Ақтөбеде жылқы іздеп жоғалғандар іздестіріліп жатыр - Оқиға|10 Қыркүйек 2018, 15:48
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Ақтөбеде жылқы іздеп жоғалғандар іздестіріліп жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Ақтөбеде мал іздеп кеткендер 10 күннен бері табылмай жатыр. 6 адам үйір жылқыны іздеп, үйлерінен 1-қыркүйекте шығып кеткен. Содан бері хабар жоқ. Туыстары «көрдім-білдім» деген ешкімді таппай отыр, деп хабарлайды Baq.kz аймақтағы тілшісі.

Мал іздеуге шыққан Ақтөбе облысындағы Шалқар ауданының алты тұрғыны жоғалып кетті. Олар 1-қыркүйек күні "УАЗ" көлігімен Ырғыз, Тәуіп және Арал ауданындағы Ақеспе ауылдарына қарай бет алған. 2 жыл бұрын жоғалған жылқыларын іздеуге шыққандар соңғы рет 3-қыркүйекте хабарласқан. Кешеден бері бұл ақпарат әлеуметтік желілерде таралып жатыр. Туыстары бүгін полицияға шағымданған. Іздеуге Ақтөбе облыстық әкімдігі мен төтенше жағдайлар департаментінен де көмек сұрапты. Соңғысынан тікұшақ қосуды өтініп отыр. Дегенмен, құтқарушылар тікұшақты жолға шығарудың әзірге қажеттілігі жоқтығын айтады. Себебі, жоғалғандардың нақты қай жаққа кеткенін ешкім білмейді.

"Жоғалғандар іздестіріліп жатыр. Менің білуімше, туыстары облыстық ІІД өтініш түсірген. Біздің қызметтің іздестіру жұмыстарына қосылуына әзірге қажеттілік жоқ. Себебі, табиғи апаттар қауіпі болмады. Біздің тараптан қандай да бір көмек керек болса, облыстық ІІД қызметкерлері хабарлайды. Туыстары жоғалғандардың нақты қай ауданда жүргенін, қай жерде болуы мүмкіндігін білмегендіктен тікұшақ қосылмады. Олар Ырғыздан Шалқарға, Байғанинге, Қызылордаға кетуі мүмкін деген болжамдар айтты. Сондықтан, мыңдаған шақырымдарды аралауға тікұшақ қарастырылмайды",-деді Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Қайрат Қасым.

Жоғалған алты адамның арасында бір үйдің екі ұлы бар. Мейірхан Қарақов 47 және Мейіржан Қарақов 42 жаста. Ұлдарының суреттерін әлеуметтік желіге әкесі жариялаған. Қастарына 59 жастағы кісі ерген. Тағы үшеуі екі жыл бұрын жоғалып кеткен 33 бас жылқыны көрдік деп хабарлаған үш шалқарлық. Әлеуметтік желі пайдаланушылары арасында ақсақалдың бір ұлын танығандар бар. Ал, Ақтөбе облысы ішкі істер департаментінің криминалдық полиция басқармасының мамандары іздестіру жұмыстарын бастаған.

Фото: әлеуметтік желіден алынған

«Олар ағымдағы жылы тамыздың 31-інде Шалқар қаласына жоғалған малдарын іздемек боп жолға шыққан. Бүгінгі күнге дейін үйлеріне оралмаған. Қазір жоғалғандарға қатысы кешенді іздестіру шаралары қолға алынды. Іздеу ісі қозғалды. Селолық округтардың учаскелік инспекторлары түгелдей жұмылдырылуда»,-деді облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Тәртіп сақшылары жоғалғандар туралы қандай-да бір ақпарат білетіндерге полицияға жүгінулерін сұрайды. Ағайынды Қарақовтарды көрген немесе қандайда бір мәліметтерді білген азаматтар Ақтөбе қалалық Заречный ПБ кезекші бөлімінің 8-(7132) 99-69-25, 99-68-02, 102 және Ақтөбе қалалық ІІБ Жедел басқару орталығының 98-45-44, ІІД КПБ іздестіру бөлімінің 98-00-77,98-77-00 телефондарына хабарласуларын сұрайды.

Облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, жылқы іздегендерді "Охотзоопром" мекемесінің қызметкерлері Ырғыз ауданының аумағында көрген. Тәртіп сақшыларына "олар Жезқазған қаласының маңындағы Ұлытау шатқалына қарай бет алды" деген ақпар түскен. Қазір іздестіру жұмыстарына тікұшақ қосу мәселесі ҚР ІІМ ТЖК қарастырылып жатыр.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер