BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 377.11 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 424.21 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.91
Астана:

Бишімбаев миллиард теңге ұрлады деген мәлімдеме шындыққа жанаспайды – адвокат

Фото: Бауыржан Жуасбаев

2017 жылдың басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы өкілдері бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев Қызылорда қаласындағы шыны зауытының құрылысына бөлінген қаражатты жымқыруға қатысты қылмыстық іс бойынша 1,2 миллиард теңге көлемінде мемлекетке өтемақы төледі деп ақпарат таратқан болатын. Алайда арнайы баспасөз мәслихатында Қуандық Бишімбаевтың адвокаты Мәди Мырзағараев бұл мәлімдемені жоққа шығарды, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

«Бұқаралық ақпарат құралдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро қызметкерлері «мемлекетке келтірілген 1 млрд 200 млн теңге көлеміндегі залал қайтарылды» деген ақпарат таратты. Сондай-ақ онда мемлекетке келтірілген шығын Ұлттық бюро қызметкерлерінің көмегімен қайтарылғаны айтылды. Бұл мәлімдеме шындыққа жанаспайды», - деді Мәди Мырзағараев.

Осы орайда қорғаушы мердігер компания шыны зауытының құрылысын аяқтай алатын дәрежеде болғанын жеткізді.

«Қызылорда қаласында шыны зауытын салу жөнінде шарт жасалған кезде мердігердің сол зауытты шын мәнінде іске қоса алатынын дәлелдейтін құжаттары болды. Сол себепті мердігерге «Банк Астана» кепілдеме берген болатын», - деді Қуандық Бишімбаевтың адвокаты.

Мәди Мырзағараевтың айтуынша, кейін Қызылорда қаласындағы шыны зауытының құрылысында күтпеген жағдайлар болған. Салдарынан зауыттың құрылысы тоқтаған.

«Кейін «форс-мажор» жағдай болды. Біз «форс-мажор» деп мердігер компания басшыларының қамауға алынғанын айтып отырмыз. Сол себепті құрылыс белгілі бір мерзімге тоқтап қалды», - деді адвокат.

Сонымен қатар ол «Қуандық Бишімбаев Қызылорда қаласындағы шыны зауытының құрылысына бөлінген 1 миллиард теңге қаражатты мемлекет пайдасына қайтарды» деген ақпараттағы ақшаның қайдан алынғанын түсіндірді.

«Жоғарыда Қызылорда қаласындағы шыны зауытының құрылысы тоқтап қалды дедім. Алайда тапсырыс беруші «Орда глас» деген компания өзінің құқығын пайдалана отырып, банктен кепілдеменің сомасын, яғни 1 млрд 200 млн теңгені толықтай қайтарып алды. Сондықтан бұл жерде Ұлттық бюроның да, осы қылмыстық іске қатысы бар деген күдіктілердің де бұл сомаға (1 млрд 200 млн теңгеге - автор) қатысы жоқ», - деді Мәди Мырзағараев.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
30 Желтоқсан 2018, 18:34
500 МЫҢ ТЕҢГЕ АЙЛЫҚ ТІЛЕЙМІН!
Пікірлер