Оралда ұлттық ұлан жауынгері ер азаматты құтқарды - Оқиға|30 Қазан 2018, 13:36
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Оралда ұлттық ұлан жауынгері ер азаматты құтқарды

Астана, BAQ.KZ. Осы жағдай айдын басында орын алған болатын. 4 қазанда Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінің келісімшарт әскери қызметшісі Ренат Түксімбаев үйінен дүкенге қарай шығады. Жол жөнекей жер үйлердің бірі отқа оранғанын байқайды. Бұл туралы ҚР Ұлттық ұланының баспасөз қызметі хабарлайды.

Ұландық жауынгер ойланбастан, от оранған орынға барды. Үй иесінің жұбайы түтіні лаулаған үйдің қасында тұрды. Азаматша өртенген үйдің ішінде қалған күйеуіне көмек беруді сұрайды. Алайда, сол маңда тұрғандардың бірінің өрт шалған үйге кіруге батылы жетпейді.

Осы сәтте сержант Ренат Түксімбаев еш ойланбастан есікті аяғымен теуіп ашып, жанып жатқан үйге кіреді. Ол жерде ес-түссіз жатқан ер азаматты байқап, иығына көтеріп қауіпсіз жерге алып шығады. Сол-ақ екен, үйдің төбесі де қиралып жерге түседі.

Осыдан кейін, жедел жәрдем мен өрт сөндіру қызметі келеді. Әскери қызметші адам өміріне еш қауіп жоқтығына көз жеткізгеннен кейін, өз жұмыстарымен кетеді.

Ерлік оқиғасы туралы Александр Морозов есімді азамат ауруханадан жазылғаннан кейін белгілі болды. Ол 26 қазанда өмірін құтқарған ұландықты тауып, 5517 әскери бөлімі командирінің атына алғыс хат жолдайды.

«Сіздің әскери бөліміңіздің әскери қызметшісі сержант Ренат Түксімбаевқа өртенген үйден мені құтқарған кезіндегі ерлігі мен батылдығы үшін алғысымды білдіремін. Егер ол батылдық танытпаса менімен не болатыны белгісіз еді. Осындай әскери қызметшілерді тәрбиелеген командирлерге алғыс айтамын», - делінген әлгі хатта.

5517 әскери бөлімінің басшылығы ұландықты марапаттау туралы қолдау хатты жоғары қолбасшылыққа жолдады.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер