"Арқанкергенде" қаза тапты делінген шекарашының сүйегін алудан анасы бас тартты - Оқиға|05 Қаңтар 2013, 17:37
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

"Арқанкергенде" қаза тапты делінген шекарашының сүйегін алудан анасы бас тартты

АСТАНА. 5 қаңтар. Baq.kz - "Арқанкергенде" қаза тапты делінген шекарашы Денис Рейдің шешесі ұлының сүйегін туған жеріне апарудан бас тартты. Татьяна Рей ұлының хабарсыз кетті деп танылуын талап етіп отыр.

Шекарашының шешесі "Арқанкергенде" табылған сүйек қалдықтарының өзінің ұлынікі екенін ешбір сараптама нақтылай алмағанын айтады. "Ал, ұлымның сүйегінен қалған деп маған беріп отырған күлді мен алмаймын да, жерлемеймін де", - деді ол.
Өткен 2012 жылдың желтоқсан айында шекарашы Рейдің анасы ұлын хабарсыз кетті деп тануын сұрап сотқа шағымданған болатын. Алайда сот талап арызды қабылдамаған. "Біз апелляциялық шағым түсірдік, өз талабымызды орындатқанша дегенімізден қайтпаймыз. Қайткен күнде де мен кімдікі екені белгісіз бұл қалдықты жерлей алмаймын", - дейді Татьяна Рей.
Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Берлин қаласындағы Шарите құқықтық медицина институтының сарапшылары жүргізген сараптама кезінде Денис Рей мен Мейірхан Именовтікі деген сүйектердің нақты кімдікі екенін анықтау мүмкін болмады. Алайда өткен жылдың қыркүйек айында шекарашылардың ата-анасына олардың ұлдарының қаза тапқанын растайтын құжат берілген еді.

Естеріңізге сала кетейік, 2012 жылдың мамыр айының 27-нен 28-не қараған түні Қазақстан-Қытай шекарасындағы "Арқанкерген" шекара бекетінде 15 адам
мерт болды. Оның 14-і шекарашы, 1-і қорықшы. Қайғылы оқиғадан бірнеше күннен соң сол маңдағы қыстақтың бірінен Владислав Челах есімді шекарашы табылды. Артынша құқық қорғау органдары оның қызметтестерін өлтіргенін мойындауы жазылған бейнежазбаны таратты.
2012 жылдың 5 маусымында Президент Өкімімен Қазақстанда Ұлттық аза тұту күні жарияланды.
2012 жылдың 11 желтоқсанында сот Челахты 15 адамның өліміне кінәлі деп тауып, өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер