8 жасар баланы ит талап өлтірді - Оқиға|09 Қаңтар 2013, 08:57
Теңгенің бүгінгі бағамы жаңартылады
Астана:

8 жасар баланы ит талап өлтірді

Астана. 9 қаңтар. Baq.kz Алматы облысының Қарасай ауданына қарасты, Жаңа Шамалған ауылында жан түршігерлік оқиға болды. 8 жасар баланы тапа-тал түсте көрші үйдің иті талап өлтірген. Бүлдіршінді аудандық ауруханаға жеткізгенімен, ол есін жимастан жан тәсілім еткен. 

Әйгерім Мусина, тілші:
Дүкенге бет алған кішкентай Мәдиярды дәл осы контейнердің жанында ит талаған. Ең сорақысы, оқиға түскі сағат екіде орын алған. Алайда, баланың жан айқайын естіген ешбір жан жоқ. Сондықтан, ешкім көмекке де келмеген. Тек бірнеше сағаттан кейін ғана Мәдиярдың ағасы, оның жансыз денесін осы жерден тауып алған.

Ермек баланы көрген бетте оның басы, мойны, тамағының қатты тістелгенін және көз ұяшығының тесілгенін айтады. Дереу жедел жәрдем шақырып, туыстарына хабар бергенімен, бәрі де кеш болған.

Ермек Керімбеков, марқұмның ағасы:
Көзі ашық, талап тастаған ғой, көрініп тұр. Барып, тірі ме десем білмейміз, деді. Үйдегілерге хабарлап, өзім жедел жәрдемге кеттім. Сосын келіп жедел жәрдеммен алып кеттік.

Оқиға былай болған. Мәдиярды анасы, түскі асқа нан әкелуге, жақын маңдағы дүкенге жібереді. Олар тұратын көрші үйдің ауласында әлгі қаныпезер ит шынжырға байлаулы тұрған. Қарғыбаудан кенеттен босап кеткен төрт аяқты хайуан, балаға тап береді. Оны қауып, талап, нәтижесінде өлтіреді. Қазір полиция қызметкерлері әлгі итті ұстап, атып тастаған. Алайда, тұрғындар әлі де үйлерінен сыртқа шығуға қорқып отыр.

Бақытбек Жанысжанов, Жаңа Шамалған ауылдық округінің әкімі:
Ит ұсталды. Біз оны атып, ұстап алдық та, басын кесіп, қазір облыстық санэпидстанцияға алып кетті, сол жақта тексереді. Ит деген өте көп. Былтырғы төрт айдың ішінде 89 итті ұстап, өткіздік. Арнайы аудандық көлік алып, итпен жұмыс істегенбіз. Арнайы ветеринар дәрігерлер солармен жұмыс істейді.

Қаза болған Мәдиярдың әкесі құқық қорғау органдарына арыз түсірді. Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Мұндай оқиға Жаңа Шамалғанда алғаш рет болып отыр. Дегенмен, куә болғанымыздай, ауылда көше кезген иттер өте көп. Сорақысы, олардың көбі азық іздеген қаңғыбас иттер емес, жергілікті жауапсыз тұрғындардың хайуандары.

Әліпбай Үсенов, ауыл тұрғыны:
Ауылда қаңғып жүрген иттер көп, соны атып жоқ қылса, қожайындары да оны мойнына алмайды ғой. Көріп отырсыз ғой мына баланы не істегенін, бұрын-соңды мұндай оқиға болмаған. Адамға шаба бастады мына иттер, қиын жағдай ғой бұл.

Қазіргі уақытта көшелерде, саябақтар мен аулаларда қабаған келетін иттерді қарғыбаусыз, тұмсығына арнайы тұмылдырық кигізбей алып жүрген адамдарды жиі кездестіреміз. Олар маңынан өткен тұрғындардың ескертулеріне көп жағдайда құлақ аспайды, түсіністік танытпайды. Дегенмен, мұндай сұмдық оқиғадан кейін, бұл мәселеге ит иелері де, жергілікті билік өкілдері де назар аударады, деп сенеміз.

Әйгерім МУСИНА 


Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Ұқсас сілтемелер:
Пікірлер