Алматыда патрульдік полиция қызметкеріне шабуыл жасалды - Оқиға|19 Шілде 2012, 12:05
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Алматыда патрульдік полиция қызметкеріне шабуыл жасалды

АЛМАТЫ. 19 шілде. Алматыда полиция қызметкерін қару қолдануға мәжбүр еткен азамат  көз жұмды.

Қалалық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кеше кешкі сағат  21:30 шамасында Жедел басқару орталығына Медеу ауданының тұрғыны хабарласып, Бөгенбай батыр мен Зенков көшелерінің қиылысында орналасқан шағын бақта араққа сылқия тойып алған белгісіз  азамат оған жұдырық ала жүгіргені жайлы шағымданған. Ал бұл уақыт ішінде басбұзар  көрші аулада арлы-берлі кетіп бара жатқан өзге азаматтардың да мазасын алып жатқан. Оқиға орнына келген «Боран-127» экипажына  болған жәйтті баяндаған жәбірленушінің айтуынша, ол кешкі салқынмен бес айлық баласын қол арбаға отырғызып, көше бойында орналасқан аллеямен серуендеп келе жатқан. Кенеттен оның артқы жағынан байқатпай келіп жұдырық жұмсаған ер адам балалы әйелді соққының астына алмақшы болады. Алайда ебін тауып сытылып шыққан әйел айналадағы адамдардан көмек сұрайды. Ешкімнің көмек қолын созбасын түсінген ол, дереу полиция органдарына хабар береді.

«Араққа сылқия тойып алған бұзақыны жәбірленуші жазбай таниды. Тәртіп сақшыларының қойған талабына бағынбаған басбұзар оны тыныштандырмақ болған полиция капитаны Санат Мысакеевтің бет тұсына соққы жасап,  оның әріптесі полиция сержанты Мұрат Әбіровтың кеуде тұсына бірнеше мәрте пышақ салады. 3 соққыны  оқ сауыты қорғап қалғанымен, қаскөй бұзақы оның сауыт қорғамайтын бүйір тұсынан бәрібір жарақат салып, жерге құлатады.

Жағдайдың ушығып бара жатқанын дереу бағамдаған, бұзақының қолынан басқа да азаматтардың зардап шегуі мүмкін екендігін түсінген полицей өзінің қызметтік тапаншасын пайдалануға  мәжбүр болады», - дейді  Медеу аудандық ІІБ  бастығы Бақыт Қасабеков. Оның айтуынша, басбұзар қарақшы бас тұсына тиген оқтан бас сүйек жарақатымен жақын   маңдағы ауруханалардың біріне жеткізілгенімен бүгін таңғы сағат жетілер шамасында жансақтау бөлімінде көз жұмды. Ал бүйір тұсынан дене жарақатын алған аатрульдік полиция полкінің сержанты дереу екінші жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді.

 Бүгінгі таңда осы оқиғаға байланысты ҚР ҚК-нің 257 бабының 1-бөлімі бойынша, яғни бұзақылық, сондай-ақ, полиция қызметкерінің өміріне қауіп тудыру фактісі бойынша ҚР ҚК-нің 24 бабы 3-бөлімі және 96 бабының 2-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Автор:


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер