BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Олжас Сүлейменовтің немересінің өліміне қатысты сот үкімі шықты

Астана, BAQ.KZ. Қызылорда облыстық ІІД басшысының 29 жастағы қызы Малика Мұхитова Олжас Сүлейменовтің немересі Ескендір қаза тапқан жол апатына айыпты деп танылып, 2 жылға бас бостандығынан айырылды, жазасын минимал деңгейдегі қауіпсіздік колониясында өтейді.

"Мұхитова Малика Қайратқызы Қылмыстық кодекстің 345-бабының 3-бөлігі бойынша айыпты деп танылсын. 2 жылға бас бостандығынан айырылып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінің минимал деңгейдегі қауіпсіздік мекемесінде (қоныс колониясында - автор.) өтесін, 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айырылсын", - деді сот үкімін оқыған судья Қанат Тобағалиұлы.

Tengrinews.kz-тің жазуына қарағанда, судья үкім заңды күшіне енген соң кепілмен босату түріндегі бұлтарпау шарасын қамауға алу түріндегі шараға өзгерту туралы шешім шығарған.

"Сот сізді осы қылмыстық құқықбұзушылық үшін айыпты деп таныды. Себебі сіздің тарапыңыздан ережебұзушылықтар болды. Біз барлық сарапшыдан жауап алып, осындай шешімге келдік. Сіздің татуласқыңыз келгенін де ескердік, бірақ зардап шеккен тараптың ұстанымын ескере отырып, сот қатаң жаза тағайындады. Бірақ қазір сот сізді қамауға алмайды, заң күшіне енген соң қамауға алынасыз. Үкіммен келіспесеңіз, 15 күн ішінде шағымдана аласыз", - деп түсіндірді судья.

Мұның алдында прокурор сотталушыны екі жылға соттап, жазасын минимал қауіпсіздік мекемесінде өтеуді сұраған болатын. Кейінірек Малика Мұхитова сот отырысында соңғы сөзін айтқан болатын.

"(...) Осыдан екі ай бұрын Ескендір түсіме кірді. Жағажайда жүгіріп жүр екен. Үстінде ақ түсті киім болды, маған күліп қарады. Қасында бір қыз жүр. Құдайдың мені емес, оны алып кеткеніне кінәлі емеспін ғой. Өтінемін, кешіріңіздерші, мені бас бостандығымнан айырмаңыздаршы. Ата-анамды, бауырларымды аяңыздаршы", - деген еді Мұхитова сот залында.

Еске сала кетейік, Олжас Сүлейменовтің немересі Ескендір қаза тапқан жол апаты Астанада 2018 жылдың 22 маусымында Мәңгілік ел мен Керей, Жәнібек хандар даңғылдарының қиылысында болған еді. Кейін полиция тергеу жұмыстары жайлы айтып берген болатын.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер