Фото: Kursiv.kz
Астана, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жұртшылықпен байланыс жөніндегі департамент директоры Арман Бердалин ақша бопсалағаны үшін Медеу аудандық ішкі істер басқармасының жедел өкілдері жауапкершілікке тартылғанын мәлім етті.
Алдымен департамент директоры ағымдағы жылдың 10 айында ұлттық бюроның Call-орталығына 18242 телефондық хабарлама келіп түскенін хабарлады.
Бердалиннің айтуынша, қоңыраулардың басым бөлігі мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша – 6849 қоңырау (37%) түскен. Оның ішінде мемлекеттік қызметке түсу бойынша – 4301 қоңырау (23%), ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің құзіретіне қатысты 2843 (17%) қоңырау.
Осы орайда Арман Бердалин түскен қоңыраулардың басым бөлігін ішкі істер органдарының лауазымды тұлғалары – 79, білім беру саласының қызметкерлері – 20, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері – 16, денсаулық сақтау саласының қызметкерлеріне - 15 қатысты шағым түсіргенін айтты.
Сонымен қатар департамент басшысы хабарлама арқылы ақша бопсалау фактісі анықталғанын жеткізді.
«Алматы қаласында 4,5 млн теңге айыппұлға Алматы қаласы Ішкі істер департаменті Медеу аудандық ішкі істер басқармасының жедел өкілдері жауапкершілікке тартылды. Олар ұрлық фактісі бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартпау үшін алаяқтық туралы мәлімдеушіден 2 мың доллар көлемінде ақша қаражатын бопсалаған. Қылмыс Сall орталыққа түскен хабарлама негізінде анықталды», - деді ол.
Сондай-ақ департамент басшысы Қарағанды облысында 3 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасына Осакаров аудандық ішкі істер бөлімінің аға тергеушісі тартылғанын хабарлады.
«Ол күдіктіге қатысты ұрлау фактісі бойынша қылмыстық істі қысқарту үшін 1000 доллар сомасындағы параны алған», - деді Арман Бердалин.
Оның айтуынша, Ұлттық бюроның Call-орталығына түскен хабарламалар негізінде тергеу жүргізілген. Нәтижесінде 2 қылмыстық іс сотқа жолданған және үкімдері шыққан, 1 қылмыстық іс өзге органға жолданған, 4 қылмыс құрамы болмауына байланысты қысқартылған.
Осыған дейін, Арман Бердалин, Атырауда облыстық мәслихат депутаты ірі көлемде пара алды деген күдікпен ұсталғанын хабарлаған болатын.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!