012, 09:16
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Өрт орнында сегіз адамның, оның ішінде төрт баланың өртенген мүрделері табылды - Бас прокуратура

АСТАНА. 13 шілде. BAQ.KZ - Кеше Алматы облысына қарасты Қарасай ауданының Тау самалы кентіндегі өрт орнында сегіз адамның, оның ішінде төрт баланың өртенген мүрделері табылды, деп хабарлайды Бас прокуратура. 

"2012 жылдың 11 шілдесінде Алматы облысы, Қарасай ауданы, Тау самалы кенті, Сейфуллин көшесі, 98-үй мекен-жайында өрт болды, өрттің алаңы 100 шаршы метрді құрады. Өрт орнында сегіз адамның, оның ішінде төрт баланың өртенген мүрделері табылды", деп хабарлады прокуратура.

Дереккөзінің мәлімдеуінше, қазірде жедел-тергеу тобы оқиға болған жерді тексеру жұмыстарын жүргізуде. Тексеру барысында үйдің гаражынан атыс қаруы және оған оқ-дәрілер, полицейлік киім-кешек және діни әдебиет табылған.

Бұл факт бойынша Алматы облысының прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 24-бабының 1-бөлігімен – 233-бабының 3-бөлігінің «б» тармағымен (терроризмге дайындалу) қылмыстық іс қозғады.

Қазіргі уақытта қажетті сот сараптамалары тағайындалды, тергеу іс-шаралары жүргізілуде, қаза болғандардың жеке бастары анықталуда, сондай-ақ табылған атыс қаруының, оған оқ-дәрілердің, полицейлік киім-кешектің пайда болу көздері тексерілуде.

Естеріңізге сала кетейік, кеше төтенше жағдайдың салдарынан оқиға орнында 7 адамның, оның ішінде 2 баланың өртеніп кеткен мәйіттері табылды деп хабарланған болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер