Ақтөбеде көлік жарылып, үш адам ауруханаға түсті - Оқиға|13 Қыркүйек 2018, 12:11
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

Ақтөбеде көлік жарылып, үш адам ауруханаға түсті

Фото: xs.uz

Шаһар маңындағы өндірістік аймақта жанар-жағармай таситын көлік жарылысынан зардап шеккендердің екеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайлары ауыр, деп хабарлайды baq.kz аймақтағы тілшісі.

Төтенше жағдай 10-қыркүйекте «Sinooil» компаниясының жанар-жағармай сақтау қоймасында болған. Жарылыс кезінде көлік жанында тұрған екі оператор Зибагүл Түменбаева мен Серікбай Палванов 90 пайызға жуық күйік алған. Қазір екеуі де облыстық жедел жәрдем ауруханасының жансақтау бөлімінде жатыр. Көлік жүргізушісі Болат Сәрсенов те ауруханада. Ол оқиғаның мән-жайын айтып берді.

«Мені ауруханадан шығып кетті деп айтқан екен. Мен әлі осындамын. Жарақат бөлімінде ем қабылдап жатырмын. Аз адам айтса, мәселе де аз болады деп ойдаған шығар. Оқиға болған күні мен көлігімді толтыруға күндізгі сағат 13.30-да бардым. Жанар-жағармай құю көлігінің жанында екі оператор жұмыс істеп тұрды. Бір сыйымдылықты толтырғаннан кейін екіншісіне толтыруды бастаған кезде қайдан екенін білмеймін жарылыс болды. Үшеумізді де қатты толқын ұшырып жіберді. Көліктің ішінде отырған едім. Көліктен секіріп қаша бастадық. Оператор Серікбайдың үстіне жанармай сіңіп қалғандықтан бірден киімі жана бастады. Жүгіріп барып, оның үстін сөндіре бастадым. Өзімнің үстімдегі күртешем де жана бастады. Оны шешіп, сөндірдім. Артыма қарасам Зибагүл де жанып жатыр. Киімі денесіне жабысып қалған. Сөндіріп, қолынан тартып 10 метрдей жерге сүйреп апардым. Себебі, жалынның күші мықты болды», - деді Болат Сәрсенов.

Зардап шеккен үшеу жедел жәрдем қызметі оқиға орынана жеткенше мекеменің көлігімен ауруханаға жеткізілген. Көлік жүргізушісі Болат Сәрсеновтың сөзінше, екі күннен бері мекеме басшылары халін сұрап келіп жүр. Оқиға бойынша қазір арнайы комиссия құрылған. Индустриялық даму және өнеркәсіптікқауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаменті айналысып жатыр.

«Жұмыс енді басталды. Нақты ештеңе айта алмаймыз. «Sinooil» ЖШС облыстық филиалына тиісті көлік жарылды. Оқиғаның қалай, не үшін болғанын анықтаймыз. Сұрақ көп. Комиссия құрамына біздің департаменттің, еңбек инспекциясы мен мекеме өкілдері кірді. 10 күн ішінде нәтижесін шығарамыз», - деді Индустриялық даму және өнеркәсіптікқауіпсіздік комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Самат Тәждәулетов.

Жанған көлік ескі емес. Департамент өкілі Қытайда жасалғанын айтады. Оқиғаға қатысты Ақтөбе облыстық ІІД қызметкерлері қандадай да бір ақпарат бермеді. Оператор Зибагүл Түменбаева 53 жаста, ал, 30 жастағы Серікбай Палвановтың 5 баласы бар.


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер