BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары USD 384.53 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары EUR 432.02 BAQ.kz - Қазақстан жаңалықтары RUB 5.9
Астана:

Ақмола облысында 144 сауда орнының сатушылары жауапқа тартылды

Ақмола облысында жыл басынан бері 144 сауда орнының сатушылары түнгі уақытта ішімдік сатқаны үшін жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы облыстық IІД жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Руслан Мұсаев мәлімдеді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

17-26 қазан аралығында «Алкогольді ішімдіктерден бас тарт!» ұлттық онкүндігі жарияланған. Осыған орай ақмолалық полицейлер белсенді қызмет атқаруда. ІІД баспасөз қызметінің ақпаратынша, қоғамдық жерлерде ішімдік ішкен 8 мыңнан астам адамның 200-і жасөспірімдер екен. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Біз есепте тұрған маскүнемдерді тексеріп, әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істейміз. Бұл тұрмыстық сипаттағы қылмыстың алдын алып, азайтуға мүмкіндік береді. Жыл басынан бері 144 сауда орнының сатушылары түнгі уақытта ішімдік сатқаны үшін тиісті бап бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деді облыстық ІІД жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Руслан Мұсаев.

Ал, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Зәуреш Аманжолованың пікірінше, алкогольді ішімдіктен бас тарту шарасы он күнге ғана жалғаспауы тиіс.

«Алкогольді ішімдіктен бас тарту он күн ғана болмауы тиіс. Бұл шара, ең алдымен, не үшін және кім үшін қажет?! Әр саналы азамат осыны ұғынып, сол онкүндікке қарап қалмай, күнделікті күресіп отырғаны жөн. Бұл маңызды шара. Меніңше, осы онкүндіктен кейін қандай нәтижелерге қол жеткіздік, шараның азаматтарымызға әсері қандай болды деген сияқты қорытынды есеп келтіруіміз керек», - деді депутат.

Астана қаласы Денсаулық сақтау департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, елордада колледж студенттері 25 қазан күні онкүндік аясында бас қоспақ.

Арай Сүгірбай


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер